
Бірқатар жаңалықтар интернет-ресурстарында (inform.kz, total.kz) www.energyprom.kz сайтында 2021 жылғы 28 желтоқсанда жарияланған мақалаға сілтеме жасай отырып, 2021 жылы балық өндірісінің көлемін 2 есе азайғандығы туралы жалған ақпарат белсенді түрде таратылуда.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті бұл ақпаратты шындыққа сәйкес келмейді деп ресми түрде жоққа шығарады.
ҚР Статистика жөніндегі ұлттық бюросының сайтында жарияланған ресми статистикалық есепке сәйкес, 2020 жылдың қаңтар-қараша айларында елімізде басқа тәсілмен дайындалған немесе консервіленген 11,6 мың тонна балық, уылдырық және оның алмастырғыштары өндірілді. Ағымдағы жылдың ұқсас кезеңінде бұл көрсеткіш 12,3 мың тоннаны құрады немесе 13,7% - ға артық.
Бұл ретте, Ұлттық статистика бюросының балықты пайдалану ресурстарының теңгерімін есептеу жөніндегі әдіснамасына сәйкес бұл көрсеткішке саны 100 адамнан кем кәсіпорындар кірмейді, ал балық саласында негізгі үлес тоқсан сайын есептілік ұсынатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі, тиісінше сайтта орналастырылған 2021 жылғы көрсеткіште ағымдағы жылдың 4 тоқсанындағы кәсіпорындардың өндіріс көлемі ескерілмеген.
Бұдан басқа, 12,3 мың тонна көрсеткіші қорытынды көрсеткіш болып табылмайды (2021 жылдың 11 айында) және өңдеуші кәсіпорындардың жұмысын ескере отырып, желтоқсанда жылдық көрсеткіш өседі.
Осылайша, бұл деректер, керісінше, 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы балық өнімдерін өндіру көлемінің өскенін көрсетеді.
Республика бойынша 2020 жылдың 11 айында балық аулау 45,3 мың тоннаны құрады, ал ағымдағы жылдың осындай кезеңінде 48,6 мың тонна ауланған, яғни өсім өткен жылдың деңгейіне қарағанда 7,3% - ды құрайды.
Жалпы республика бойынша 2021 жылдың қаңтар-қазан айларында өңделген және консервіленген балық, шаян тәрізділер мен моллюскалар өндірісінің көлемі 87,1 мың тонна балықты құрады. 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемі 10% - ға немесе 8,8 мың тоннаға өсті.
Балық шаруашылығы балық саласы дамуының өсу нүктесі болып табылады. Сондықтан, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 208 қаулысымен Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның негізгі индикаторы өсірілген балық көлемін 2030 жылға қарай жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайту болып табылады.
Бұл үшін мыңнан астам жаңа балық өсіру шаруашылықтары құрылатын болады.
Ағымдағы жылы 2020 жылмен салыстырғанда балық өсіру шаруашылықтарының саны 40% - ға ұлғайды. Бұл ретте 2021 жылы өсірілген балық көлемі 13,1 мың тоннаны құрады, бұл 2020 жылға (9,0 мың тонна) қарағанда 31% - ға жоғары.
2021 жылы балық өндірісі бойынша жалпы қуаттылығы 10 мың тонна 9 инвестициялық жобаны іске асыру бойынша 3,2 млрд.теңгеге жуық жеке инвестициялар тартылды.
Бұдан басқа, ағымдағы жылы 2022 жылдан 2025 жылға дейін аяқтау мерзімімен 129 мың тонна балық өсіру көлемімен 32 жобаны іске асыру басталды. Шамамен 182 млрд. теңге инвестиция тарту көзделіп отыр.
Ағымдағы жылы әртүрлі әкімшілік кедергілерді болдырмайтын, рәсімдерді оңайлататын, нарық субъектілерінің мүмкіндіктерін кеңейтетін және олардың балық өндіруге арналған шығыстарын төмендететін бірқатар заңнамалық бастамалар қабылданды.
Айтылғандарды негізге ала отырып, ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитеті БАҚ өкілдерінен қоғамда қате пікір қалыптастыруға алып келуі мүмкін бұрмаланған ақпараттың таралуына жол бермеу мақсатында сенімді ақпарат көздеріне сүйенуді сұрайды.
Қазақстан Республикасы
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрлігінің
Балық шаруашылығы комитеті