Ақталған адамға куәлік беру қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер
- Осы Ақталған адамға куәлік беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 18 және 24-баптарына сәйкес және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1-тармақшасына сәйкес әзірленді және ақталған адамға куәлік беру тәртібін айқындайды.
- Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақтау туралы анықтама – Заңда айқындалған жағдайларда және тәртіппен прокуратура органдары, сот беретін құжат;
2) ақталған адам – Заңға сәйкес ақталған адам;
3) ақталған адамға куәлік беру жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) – Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары;
4) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 18.01.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.03.2024 № 72 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.
2-тарау. Ақталған адамның куәлігін беру тәртібі
- Ақталған адамға куәлік беру туралы өтінішті (бұдан әрі – өтініш) саяси қуғын-сүргінге ұшырап, ақталған адам өзі не өкілі арқылы (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес "Ақталған адамға куәлік беру" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі) көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып Мемлекеттік корпорацияға береді.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 18.01.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
- Мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметтің және көрсетілетін қызметті берушінің атауларын, мемлекеттік қызмет көрсету тәсілдерін, мерзімін, нысанын және нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызметті ұсынудың ерекшеліктерін ескере отырып өзге де мәліметтерді қамтиды.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 18.01.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
- Көрсетілетін қызметті алушы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде көрсетілген құжаттардың толық топтамасын ұсынған кезде Мемлекеттік корпорацияның қызметкері көрсетілетін қызметті алушыдан қабылданған құжаттардың тізбесі, өтінішті қабылдаған қызметкердің тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), өтініш беру күні мен уақыты, сондай-ақ дайын құжаттарды беру күні көрсетілетін тиісті құжаттарды қабылдау туралы қолхат береді.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 18.01.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
- Көрсетілетін қызметті алушы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесіне сәйкес құжаттардың толық топтамасын ұсынбағанда, сондай-ақ қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұсынған кезде, Мемлекеттік корпорацияның қызметкері осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 18.01.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
- Көрсетілетін қызметті берушімен өтінішті тіркеу ақталған адамның куәлігін (бұдан әрі – куәлік) алуға үміткер адамдарды тіркеу журналында Мемлекеттік корпорациядан құжаттардың топтамасы берілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырылады.
- Көрсетілетін қызметті беруші өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей куәлік беруді есепке алу журналына белгі қоя отырып, көрсетілетін қызметті алушыға куәлікті береді.
- Куәлік жоғалған және/немесе бүлінген кезде көрсетілетін қызметті алушы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішпен Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін қызметті берушіге жүгінеді.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 18.01.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
- Көрсетілетін қызметті беруші өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, "телнұсқа" мөртаңбасы басылатын куәліктің телнұсқасын береді.
- Көрсетілетін қызметті беруші осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде көзделген негіздер бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсетуден бас тартады.
Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 18.01.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
- Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту негіздері анықталған кезде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР ӘРПК) 73-бабына сәйкес көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға алдын ала, бірақ шешім қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей, мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ алдын ала шешім бойынша ұстанымды білдіру мүмкіндігі үшін тыңдау туралы хабарлама жібереді.
Тыңдау:
- көрсетілетін қызметті алушыны тыңдауға шақыру, бейнеконференц-байланыс немесе өзге де коммуникация құралдары арқылы;
- ақпараттық жүйелерді пайдалану;
- көрсетілетін қызметті алушыға өзінің ұстанымын баяндауға мүмкіндік беретін өзге де байланыс тәсілдері арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
ҚР ӘРПК 73-бабының 3-тармағына сәйкес көрсетілетін қызметті алушы әкімшілік іс бойынша алдын ала шешімге қарсылықты алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде оны береді немесе білдіреді.
Тыңдау нәтижелері бойынша бір жұмыс күн ішінде көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметті көрсету (немесе көрсетуден бас тарту) туралы шешім қабылдайды.
Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 18.01.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
- Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесіне сәйкес көрсетілетін қызметті алушы жеке өзі (немесе нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) келіп, жеке басын куәландыратын құжатты немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжатты (сәйкестендіру үшін) көрсеткен кезде беріледі.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 18.01.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
- Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметтің нәтижесін Мемлекеттік корпорацияға мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі өткенге дейін бір тәуліктен кешіктірмей жеткізуді қамтамасыз етеді.
- Мемлекеттік корпорация мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесін оны қабылдаған күннен бастап бір ай бойы сақтауды қамтамасыз етеді, одан кейін оларды көрсетілетін қызметті берушіге одан әрі сақтау үшін береді. Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесін қабылдаған күннен бастап бір ай өткен соң жүгінген кезде көрсетілетін қызметті беруші Мемлекеттік корпорацияның сұрау салуы бойынша бір жұмыс күні ішінде дайын құжаттарды Мемлекеттік корпорацияға көрсетілетін қызметті берушіге ұсыну үшін жібереді.
- Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметтерді көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне мемлекеттік қызметті көрсету сатысы туралы деректерді енгізуді қамтамасыз етеді.
- ҚР ӘРПК 91-бабының 1-тармағына сәйкес көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушінің шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасайды.
Шағым шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын көрсетілетін қызметті берушіге, лауазымды адамға беріледі.
Шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі жоғары тұрған әкімшілік органға (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жібереді.
Бұл ретте шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам, егер ол үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын шешім қабылдаса, әкімшілік әрекет жасаса, шағымды қарайтын органға шағымды жібермейді.
Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 18.01.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
- "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының 2-тармағына сәйкес көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижелерімен келіспеген кезде, көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгінеді.
Мемлекеттік қызметтерді тікелей көрсететін орталық мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің, көрсетілетін қызметті берушінің, Мемлекеттік корпорацияның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы оны тіркеген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарауға жатады.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы оның тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 18.01.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
- ҚР ӘРПК 91-бабының 5-тармағына сәйкес егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.
- Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган осы Қағидалар бекітілген немесе өзгертілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы ақпаратты жаңартады және оны Бірыңғай байланыс-орталығына, көрсетілетін қызметті берушіге, Мемлекеттік корпорацияға және "электрондық үкiметтiң" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторына жібереді.
Ескерту. Қағидалар 20-тармақпен толықтырылды - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 18.01.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.