Атырау қаласындағы көшелердің біріне Қазақ Кеңестік Соцалистік Республикасы Балық шаруашылығының тұңғыш министрі Ысқақ Махмұдұлы есімі берілді. Көше атауын беру рәсіміне Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Алмас Серікбайұлы қатысты.
Төраға орынбасары өз сөзінде: «Еңбек жолы Атырау облысындағы «Қызыл балық» колхозында бастау алып, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Балық шаруашылығының тұңғыш министрі ретінде саланың дамуына айрықша үлес қосқан. Ысқақ Өтеғалиев басшылығымен Республиканың балық шаруашылығы өндірістік-техникалық базасы қайта жаңғыртылып, облыстарда тоңазытқыш қондырғылар мен тоған шаруашылықтары бар балық комбинаттары және балық зауыттары салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Жайық-Каспий бассейндік жүйесінде бекіре балығын көбейту мақсатындағы бағдарламаның бекітілуіне бастамашы болған. Бүгінде Балық шаруашылығының тұңғыш министрі Ысқақ Махмұдұлы Өтеғалиевке көше аты берілуде. Осы орайда, жақын туыстарын айтулы күнмен құттықтаймын. Бұл сәт тарихта ерекше орын алатыны сөзсіз»,- деді
Игі шараға орай, Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің құттықтау хаты табысталды. Сонымен қатар, Балық шаруашылығы комитеті төрағасының бастамасымен Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытындағы кемеге Ысқақ Өтеғалиев есімі беріліп, ерекше құрмет көрсетілді.
Салтанатты шараға Атырау облысының әкімі, қала тұрғындары мен ардагерлер қатысты.