2023 жылғы 2 сәуірде әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Тобыл-Торғай облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы (бұдан әрі – Инспекция) Қостанай ауданы Коровье су айдынында балықтың қырылуы туралы ақпаратты анықтады.
Жедел түрде инспекция қызметкерлері ақпаратты тексеру үшін аталған су айдынына барды.
Су айдынында балық қырылуы дерегі расталып, орташа салмағы шамамен 30-50 грамм тұқы балықтары анықталды. Ағымдағы жылдың 2 сәуірі бойынша жиналған балықтың жалпы салмағы 97 кг. Балықтардың қатты ыдырауына байланысты зертханалық зерттеулер үшін сынама алу мүмкін болмады. Қостанай облысы әкімдігінің Ветеринария басқармасымен бірлесіп, қырылған балықтарды жинау және жою жұмыстары ұйымдастырылды.
Инспекция балықтардың (немесе) өлімі анықталған кездегі өзара іс-қимыл схемасына сәйкес барлық мүдделі органдарға (Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы, Қостанай облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Қостанай облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы, Қостанай облысы бойынша экология департаменті, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қостанай облыстық аумақтық инспекциясы) хабарлады.
2023 жылғы 3 сәуірде Қостанай облысы бойынша экология департаменті тиісті зерттеулер жүргізу үшін су сынамасын алатын болады.
Алдын-ала болжам бойынша балықтардың қырылуы оттегінің жетіспеушілігінен.
Толығырақ ақпарат қосымша хабарланады.
Анықтама: Коровье көлі Қостанай облысының Қостанай ауданында Заречное ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 500 м жерде орналасқан. Резервтік қордағы су айдынының ауданы 48 га.