
ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитетінің маңызды міндеттерінің бірі табиғи өсімін молайту үшін жағдай жасау, сондай-ақ жасанды өсімін молайтуды жүзеге асыру жөніндегі іс-шараларды іске асыру арқылы балық ресурстарын ұлғайту болып табылады.
Балық шабақтарын қолдан өсіріп, кейіннен табиғи мекендеу ортасына жіберу бойынша функцияларды мемлекеттік кәсіпорындар республикалық бюджет есебінен іске асырады, сондай-ақ жекеменшік балық өсіру кәсіпорындары арасында бәсекелестік негізде орналастырылады.
Жыл басынан бері мемлекеттік кәсіпорындар мен жеке балық өсіру шаруашылықтары 91,2 млн.дана құнды балық түрлерінің шабақтарын, оның ішінде 65,9 млн. дана ақсаха дернәсілдерін, 7,5 млн. дана бекіре шабақтарын және 17,8 млн. дана тұқытұқымдас балық түрлерінің біржазғы және екі жылдық шабақтарын өсіріп, табиғи мекендеу ортасына жіберді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қазан айында Балқаш көлі мен Қапшағай су қоймасын бәсекелестік ортада орналастырылған мемлекеттік тапсырыс шеңберінде сазан (тұқы), ақ амур және дөңмаңдай шабақтарымен балықтандыру жоспарланды.
Балық ресурстарын жасанды молайтуды жүргізу Балық шаруашылығы комитеті мен "Қапшағай уылдырық шашу-өсу шаруашылығы-1973" ЖШС (Алматы облысы) және "Сандель" ШҚ (Жамбыл облысы) арасында жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттарда көзделген.
Балқаш-Алакөл және Шу-Талас балық шаруашылығы инспекциялары мемлекеттік тапсырыстың орындалу барысына бақылауды және мониторингті жүзеге асыру мақсатында әкімдік, балық шаруашылықтары қауымдастығы және ғылыми ұйымдар өкілдерімен бірлесіп 2022 жылғы 15 және 17 қазанда осы шаруашылықтардың өсіру тоғандарында бақылау үшін аулау жүргізді. Нәтижесінде өсірілген шабақтардың орташа салмағы мен күтілетін саны шарттардың талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды.
Осыған байланысты, ағымдағы жылы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Балқаш көлі мен Қапшағай су қоймасын балықтандыру жұмыстары жүргізілмейтінін хабарлаймыз.
Сондықтан тапсырыс беруші Балық шаруашылығы комитеті атынан мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті шаралар қабылданбақ.
Аталған жеткізушілер тарапынан шарттық міндеттемелердің орындалмауына байланысты 2023 жылы Балқаш көлі мен Қапшағай су қоймасының балық аулау көлемін ұлғайту мәселесі қаралатын болады.
Айта кету керек, ағымдағы жылы осы су айдындарын балықтандыру жануарлар дүниесін пайдаланушылардың шарттық міндеттемелері шеңберінде жүзеге асырылады, олардың аяқталуы ағымдағы жылдың қазан айының соңына көзделіп отыр.