Жыл сайын балық шаруашылығы су айдындарын тасталған балық аулау ауларынан тазарту және жағалау аумақтарын жинау, сондай-ақ балық ресурстарын қорғауды жүзеге асыратын органдарға қатысты оң қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында республика бойынша «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы өткізіледі.
Осыған байланысты, Балық шаруашылығы комитеті төрағасының «Балық шаруашылығы су айдындарында «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясын өткізу туралы» 2023 жылғы 16 қаңтардағы № 30-9/5 бұйрығы бекітілді.
Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарындағы ауа райы-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, акция ағымдағы жылдың наурыз-мамыр айлары аралығында өткізілетін болады.
Ал, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында акция ағымдағы жылдың 15 сәуірінен 31 мамырына дейін жалғасады.
Қорытынды ақпарат акция аяқталғаннан кейін жарияланады.
Акцияға кез келген адам тұрғылықты жері бойынша балық шаруашылығы инспекциясына жүгіну арқылы қатыса алатынын естеріңізге сала кетейік.