Сыбайлас жемқорлықпен күрес – мемлекеттік басқару жүйесіндегі ең өзекті әрі күрделі мәселенің бірі. Бұл құбылыс қоғамның мемлекеттік институттарға деген сеніміне, ұлттық ресурстарды тиімді пайдалануға және еліміздің халықаралық аренадағы имиджіне теріс ықпал етеді. Әсіресе аграрлық саланы басқару, оның ішінде балық шаруашылығы саласы ашықтық пен жауапкершіліктің жоғары деңгейін талап ететін бағыттың қатарында. Сондықтан сыбайлас жемқорлықты терең зерделеу, тәуекелдерді нақты анықтау және алдын алу тәсілдерін жетілдіру – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің басым бағыттарының бірі болып саналады.
Мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жаңғырту бойынша ауқымды реформалар жүргізіліп келеді. 2022–2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы да қабылданғаны белгілі.
Ағымдағы жылдың 8 қыркүйегінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі А. Бердалиннің төрағалығымен Балық шаруашылығы комитетінің басқарма басшылары және облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекция басшылары мен орынбасарларының қатысуымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жұмыс кеңесі ұйымдастырылып, Заң талабы сақталмаған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылғаны жайлы ескертілді. Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы тоқсан сайын мемлекеттік қызметшілермен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында жиын өткізді. Комитеттің және облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекцияларының Әдеп жөніндегі уәкілдері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ұшыраған лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілермен жүйелі түрде профилактикалық жұмысты ұйымдастырды. Атап айтқанда, жыл басынан бері 88 түсіндіру шарасы, 29 оқыту семинары және 84 жиналыс өткізді. Нәтижесінде 2025 жыл бойынша әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылық, мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін әрекеттер орын алған жоқ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Балық шаруашылығы комитеті бұл бағытта шаруашылық иелері, ғылыми өндірістік орталықтары және басқармаға бағынысты облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекцияларымен бірлесіп жұмыс жүргізіп келеді.
Сонымен қатар нәтижелі көрсеткішке цифрландыру ісі ерекше ықпал етті. Қазіргі уақытта Комитет және Облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекцияларының мамандары құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп Қазақстан Республикасы табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактілерін анықтау және жолын кесу мақсатында жыл басынан бері 1950 рейдтік іс-шара өткізді. Іс-шаралар кезінде әуесқой балықшылармен қолданыстағы заңнаманы сақтау мәселесі мен сыбайлас жемқорлық профилактикалық шаралары түсіндірілді.
Жемқорлық – мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін аса қауіпті індет. Сондықтан оған қарсы күресте ең алдымен құқықтық сауатты арттырудың маңызы орасан зор. Мемлекеттік қызметкерлер «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талаптарын қатаң сақтай отырып, әрбір құқықбұзушылық үшін жеке жауапкершілік жүктелетінін жақсы білуі тиіс. Бұл – барлығына қойылатын басты талаптың бірі.
С. СЕРМАҒАМБЕТОВ
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігі
Балық шаруашылығы
комитетінің төрағасы