Астана қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Халық Кеңесінің өкілдері этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдардың мүшелері және жастармен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан Халық Кеңесі қызметінің негізгі бағыттары, қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту және ел бірлігін нығайтудағы этномәдени бірлестіктердің рөлі талқыланды.
Сондай-ақ жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы мен ашық диалогты дамыту мәселелері сөз болды.
Жиын соңында қатысушылар өз ұсынысын ортаға салып, алдағы бірлескен жұмыстың бағыттарына тоқталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Түркістан қаласындағы Достық үйінде этносаралық қатынастар саласындағы құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған семинар өтті.
Іс-шараға ғылыми қауымдастық пен жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ құқық саласының мамандары қатысты.
Семинар барысында этносаралық қатынастарды құқықтық тұрғыда реттеу негіздері, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, құқық бұзушылықтардың алдын алу, ұлтаралық араздық пен кемсітуге жол бермеу секілді мәселелер айтылды.
Жиында Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстанудың маңызы айрықша мән берілді. Қатысушылар қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда заң талаптарын орындау, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және қоғамдық келісімді нығайту маңызды екенін атап өтті.
Семинар соңында қатысушылар пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Іс-шараны Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Астанадағы Достық үйінде Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және жастармен кездесті.
Кездесуге депутаттар Сергей Пономарев, Евгений Больгерт және Шерзод Пулатов қатысты. Олар Құрылтай жұмысының негізгі бағыттары, заңнамалық бастамалар мен депутаттық қызметтің басымдықтары жөнінде айтып берді.
Жиында ел бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді сақтау және мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Ашық пікір алмасу барысында этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жастар депутаттарға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Республикалық «Мың бала» жобасы аясында Алматы қаласы мен Қостанай облысында балалар мен жасөспірімдердің мемлекеттік тілге, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қызығушылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар өтті.
Алматыда оқушылар арасында мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтайтын байқау ұйымдастырылды. Қатысушылар қазақ тілін меңгеру деңгейін, сөздік қорын және ойын еркін түрде жеткізе алатынын саралайтын тапсырмаларды орындады.
Байқау оқушыларға қазақ тілі бойынша білімін шыңдап, тіл байлығын арттыруға әрі мемлекеттік тілді тереңірек меңгеруге ықпал етті.
Қостанай облысында жобаның өңірлік кезеңі Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған мәнерлеп оқу байқауымен жалғасты. Ақтық кезеңге жолдама алған 11 қатысушы ақын шығармаларын жатқа оқыды.
Қатысушылар өлеңнің мән-мағынасын жеткізіп, мәнерлеп оқу мен сахна мәдениетіндегі шеберлігін көрсетті. Байқау қорытындысында барлық финалиске алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
«Мың бала» жобасы балалар мен жасөспірімдердің қазақ тілін жетік меңгеруіне, қазақ әдебиетінің көрнекті туындыларымен жақынырақ танысуына және ұлттық мәдениет туралы танымын кеңейтуіне жол ашады.
Жоба дарынды жастарды қолдап, өскелең ұрпақтың мемлекеттік тілге, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттыруды көздейді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Түркістан облысында «Инклюзивті қоғам» жобасы аясында «Түркістан – қамқорлық мекені» акциясы ұйымдастырылды.
«Ел жастары» өкілдері көмекке мұқтаж отбасының үйіне барып, ауланы тазалап, үй шаруасына жәрдемдесті.
Акция жастар арасында өзгеге жанашырлықпен қарауды дәріптеп, қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруды көздейді. Бастама қоғамдық ұйымдар мен белсенді жастарды қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетуге жұмылдырды.
Айта кетейік, акция Халықаралық қарттар күніне орай ұйымдастырылып, егде жастағы азаматтарға қамқорлық көрсетуге бағытталған бастамалардың жалғасы болды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Жаркент қаласында қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуға бағытталған «Ортақ шаңырақ» форумы өтті.
Жиында этносаралық байланыс, отбасы құндылықтары, ұрпақтар сабақтастығы және қоғамдағы келісімді қалыптастырудағы жастардың рөлі талқыланды.
Сондай-ақ азаматтар арасындағы сенім мен татулықты сақтауда ортақ құндылықтар мен ашық диалогтың маңызы айтылды.
Форум соңында қоғам өміріне белсене араласып, татулықты дәріптеуге үлес қосқан тұрғындарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Астанадағы Достық үйінде Журналистер клубының отырысы өтіп, этномәдени бірлестіктердің баспасөз хатшыларына арналған семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Қатысушылар ақпараттық жұмысты ұйымдастырудың, әлеуметтік желілерді жүргізудің және сұранысы көп контентті әзірлеудің заманауи тәсілдерін талқылады. Сондай-ақ мәтін мен визуалды контент дайындау, әлеуметтік желідегі аудиторияны кеңейту және оның белсенділігін арттыру жолдары сөз болды.
Семинарда жасанды интеллект құралдарын материал әзірлеу, ақпаратты өңдеу және контент дайындау барысында пайдалану мүмкіндіктері таныстырылды.
Тәжірибелік бөлімде қатысушылар әлеуметтік желіде контентті ілгерілету және аудиториямен байланыс орнату тәсілдерін нақты тапсырмалар арқылы меңгерді. Сондай-ақ олар кәсіби тәжірибесі мен тиімді жұмыс тәсілдерін ортаға салды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Астанада Отбасы күні қарсаңында шаңырақ көтеру және отбасы құндылықтарын дәріптеу мәселелеріне арналған Республикалық Аналар кеңесінің отырысы өтті.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның, Әкелер одағының өкілдері, психологтар, дәрігерлер, құқық және қаржы саласының мамандары, студенттер мен белсенді жастар қатысты.
Дөңгелек үстелде жастардың шаңырақ көтеруге деген көзқарасы, отбасын құруға дайындығы, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен жауапкершілік мәселелері талқыланды.
Сарапшылар некеге тұрудың құқықтық және қаржылық тұстары, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әкенің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі және жастардың шаңырақ көтеруге психологиялық тұрғыдан дайындығы жөнінде пікір алмасты. Жастар отбасын құру туралы шешімге әсер ететін мәселелерге қатысты өз ойларын ортаға салып, мамандарға сауал қойып, ұсынысын білдірді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Көкшетауда мемлекеттік тілдің ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызына арналған «Тіл – халық бірлігінің негізі» атты дөңгелек үстел өтті.
Жиында түрлі этнос өкілдері қазақ тілін дамыту және кеңінен насихаттау мәселелерін талқылап, мемлекеттік тілдің ұлттық және рухани құндылықтармен сабақтастығы туралы пікір алмасты. Қатысушылар мемлекеттік тілдің ел ішіндегі татулықты бекемдеп, түрлі этнос өкілдерін ортақ құндылықтар төңірегіне ұйыстырудағы орнына айрықша тоқталды.
Кездесу барысында «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында өткен онлайн-байқаудың жеңімпаздары да марапатталды. Жас қатысушылар қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа оқыды.
Жиын соңында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің мәдени мұраны сақтаудағы, қоғамдағы татулық пен бірлікті арттырудағы маңызы сөз болды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Ақтау қаласында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Рухты сарбаз» облыстық әскери-патриоттық байқауы өтті.
Үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан байқау жастарды отансүйгіштікке баулуды, азаматтық жауапкершілігін арттыруды, ел тарихы мен салт-дәстүрді дәріптеуді көздейді. Биыл байқауға өңірдегі әскери бөлімдерде алдын ала іріктеуден өткен 20 әскери қызметші қатысты.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылар білімі мен шеберлігін танытып, шығармашылық және зияткерлік тапсырмалар бойынша бақ сынады. Байқау қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар грамоталармен және сыйлықтармен марапатталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі