С.Брекешев: жаңа балық өсіру шаруашылықтарын ашып, жеке инвестициялар тарту керек

С.Брекешев: жаңа балық өсіру шаруашылықтарын ашып, жеке инвестициялар тарту керек

Экология министрі Серікқали Брекешев Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісовті, комитетке қарасты аумақтық инспекциялар мен бағынысты ұйым басшыларымен кездесу өткізді.

Жиында министр комитеттің өткен жылы атқарған жұмыстарына оң бағасын бере отырып, осы саланы дамытуға орай бірқатар міндеттерді алға тартты.

Ведомство басшысы балық шаруашылығы саласы мемлекеттің негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың 22-ші қыркүйегінде Маңғыстау облысына іссапары кезінде балық өсіру және оны қайта өңдеу үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырған болатын. Министр аталған Балық шаруашылығы комитетіне осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

«Біз бірлескен күш-жігерімізбен заңнаманы жетілдіруді және мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтуді жалғастыруға, өсірілген тауарлы балық пен экспорт көлемінің өсуін қамтамасыз етуге, жаңа балық өсіру шаруашылықтарын ашуға және жеке инвестициялар тартуға тиіспіз. Ол үшін заңнама нормаларын, қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын, балық өсіру перспективасын түсіндіре отырып, әлеуетті инвесторларды белсенді тарту қажет»,- деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Бұдан басқа, министр Президент айтқан балық және балық өнімдерінің заңсыз айналымының, тыйым салынған аулау құралдарын пайдаланудың жолын кесуді, балық шаруашылығы су айдындарын бекітіп беруді, сондай-ақ заңсыз балық аулаумен күресті күшейтуді тапсырды.