Атырауда Алмағамбет көлінде балықтарды құтқару жұмыстары жүргізілуде

Атырауда Алмағамбет көлінде балықтарды құтқару жұмыстары жүргізілуде

Атырауда Алмағамбет көлінде балықтарды құтқару жұмыстары жүргізілуде

Атырау облысының Махамбет ауданына қарасты Алға ауылы маңындағы Алмағамбет көліне құйылатын сағасынан судың кетіп қалуына байланысты, балықтарды құтқару жұмыстары жүргізілуде.

Ұсақ шабақтар арнадан шығып, көлдегі қалың өскен жыңғылдардың арасынан шыға алмай қалған. Сонымен бірге, күннің ысуына байланысты, көлдегі оттегінің деңгейі азайып, шабақтар үшін қауіп төнген.

«Балық қорғау инспекторлары, жергілікті атқарушы орган өкілдері, ауыл тұрғындары мен еріктілерден құралған топ құтқару жұмыстарын жүргізуде. Сәуірдің 28-інен 29-на қараған түні арнадағы су ағысы қатты болып, шабақтар жыңғылдар арасына жиналып, балықтардың өлу фактісі орын алды. Өлген балықтар сүзіліп, санитарлық талаптарға сай жойылады. Ал, көлден 300 метр қашықтықта арнаның өзінде су терең, ол жерде балықтардың өлу фактісі жоқ»-, деді Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нұрлыбек Гайсин.

Сонымен қатар, облыстық Балық шаруашылығы басқарма басшысы Артур Сәдібекұлы балық өлу фактісінің алдын алу үшін облыс әкімдігімен арнайы іс-шара жоспары құрылып, қала, аудан әкімдіктерімен алгоритм бойынша жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ, соңғы аптада аталған су айдынында кезекшілікпен жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

-Айдынға су келмес бұрын, ауыл жастарымен, еріктілермен, инспекция қызметкерлерімен көлді тазалау жұмыстарын жүргіздік. Мәселен, құлаған ағаштар, қатты қалдықтар мен қоқыстарды тазаладық. Судың мөлшері 24 сәуірден бастап көбейе бастады. Сол кезден бері кезекшілікпен жұмыс жасап, су деңгейін қадағалап, өлу қаупі бар балықтарды тереңге жіберіп отырдық. Алайда, қазір судың қатты келуімен балықтар жыңғылға тіреліп, өте алмай қалып тұр. Ал, алдын алу үшін тор қою біздің құзырымызға кірмейді, деді Артур Сәдібекұлы.