
Суда айдындарында оттегінің жетіспеушілігінен туындайтын балықтардың қырылуын алдын алу мақсатында облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциялары балық шаруашылығы су айдындарын пайдаланушылармен, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен және еріктілермен бірлесіп қысқы кезеңде мелиорациялық жұмыстарды (мұз шұңқырларын бұрғылау, мұз ойықтарын ою, қамыс бауларын орнату, су айдау) тұрақты негізде жүргізеді.
2022 жылғы желтоқсаннан 2023 жылғы сәуірге дейін балық шаруашылығы су айдындарында 337 132 ойық ойылып, 9 311 мұз шұңқырлары бұрғыланды және 31 479 қамыс бауы орнатылды. Аталған іс-шараларға 4000-нан астам адам және 2000-ға жуық техника жұмылдырылды.
Сонымен қатар, 2022 жылдың жазғы-күзгі кезеңінде көктемгі су тасқынынан кейін бөлшектенген су айдындарынан балықтардың өтуін қамтамасыз ету үшін қатты өсімдіктерді шабу, су арналарды кеңейту шаралары өткізілді. Бөлшектенген су айдындары қашықтан орналасқан жағдайда балық пен оның шабақтары ауланып, негізгі су айдындарына тірі тасымалданады. Мәселен, 2022 жылдың күзгі кезеңінде күріштіктерден, балықтың қырылу қаупі бар және бөлшектенген су айдындарынан 85 млн.данадан астам бағалы балықтар мен олардың шабақтары құтқарылды.
Осылайша, балық қырылуының алдын алу бойынша ұйымдастырылған іс-шаралар балықтар мен басқа да су жануарларының тіршілік ету ортасында қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді және көптеген балық шаруашылығы су айдындарында балықтардың қырылуының алдын алады.
Бірақ қыс мезгілінде су айдындарында толығымен мұз қатуына және су деңгейінің төмендігіне байланысты Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының су айдындарында 2023 жылдың көктемгі кезеңінде балықтардың қырылу деректері тіркелді.
Шағын балық шаруашылығы су айдындарының көптігінен, қыс мезгілінде жол жүру мүмкін болмауынан және мелиорациялық жұмыстарды жүргізу үшін арнайы техникалық құралдармен қамтамасыз етілмегендігін ескере отырып, бүгінде саны 3 000-ға жуық шағын балық шаруашылығы су айдындарында балық қырылыуына қарсы іс-шаралармен толық қамтуды жүзеге асыру қиын.
Осыған байланысты, азаматтарды табиғатқа ұқыпты қарауға, қазіргі және болашақ ұрпақ үшін су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану ісінде белсенді болуға шақырамыз.