Қазақстанның балық шаруашылығының негізін су айдындарының балық шаруашылығы қоры құрайды. Оның құрамына Каспий және Арал теңіздерінің акваториялары, Балқаш, Зайсан көлі, Алакөл көлдер жүйесінің су айдындары (Алакөл, Сасықкөл, Қошқаркөл), Бұқтырма, Өскемен, Шүлбі, Қапшағай, Шардара су қоймалары, Іле, Ертіс, Сырдария, Жайық, Тобыл, Нұра, Шу өзендері және балықтың 70-тен астам түрі, оның ішінде коммерциялық тұрғыдан неғұрлым құнды түрлері (көксерке, сазан, ақ амур, дөңмаңдай т.б.) мекендейді.
Балық шаруашылығы комитеті Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы № 955 қаулысымен құрылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 3 қаңтардағы № 426 Жарлығына сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі оған Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрілігінің балық шаруашылығы саласындағы функциялары мен өкілеттілігі беріліп қайта құрылды.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында стратегиялық, реттеушілік, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын ведомство болып табылады.
Қызметтің негізгі бағыттары:
балық аулау-балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау;
балық өсіру-кәсіпкерлік қызмет мақсатында балықты жасанды жолмен көбейту және өсіру.
Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы Үкіметтің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 208 қаулысымен бекітілген.
2030 жылға дейінгі бағдарламада мынадай негізгі индикаторлар айқындалған:
- балық өсіру көлемін жылына 7-ден 270 мың тоннаға дейін арттыру;
- балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 67-ден 134 мың тоннаға дейін ұлғайту;
- балық өнімдерінің экспортын жылына 30-дан 181 мың тоннаға дейін ұлғайту.
Балық шаруашылығын дамыту мақсатында заңнамалық деңгейде келесі шаралар қабылданды:
- бұрын кәсіпшілік балық аулауға бекітілген балық шаруашылығы су айдындарын балық шаруашылығын жүргізуге арналған су айдындарына ауыстыру қағидалары бекітілді;
- балық шаруашылығын жүргізу үшін шарт жасасудың нақты мерзімі 49 жылға белгіленген (бұрын 5 жылдан 49 жылға дейін болған);
- Даму жоспарлары аясында балық өсірушілерге қойылатын артық талаптар алынып тасталды.
Сонымен қатар:
- бизнес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды өтеуден босатылды;
- су қорғау белдеуінде балық өсіру шаруашылықтарын орналастыру бойынша шектеулер алынып тасталды;
- кәсіпшілік балық аулау субъектілеріне бекітілген су айдындарында тор қоршамада балық шаруашылығын ұйымдастыру құқығы берілді;
- балық өсіру тоғандары мен бассейндерін салу кезінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу бойынша талаптар алынып тасталды.
Осы уақытқа дейін балық өсірушілер балық шаруашылығына салынған инвестициялардың 25% – ын өтеу түрінде мемлекеттік қолдау алды, сондай-ақ балықтың үш түрі-бекіре, тұқы балық, албырт балығы бойынша қорек сатып алу кезіндегі шығыстардың 30% - ы субсидияланады.
2022 жылы субсидияланатын балық түрлерінің тізбесі жайын, лат, цихлид, сондай-ақ шаян тәрізділермен кеңейтілді.
Сондай-ақ, құқықтық акт қабылданды, онда шығыстардың 50%-ына дейінгі өтеу бойынша: балық өсіру-биологиялық негіздемелердің құнынан; балық өсіру материалын сатып алуға; бағалы балық түрлерінің толықтандыру-аналық табындарын сатып алуға және күтіп-ұстауға; дәрілік препараттарды сатып алуға субсидиялардың жаңа түрлері көзделген.