Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған
бағдарламасы туралы
«Балық шаруашылығын дамыту мәселелері туралы» ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 208 қаулысымен Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді.
Бағдарламаның мақсаты халықтың балық өнімдерімен қамтамасыз етілуін арттыру және балық шаруашылығын (акваөсіруді) дамыту үшін жағдай жасау болып табылады.
Бағдарлама Индикаторлары:
Бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 609,4 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджет есебінен – 99,6 млрд.теңге, жергілікті бюджеттер есебінен – 169,2 млрд. теңге және бюджеттен тыс қаражат есебінен – 340,5 млрд. теңге.
Бағдарлама аясында 1200-ден астам балық өсіру шаруашылығын құру жоспарлануда.
Мемлекет басшысының балық саласын дамытуды мемлекеттік қолдау мәселесін қарауға қатысты тапсырмасын орындау үшін 2023 жылғы 13 қыркүйекте Үкімет қаулысымен Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасына өзгерістер енгізілді.
Осылайша, қаулы шеңберінде балық шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларының кешені әзірленді:
- балық шаруашылығы субъектілеріне кредит беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау;
- акваөсіру (балық шаруашылығы) субъектілеріне су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау;
- балық өнімдерін қайта өңдеуді субсидиялау;
- балық шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды төмендетілген пайыздық мөлшерлеме бойынша сенім білдірілген агент арқылы бюджеттік кредиттеу.
Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мақсатында Бағдарламада мемлекеттік қаржылық қолдау алушылар үшін қарсы міндеттемелерді енгізу көзделген.
Сонымен қатар, бизнес жүргізуді жеңілдету, акваөсіру объектілерінің көлеңкелі айналымын болдырмау және статистикалық есепке алуды неғұрлым толық қамту, акваөсіру субъектілерінің тізілімін қалыптастыру үшін акваөсіруді дамыту мониторингінің ақпараттық жүйесін құру және енгізу жөніндегі іс-шара көзделген.
Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер және қарулы күштер жүйесінде мемлекеттік қоғамдық тамақтандыру ұйымдарының басым тәртіппен өсірілген, сондай-ақ өңделген балықты сатып алу тетігін енгізу арқылы отандық балық өнімдерін өндірушілерді қолдау жөніндегі іс-шара көзделген.
Сондай-ақ, балық ресурстарын сақтау және өсімін молайту, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, балық өнімдерін өткізу, сондай-ақ кәсіпшілік балық аулау мен балықты қайта өңдеуді дамыту, мемлекеттік балық питомниктері мен бекіре балық өсіру зауытының өндірістік базасын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі жаңа іс-шаралар енгізілді.
Тұтастай алғанда, бағдарламаның іс-шараларын іске асыру балық өсіру көлемінің өсуіне, балық өнімдерін ішкі тұтынуды ұлғайтуға, негізінен ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға және инвестициялар тартуға ықпал ететін болады, сондай-ақ балық шаруашылығы субъектілерінің мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділігін кеңейтетін болады және ең бастысы балық саласының дамуына серпін беретін болады.