2022 жылғы 29 тамызда «Tiktok» желісінде судың қайтуы нәтижесінде балықтың қырылуы тіркелген бейнетүсірілім орналастырылған. Видео авторының айтуынша балықтардың қырылуы Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орын алған.
Қолданыстағы өзара іс-қимыл схемасына сәйкес жедел тәртіпте жұмыс тобының барлық мүшелері (жергілікті атқарушы органдар, балық шаруашылығы ғылыми ұйымдары, облыстың ветеринариялық қызметі, экология және полиция департаменттері, табиғат қорғау прокуратурасы) хабарланды.
Сол күні балықтың қырылуы мүмкін орындарды анықтау мақсатында Каспий теңізінің жағалауын зерттеуге Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының қызметкерлері жедел түрде жіберілді.
2022 жылғы 30-31 тамызда инспекторлық құрам бақылаудағы акваторияның едәуір бөлігін автомобиль және әуе көлігін пайдалана отырып тексерді.
2022 жылғы 1 қыркүйекте Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде «Жилая коса» учаскесінің жанында жағалаудан 4 км қашықтықта балықтардың қырылу орны табылды.
Экология және полиция департаменттері, ветеринариялық қызметтер және жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінен тұратын жұмыс тобы тиісті акт жасай отырып, су, топырақ және балық сынамаларын алу үшін балықтардың қырылу орнына баратын болады.
Қазгидрометтің мәліметтері бойынша, 2022 жылғы 18-23 тамыз аралығында Каспий теңізінде желқума-айдау құбылыстары байқалды, яғни су 5-тен 25 км-ге дейін шегінді және су массаларының күрт ығысуы кезінде балық аз су көлемімен ойыста қалғандықтан балықтың қырылуына себеп болды деп санауға болады.
Қосымша ақпарат шығу нәтижелері бойынша хабарланады.