Шардара су қоймасындағы балықтардың қырылуына қатысты ақпарат

Шардара су қоймасындағы балықтардың қырылуына қатысты ақпарат
2023 жылғы 6 наурызда рейдтік іс-шара барысында Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, Түркістан балық инспекциясы бөлімінің балық инспекторлары Түркістан облысы Шардара су қоймасының №1 учаскесінің жағасында балық шабақтарының жиналып қалғанын анықтады, сондай-ақ балықтардың қырылу фактісі тіркелді.
 
Көзбен қарау кезінде шабақтардан қабыршағының түсуі байқалды. Олардың көбі мөңке және сазан балықтары, салмағы орта есеппен 20-80 грамм.
 
Инспекция балықтардың қырылу қаупі және (немесе) өлімі анықталған кездегі өзара іс-қимыл схемасына сәйкес барлық мүдделі органдарға хабар берді. Шардара қаласы бойынша ветеринариялық қызмет зертханалық зерттеулер үшін шабақтардың сынамаларын алды.
 
2023 жылғы 7 наурызда Түркістан облысы бойынша Экология департаменті мен «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Арал филиалы су мен балықтан сынама алатын болады. Қосымша ақпарат түскен бойда жарияланады.
​
 Айта кету керек, 2022 жылдың 5 сәуірінде Түркістан облысы Шардара су қоймасының № 2 учаскесінің жағасында ("Vita" ЖШС-не бекітілген) балықтардың өлімі орын алған болатын. Алдыңғы жылғы зерттеу нәтижелері бойынша, балықтардың өлімі жұқпалы аурулардың (дерматомикоз) салдарынан болып, құзыретті органдар осы су қоймасындағы су мен балықтың халық тұтынуына жарамды екенін және адамдардың денсаулығына ешқандай қауіп төндірмейтінін анықтаған болатын.
 
Анықтама: Шардара су қоймасының № 1 учаскесі 2015 жылдан бастап «Нұралы» ЖШС-не кәсіпшілік балық аулауды жүргізу үшін бекітілген.