
Балық және балық өнімдерін қадағалау ақпараттық жүйесінің жобасы таныстырылды
2022 жылғы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті “балық және балық өнімдерін қадағалау ақпараттық жүйесі" жобасының таныстыру ұйымдастырды, оған балық шаруашылығы субъектілерінің, қоғамдық бірлестіктердің және облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекцияларының өкілдері қатысты.
Таныстыруды осы жүйенің әзірлеушісі - "Airweb” Интернет компаниясы" ЖШС өткізді, ол бұрын конкурстық негізде ақпараттық жүйенің әзірлеушісі болып айқындалған болатын.
"Балық ресурстарын және басқа су жануарларын алу лимиттерін бекіту", "Балық ресурстарын алу квоталарын бөлу", "Балық ресурстарын және басқа су жануарларын аулауды есепке алу журналын жүргізу (кәсіпшілік журнал)" және "Балық шаруашылығы саласындағы әкімшілік деректерді жинау"модульдері ұсынылды.
Сонымен қатар, таныстырылым барысында қатысушылар осы жүйе туралы пікір алмасты, жобаны әзірлеушіге ақпараттық жүйені пысықтау бойынша ұсыныстар берілді.
Балық және балық өнімдерін қадағалаудың ақпараттық жүйесін құру және енгізу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 727 қаулысымен бекітілген "Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс" Ұлттық жобасында белгіленген іс-шаралардың бірі болып табылатынын атап өткен жөн.
Осы ақпараттық жүйені енгізу ағымдағы жылға жоспарланып отыр, ол балық шаруашылығы субъектілерінің өндірістік қызметін жеңілдетеді, олардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл процесін оңтайландырады, сондай-ақ рұқсат беру құжаттарын келісуді жеделдетеді. Бұдан басқа, балық және балық өнімдерінің шығу тегінің заңдылығын растайтын құжаттарды қалыптастыруға және беруге қатысатын мүдделі мемлекеттік органдардың жүйелерімен интеграциялау көзделетін болады.