22 шілдеде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінде Ведомствоаралық зоологиялық комиссияның отырысында күтім балығын сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар түрлерінің тізбесінен алып тастау туралы мәселе қаралды.
Күтім балығы популяциясының жай-күйін оң бағалауға байланысты бұрын Каспий маңы мемлекеттерінің Қызыл кітаптарына енгізілгенін және кейіннен шығарылғанын атап өту қажет.
Көпжылдық ғылыми зерттеулердің нәтижелері Каспий теңізі акваториясы мен Маңғыстау облысының жағалауында күтім популяциясы санының қалпына келтірілгенін куәландырады. Ғалымдардың пікірінше, популяцияның жағдайы мен күтімнің тұрақты өмір сүру жағдайлары генофондтың сақталуын қамтамасыз ететін және олардың табиғи көбеюіне қауіп төндірмейтін шектерге дейін қалпына келтірілді.
Осыған байланысты зоологиялық комиссия күтімді Қазақстан Республикасының Қызыл кітабынан шығаруды ұсынды.
Бұл Каспий теңізінің қазақстандық секторында кәсіпшілік балық түрлерінің түрлік құрамын кеңейтуге мүмкіндік береді және Каспий маңы өңірінде балық шаруашылығын одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.
Зоологиялық комиссияның ұсынымы негізінде белгіленген тәртіпте Қазақстанның Қызыл кітабынан күтім балығын шығару туралы Үкімет қаулысының жобасы дайындалатын болады.