ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІН ПАЙДАЛАНУҒА АРНАЛҒАН БИОЛОГИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕМЕ ДАЙЫНДАУ ҚАҒИДАЛАРЫНА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ

ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІН ПАЙДАЛАНУҒА АРНАЛҒАН БИОЛОГИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕМЕ ДАЙЫНДАУ ҚАҒИДАЛАРЫНА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 18 қазандағы № 662 бұйрығымен ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің 2014 жылғы 4 сәуірдегі № 104-Ө бұйрығымен бекітілген жануарлар дүниесін пайдалануға биологиялық негіздемені дайындау қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, биологиялық негіздемені дайындау тәртібі, оның ішінде:

🔹Республикалық және халықаралық маңызы бар су айдындарының балық ресурстарын бағалау;

🔹Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы бекіре, теңіз және жартылай өтпелі балық түрлерінің жай-күйін бағалау;

🔹Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су айдындарынан шекті рұқсат етілген балық аулауды айқындау;

🔹Каспий итбалығы популяциясының санын есепке алу және балық өсіру-биологиялық негіздемесін дайындау әдістемесі нақтыланды.

Сондай-ақ, ауданы 500 гектарға дейінгі жергілікті маңызы бар су айдындарынан шекті рұқсат етілген аулау көлемін анықтау үшін гидрология, гидрохимия, азық базасы, ихтиология, уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері мен балық шаруашылығы субъектілерінің мониторингі деректері, сондай-ақ қор деректері мен ғылыми деректер негізінде кәсіпшілік қорын сараптамалық бағалау әдісі қолданылуы мүмкін екенін атап өткен жөн.

Бұл ретте, сынамаларды алу және өлшеулерді жүргізу мақсатында көрсетілген су айдындарына экспедициялық шығу міндетті емес.

Осы өзгерістердің нәтижесінде балық ресурстарын пайдаланушылардың шағын бизнес субъектілеріне бекітілген балық шаруашылығы су айдындарының кәсіпшілік қорларының жай-күйін бағалау үшін ғылыми зерттеулерге кететін шығындары азаяды.

Сонымен қатар, жергілікті маңызы бар шағын су айдындарында балық ресурстарын алып қоюға биологиялық негіздеме дайындау үшін ғылыми зерттеулер үш жылда бір рет жүргізіледі деп жоспарлануда.