10-19 қазан аралығында Qazvolunteer.kz бірыңғай онлайн платформасында «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының алғашқы кезеңі – онлайн дауыс беру өтеді. Техникалық іріктеу нәтижесінде 235 үміткер байқауға қатысып жатыр.
Мемлекет басшысының бастамасымен тағайындалған сыйлық қоғамға пайдалы әрі әлеуметтік маңызы бар істерге үлес қосқан волонтерлерге, волонтерлік топтарға, волонтерлік ұйымдарға және халықаралық ұйымдарға беріледі.
Алты жыл ішінде Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден 297 волонтер аталған сыйлықтың иегері атанды.
Биыл сыйлық волонтерлік қызметтің түрлі бағыттарын қамтитын 15 аталым бойынша табысталады. Олардың қатарында әлеуметтік жобалар, білім беру, жануарлар мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамалар бар.
Дауыс беруге кез келген адам қатысып, өзі таңдаған волонтерге қолдау көрсете алады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Астанада қазақ тіліндегі заманауи контентті дамытуға, оның мазмұнын жетілдіруге және елдің ақпарат кеңістігін қалыптастырудағы жастардың рөліне арналған «МАЗМҰН: Мағынадан басталатын контент» республикалық жастар конференциясы өтті.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің өкілдері мен еліміздің барлық өңірінен келген белсенді жастар қатысты. Конференция тәжірибе алмасуға, жаңа идеяларды ортаға салуға және кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік берді.
Жиында ұлттық болмысты сақтай отырып, аудиторияның қазіргі сұранысына сай қазақ тіліндегі контентті одан әрі дамыту мәселесі талқыланды. Қазіргі авторлардың сапалы, мазмұнды әрі қоғамға пайдалы контент ұсынуы маңызды екені айтылды.
Кездесу барысында жастар бастамаларын қолдау, шығармашылық қабілеттерін дамыту, цифрлық дағдыларын жетілдіру және жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік жасау бағытында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар да аталып өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Қазақстанда жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, баспаналы болуына, кәсіп бастауына, шығармашылықпен айналысуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жан-жақты қолдау көрсетіледі. Жастардың қабілетін шыңдап, өз мүмкіндігін жүзеге асыруына қажетті жағдай жасауға айрықша мән беріледі.
Осы бағытта елімізде білім беру және тұрғын үй бағдарламалары жетілдіріліп, жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бастамаларын қолдау шаралары жүзеге асырылады. NEET санатындағы азаматтарды әлеуметтік ортаға бейімдеу бойынша да жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.
Сонымен бірге жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру мен креативті индустрияларды дамытуға басымдық берілген. Бүгінде барлық өңірде креативті орталықтар жұмыс істейді. Бұл алаңдар жас авторлар мен шығармашылық сала өкілдерінің жобаларын дамытуына, кәсіби байланыс орнатуына және жаңа бастамаларын іске асыруына мүмкіндік береді.
Жастар саясатының маңызды бағыттарының бірі – жас азаматтарды қоғамдық және мемлекеттік үдерістерге белсенді тарту. Осы мақсатта олардың өкілдігін арттыру, Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру және волонтерлік қозғалысты дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Белсенді әрі бастамашыл жастарға да қолдау көрсетіледі. Бұл бағытта «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты шығармашылық, әлеуметтік және кәсіпкерлік жобаларды дамытуға жол ашады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Қонаев қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған «Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» жобасы аясындағы үш күндік оқыту семинар-тренингі басталды.
Жобаның мақсаты – жастар ресурстық орталықтары мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру.
Үш күн бойы еліміздің әр өңірінен келген жастар ресурстық орталықтарының мамандары мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың заманауи тәсілдерімен танысып, басқару және коммуникациялық дағдыларын жетілдіреді. Қатысушылар жасанды интеллект технологияларын қолдану жолдарын да меңгереді.
Оқыту бағдарламасында жастармен тиімді жұмыс жүргізу, бұқаралық ақпарат құралдарымен және әлеуметтік желілермен байланыс орнату, көпшілік алдында сөз сөйлеу дағдыларын дамытуға мән берілген. Одан бөлек жасанды интеллектіні қызмет барысында қолдану, талдамалық материалдар әзірлеу және контент дайындауға пайдалану мақсатында жан-жақты қарастырады.
Биыл жоба бойынша осымен үшінші семинар ұйымдастырылып жатыр. Бұған дейін оқыту Семей мен Ақтөбе қалаларында өтті. Алдағы уақытта Тараз және Петропавл қалаларында жалғасады.
Қазір елімізде жастарға ақпараттық-кеңестік, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсететін 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Жоба осы орталықтардың кадрлық әлеуетін нығайтып, өңірлерде мемлекеттік жастар саясатының нәтижелілігін арттыруға ықпал етеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Астанада Қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған мемлекеттік саясаттың жаңа тетіктеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен Фридрих Эберт атындағы қор және «Дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігімен бірлесіп, Үкімет қаулысын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылды.
Баспасөз конференциясына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Светлана Имашева, Бас прокуратураның, Мәдениет және ақпарат, Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері, сарапшылар, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екені атап өтілді. Кейінгі жылдары бұл бағыттағы заңнама жетілдіріліп, құқық қорғау органдарының, әлеуметтік қызметтердің және дағдарыс орталықтарының жұмысы күшейтілгені айтылды.
Іс-шара барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткендерге арналған психологиялық түзету бағдарламасының алғашқы нәтижелері таныстырылды. Сонымен қатар интервенциялық қолдаудың ұлттық үлгісін қалыптастыру және зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты ұсыныстар ортаға салынды.
Кездесу қорытындысында Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйесін одан әрі дамыту мақсатындағы алдағы міндеттер айқындалды.
Қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда мемлекеттік органдардың, денсаулық сақтау жүйесінің, құқық қорғау құрылымдарының, үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылардың бірлескен жұмысы ғана нәтижеге жеткізетінін атап өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасында 2026-2028 жылдарға арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер. Бейбітшілік. Қауіпсіздік» күн тәртібі шеңберіндегі 1325-қаулысын іске асыру жөніндегі екінші ұлттық іс-қимыл жоспары бекітілді.
Құжат әйелдердің бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға, жанжалдардың алдын алу мен оларды шешу ісіне белсенді араласуына, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға және мемлекет пен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысын күшейтуге бағытталған.
Алғашқы ұлттық іс-қимыл жоспары бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолында гендерлік теңдік қағидаттарын орнықтырып, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы тиімді әріптестіктің дамуына тың серпін берді.
Жаңа жоспар климаттың өзгеруі, цифрландыру, ақпараттық қауіпсіздік, көші-қон үдерістері және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер сияқты бүгінгі күннің өзекті сын-қатерлерін ескере отырып жаңартылды.
2026-2028 жылдарға арналған жоспарға жалпы 40 іс-шара енгізілген.
Құжатты іске асыруға мемлекеттік органдармен қатар, жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар және халықаралық қауымдастық өкілдері қатысады.
Екінші ұлттық іс-қимыл жоспарының қабылдануы Қазақстанның халықаралық міндеттемелерді орындауға деген дәйекті ұстанымын айғақтайды. Құжат гендерлік теңдікті ілгерілетуге, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әйелдердің әлеуетін арттыруға әрі елдің орнықты дамуына жол ашады.
Айта кетейік, 2004 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 1325-қаулысын ұлттық деңгейде іске асыруға шақырған болатын. Сол жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы гендерлік теңдікті қолдау жөніндегі іс-қимыл жоспарын қабылдап, ұйымға мүше 57 мемлекетті «Әйелдер. Бейбітшілік. Қауіпсіздік» күн тәртібін жүзеге асыруға қолдау көрсетуге міндеттеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Астанада жас сарапшыларға арналған Jastar Research Hub акселераторының ресми ашылуы өтті. Жобаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында ұйымдастырды.
Жобаға еліміздің барлық өңірінен келген жас зерттеушілер, аналитиктер және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Білім беру бағдарламасына қатысу үшін конкурстық іріктеуден өткен 250-ден астам үміткердің ішінен 20 финалист таңдалды.
Акселератордың білім беру бағдарламасы 3 шілдеге дейін жалғасады. Бір апта бойы қатысушылар мемлекет қайраткерлерімен, аналитикалық орталықтардың жетекшілерімен, зерттеушілермен және сарапшылармен кездеседі.
Жобаның негізгі мақсаты – қоғамдық үдерістерді зерттеп қана қоймай, ел дамуына қатысты өзекті мәселелер бойынша нақты шешімдер ұсына алатын жас аналитиктер мен зерттеушілер буынын қалыптастыру. Оқу қорытындысы бойынша қатысушылар өздерінің аналитикалық баяндамалары мен ұсынымдарын таныстырады. Үздік түлектер «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының жас сарапшылар пулына қосылады.
Іс-шара барысында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Талдықорғанда «Әке. Отбасы. Болашақ» атты XI республикалық әкелер форумы өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, депутаттар, педагогтер, психологтар, мәдениет қайраткерлері және еліміздің барлық өңірінен келген белсенді әкелер қатысты.
Форумның негізгі тақырыбы – отбасы институтын нығайту және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің рөлін арттыру. Алғашқы сессия барысында қатысушылар ұлттық құндылықтардың, әлеуметтік жобалардың және медиа кеңістіктің отбасы құндылықтарын қалыптастырудағы маңызын талқылады.
Екінші сессияда қазіргі заманғы бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелер айтылды. Атап айтқанда, әкелер институтын мемлекеттік қолдау, цифрлық орта мен әлеуметтік желілердің ықпалы, бұқаралық ақпарат құралдарында әкенің оң бейнесін қалыптастыру, сондай-ақ әкенің эмоциялық қолдауының баланың психологиялық саулығына әсері сөз болды.
Жиын соңында «Әкелер одағының» белсенді мүшелерін марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шараның жалғасы ретінде 27 маусым күні отбасы құндылықтарын насихаттауға, салауатты өмір салтын дәріптеуге және қоғамдағы әкенің рөлін нығайтуға бағытталған «Шаған тау – 2026» марафоны өткізіледі.
Форум жыл сайын Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі тарапынан ұйымдастырылады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
2026 жылғы 21-27 маусым аралығында Астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Debat Eli Academy ұлттық пікірсайыс академиясы өтіп жатыр. Іс-шара Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің қабырғасында ұйымдастырылды.
Еліміздің әр өңірінен өтінім берген 700 оқушының арасынан үздік шыққан 60 оқушы пікірсайыс өнерін меңгеретін болады. Іріктеу кезеңі мотивациялық эссе жазу, шығармашылық тапсырмаларды орындау және әңгімелесуден тұрды.
Пікірсайыс өнері қазақ және ағылшын тілдерінде оқытылады. Академияның жаттықтырушылары қатарында ел чемпиондары мен дебат қозғалысының белгілі өкілдері бар. Сонымен қатар тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстанға Ирландиядан әлемдегі ең танымал пікірсайысшылардың бірі, Оксфорд мектептерінің дебат жаттықтырушысы Энди Куллинан арнайы келді.
Академияның мақсаты – оқушылардың пікірсайыс дағдыларын жетілдіру, сыни ойлау қабілетін дамыту, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру және өз ойын дәлелді жеткізе білуге үйрету. Оқу бағдарламасы теориялық дәрістер мен тәжірибелік пікірсайыс ойындарын қамтып, көшбасшылық қасиеттер мен қоғамдық белсенділікті дамытуға бағытталған.
Оқу қорытындысы бойынша Қазақстанның 20 өңірінен үздік қатысушылар іріктеліп, Академия құрамына қабылданады.
Ұлттық пікірсайыс академиясы биыл үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Қатысушылардың жатын орны, тамақтануы және оқуына қатысты барлық шығын ұйымдастырушылар есебінен қамтамасыз етіледі.
Алдыңғы жылдары академиядан өткен жастар бүгінде дебат қозғалысының белсенді мүшелеріне айналып, өңірлік және республикалық турнирлерде жоғары нәтижелер көрсетіп жүр.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
«Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық конкурсына қатысуға өтінім қабылдау аяқталды. Биыл байқауға еліміздің барлық өңірінен 3611 өтінім келіп түсті. Бұл отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған бастамалардың қоғам тарапынан кең қолдау тауып отырғанын көрсетеді. Оның ішінде 2024 отбасы өз еркімен қатысуға өтінім берсе, 1583 отбасы жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың бастамасымен байқауға қосылды.
Ең көп өтінім Қарағанды және Жетісу облыстарынан, сондай-ақ Астана қаласынан түсті.
Конкурс екі кезең бойынша өтеді. Алдымен аудандық және қалалық деңгейдегі комиссиялар құжаттарды қарап, облыстық кезеңге жолдама алатын отбасыларды анықтайды. Одан кейін облыстық, республикалық маңызы бар қалалар және елорда комиссиялары республикалық кезеңге қатысатын жеңімпаздарды іріктейді.
«Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық конкурсы лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі 2026 жылғы 11 қыркүйекте Астана қаласында Отбасы күні қарсаңында өтеді.
Ұлттық конкурс дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға, отбасы институтын нығайтуға және оның қоғамдағы орнын айқындай түсуге бағытталған. Байқау өткізілген жылдар ішінде оған Қазақстанның барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқан.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі