
2023 жылға арналған балық ресурстарының өсімін молайту жөніндегі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын сақтау мақсатында ағымдағы жылдың 12 шілдесінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің «Жайық-Атырау бекіре балық
өсіру зауыты» РМҚК Жайық өзеніне шамамен 2,0 млн.дана пілмай, бекіре, шоқыр және сүйрік шабақтарын жіберді.

Шабақтарды табиғи мекендеу ортасына жіберу БАҚ өкілдері мен Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган, қоғамдық және ғылыми ұйымдар өкілдері қатысуымен комиссиялық түрде жүзеге асырылды.

Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытында жіберілетін шабақтардың көлемі 7,0 млн.дана екенін атап өткен жөн. Мемлекеттік тапсырысты орындау үшін бекіре зауыты жасанды ұрықтандыруды және зауыттық жағдайларда дернәсілдер мен шабақтар өсіруді жүзеге асыру үшін жыныстық өнімдерді (уылдырық пен шоғал) алғаннан кейін оларды кейіннен табиғи мекендеу ортасына жібере отырып, бекіре тұқымдас балық түрлерінің өндірушілерін өсімін молайту мақсатында аулауды жүзеге асырады.

Алайда, 2023 жылы Жайық өзенінің сағалық кеңістігінің қалыптасқан таяздануына орай мемлекеттік тапсырысты қамтамасыз ету үшін ауланған өндірушілердің жеткіліксіз санына байланысты бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын жіберу толық көлемде мүмкін болмады.

Бұдан басқа, 2023 жылы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде табиғи мекендеу ортасына ақсаха балық түрлерінің 75,6 млн.дана дернәсілдері жіберілді. Ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін қосымша 19,8 млн. дана тұқы балық түрлерінің шабақтарын жіберу көзделген.