Салқындатылған тағамдық балық өнімдерін экспорттау кезіндегі сараптама актісінің (сынақ хаттамасы) қолданылу мерзімі қайта қаралды

Салқындатылған тағамдық балық өнімдерін экспорттау кезіндегі  сараптама актісінің (сынақ хаттамасы) қолданылу мерзімі қайта қаралды

Балық шаруашылығы субъектілерінің ақпараты бойынша, салқындатылған балықты экспорттау үшін ветеринариялық құжаттарды ресімдеу мерзімі 10-нан 14 күнге дейін (кейде одан да көп), ал салқындатылған балықтың жарамдылық мерзімі 10 күнге дейін.

Іс жүзінде салқындатылған балықты өндіру күніне жасанды немесе табиғи су қоймасынан балық аулау күнін көрсетеді, аулаудың шығу тегі туралы анықтама алған кезде.

Осыған байланысты, балық шаруашылығы субъектілері сараптама актісін (сынақ хаттамасын) беру Қағидаларына (бұдан әрі – Қағида) салқындатылған ет экспортына ұқсас салқындатылған балық өнімдерін экспорттау кезінде оны берген кезден бастап, 1 ай ішінде сараптама актісін (сынақ хаттамасын) пайдалану бөлігінде өзгерістер енгізуді ұсынды.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қағидаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстарды қалыптастырып, оларды белгіленген тәртіппен қабылдау үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдады.

Осы мәселені пысықтау қорытындысы бойынша ҚР АШМ ұсыныстарды қолдады және ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 14 маусымдағы № 192 бұйрығымен Қағидаға тиісті өзгерістер енгізілді.

Енді сараптама актісін (сынақ хаттамасын) өндіріс объектісі бекіткен және ветеринария саласындағы аумақтық бөлімшемен келісілген өнімді мониторингтік зерттеу жоспары болған кезде балық өсіруді, сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектісінен салқындатылған балық өнімін экспорттау үшін оны берген кезден бастап 1 (бір) ай ішінде пайдалануға жол беріледі.

Бұл балық шаруашылығы субъектілеріне 1 ай бойы қолданылатын бір сараптама актісінің (сынақ хаттамасының) негізінде салқындатылған балықтың белгілі бір көлемін партиялармен экспорттауға мүмкіндік береді. Бұрын салқындатылған балықты экспорттау кезінде сараптама актісі (сынақ хаттамасы) бір рет пайдаланылып, өнімнің әрбір партиясына жеке сараптама актісі алынған. Ол шамамен 5 жұмыс күнін қамтиды.

Қағидаға өзгерістер 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енді.

Сараптама актісін (сынақ хаттамасын) беру қағидаларына енгізілген өзгерістерге байланысты, Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларын және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарға тиісті өзгерістер енгізу талап етілді, сондықтан бұл өзгерістер ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 24 қаңтардағы № 24 бұйрығымен енгізілді, осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Балық шаруашылығын дамыту үшін жағдай жасау мақсатында заңнаманы жетілдіру жұмыстары жалғасуда.

_____