Мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес есту кемістігі бар мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

 

  1. Осы Мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес есту кемістігі бар мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 12-бабының 5-тармақшасының он тоғызыншы абзацына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 10-бабына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және есту кемістігі бар мүгедектігі бар адамдар үшін мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына (бұдан әрі – АОЖБ) сәйкес ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну тәртібін айқындайды.
  2. Осы Қағидаларда келесі негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – портал) – Кодекске сәйкес жергілікті атқарушы органдардың мүгедектігі бар адамдар үшін өнім берушілер ұсынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген сома шегінде құнын өтеуі шарттарымен оларға қол жеткізудің бірыңғай нүктесін білдіретін ақпараттандыру обьектісі;

      2) проактивті көрсетілетін қызмет – көрсетілетін қызметті алушының өтінішінсіз көрсетілетін қызметті берушінің бастамасы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет;

      3) ымдау тілі маманы – мүгедектігі бар адамдар үшін қандай да бір тілден дактильді әліпбиге және (немесе) ымдау тілінде сурдоаударма жасау бойынша қызмет көрсететін маман;

      4) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Қордың қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

 

  1. Ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес ымдау тілі маманының қызметтерін ұсынуға медициналық көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерді ескере отырып әзірлеген АОЖБ негізінде жүзеге асырылады.

 

  1. Ымдау тілі маманының қызметтері осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ымдау тілі маманының қызметтерін ұсынуға өтінішке сәйкес АОЖБ іс-шарасын іске асыру мерзіміне жергілікті бюджет қаражаты есебінен ұсынылады.

 

  1. Есту қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдар немесе олардың заңды өкілдері не мүгедектігі бар адамнан ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну үшін құжаттарды рәсімдеу құқығына сенімхат алған адамдар (бұдан әрі – өтініш беруші) "Естуі бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметімен мүгедектігі бар адамдарды қамтамасыз етуге құжаттарды рәсімдеу" мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде (бұдан әрі – Мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі) көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, өтінішті осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес тұрғылықты жері бойынша:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғам (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация);

      2) Астана, Алматы және Шымкент қалаларының (бұдан әрі – қалалық басқармалар), аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдар (бұдан әрі – ЖАО) (бұдан әрі – жұмыспен қамту бөлімдері);

      3) "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – веб-портал);

      4) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы (бұдан әрі - абоненттік құрылғысы).

      Проактивті қызмет арқылы рәсімдеу кезінде өтінішті ұсыну талап етілмейді.

      "Естуі бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметтерімен мүгедектігі бар адамдарды қамтамасыз етуге құжаттарды ресімдеу" проактивті қызметін көрсету тәртібі осы Қағидалардың 2-тарауының 2-параграфында көзделген.

      "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы "Естуі бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметтерімен мүгедектігі бар адамдарды қамтамасыз етуге құжаттарды рәсімдеу" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібі осы Қағидалардың 2-тарауының 3-параграфында көзделген.

  1. Қалалық басқарманың, жұмыспен қамту бөлімінің маманы өтініштерді "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің кезегінің электрондық журналына (бұдан әрі – "Е-Собес" ААЖ) олардың түсу ретіне қарай тіркейді.
  2. Уәкілетті мемлекеттік орган осы Қағидаларға өзгерістер енгізілген және (немесе) толықтырылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде оларды жаңартып және қалалық басқармаға, жұмыспен қамту бөліміне, Бірыңғай байланыс-орталығына, Мемлекеттік корпорацияға, "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторына жолдайды.

 2-тарау. "Естуі бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметімен мүгедектігі бар адамдарды қамтамасыз етуге құжаттарды рәсімдеу" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібі"

 1-параграф. Мемлекеттік корпорация, қалалық басқармалар, жұмыспен қамту бөлімдері өтініш беру негізінде "Естуі бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметімен мүгедектігі бар адамдарды қамтамасыз етуге құжаттарды рәсімдеу" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібі

 

  1. Өтініш беруші мемлекеттік қызметті алу үшін Мемлекеттік корпорацияға, қалалық басқармаға, тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту бөліміне осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес өтінішпен және "Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес ұсынылатын мүгедектігі бар адамның жеке басын куәландыратын құжатпен не цифрлық құжаттар сервисінен (сәйкестендіру үшін) электрондық құжатпен жүгінеді.
  2. Мемлекеттік корпорацияның, қалалық басқарманың, жұмыспен қамту бөлімінің жауапты қызметкерлері өтінішті қабылдау кезінде:

      1) жеке басты куәландыратын құжат туралы не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат туралы;

      2) мүгедектікті белгілеу туралы;

      3) АОЖБ-да әзірленген іс-шаралар туралы мәліметтерді алу үшін "Электрондық үкімет" шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне (бұдан әрі – ақпараттық жүйелер) мүгедектігі бар адамның жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша сұрау салуларды қалыптастырады.

      Ақпараттық жүйелерде мәліметтер болмаған кезде өтінішке жоғарыда көрсетілген мәліметтерді қамтитын қағаз жеткізгіштегі құжаттардың көшірмелері қоса беріледі.

      Ұсынылған түпнұсқалармен құжаттардың көшірмелері сәйкестендірілгеннен кейін өтінішті қабылдаған жауапты қызметкер тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхатқа немесе осы Қағидалардың 10-тармағына сәйкес берілетін талонға белгі қою арқылы куәландырады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

  1. Құжаттарды тапсыру кезінде өтініш берушіге:

      Мемлекеттік корпорацияда – тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат;

      қалалық басқармада, жұмыспен қамту бөлімінде – тіркелген және мемлекеттік қызметті алатын күні, құжаттарды қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні көрсетілген талон беріледі.

 

  1. Өтініш беруші осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген құжаттар топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен мәліметтерді (құжаттарды) толық ұсынбаған кезде Мемлекеттік корпорация, қалалық басқармалар, жұмыспен қамту бөлімдері өтінішті қабылдаудан бас тартады және осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді
  2. Осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің 8-тармағында көрсетілген құжаттар сәйкес келген жағдайда, қалалық басқарма, жұмыспен қамту бөлімі бес жұмыс күні ішінде құжаттарды қарайды.

      Мемлекеттік корпорацияның құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызметті көрсету мерзіміне кірмейді.

       Осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің 9-тармағында көзделген негіздер болған кезде қалалық басқарма, жұмыспен қамту бөлімі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 73-бабына сәйкес өтініш берушіге мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ өтініш берушіге алдын ала шешім бойынша позициясын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдауды өткізу уақыты мен орны (тәсілі) туралы хабарлайды.

      Тыңдау туралы хабарлама алдын ала, бірақ мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі аяқталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі. Тыңдау хабардар етілген күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Тыңдау нәтижелері бойынша өтініш берушіге қалалық басқарманың, жұмыспен қамту бөлімінің уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасы (бұдан әрі – ЭЦҚ) қойылған электрондық құжат нысанында құжаттарды рәсімдеу туралы хабарлама не мемлекеттік қызметті көрсетуден дәлелді бас тарту жіберіледі.

      Қалалық басқармадан, жұмыспен қамту бөлімінен хабарлама алғаннан кейін Мемлекеттік корпорация өтініш берушінің абоненттік құрылғысына смс-хабарлама беру арқылы мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелері туралы өтініш берушіні хабардар етеді.

      Мемлекеттік корпорация нәтижені бір ай бойы сақтауды қамтамасыз етеді, содан кейін оларды одан әрі сақтау үшін қалалық басқармаларға, жұмыспен қамту бөлімдеріне береді. Өтініш беруші бір ай өткен соң жүгінген кезде, Мемлекеттік корпорацияның, қалалық басқармалардың және жұмыспен қамту бөлімдерінің сұрау салуы бойынша дайын құжаттарды өтініш берушіге беру үшін бір жұмыс күні ішінде Мемлекеттік корпорацияға жібереді.

 

  1. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі туралы осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша беріледі.
  2. Қалалық басқармалардың, жұмыспен қамту бөлімдерінің және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) оның қызметкерлерінің мемлекеттік қызметті көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану:

      1) қалалық басқармалардың, жұмыспен қамту бөлімдерінің және (немесе) олардың лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде көрсетілген мекенжайлар бойынша қалалық басқармалар, жұмыспен қамту бөлімдері басшыларының атына беріледі.

      2) Мемлекеттік корпорация қызметкерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде көрсетілген мекенжайлар мен телефондар бойынша Мемлекеттік корпорацияның басшысына жіберіледі.

       Қалалық басқармаларға, жұмыспен қамту бөлімдеріне және Мемлекеттік корпорацияға келіп түскен шағым "Мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаларға келіп түсетін жолданымдарды тіркеу, есепке алу, сондай-ақ "Электрондық жолданымдар" ақпараттық-талдау жүйесін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2023 жылғы 4 қаңтардағы № 4 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31679 болып тіркелген) (бұдан әрі - № 4 бұйрық) бекітілген тәртіпте "Электрондық жолданымдар" ақпараттық талдау жүйесінде (бұдан әрі – "Электрондық жолданымдар" АТЖ) тіркеуге жатады.

       Шағымды тіркеу ӘРПК 64-бабының 3-бөлігімен көзделген мерзімде жүргізіледі.

      "Электрондық жолданымдар" АТЖ-да тіркегеннен кейін әрбір шығым бойынша арыз иесіне күні мен уақыты, шағымды қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні, лауазымы көрсетіле отырып, № 4 бұйрықпен бекітілген нысанда талон беріледі.

      Мемлекеттік қызметті көрсету мәселелері бойынша шағымды қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам, мемлекеттік қызметті көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді.

      Қалалық басқарманың, жұмыспен қамту бөлімінің және Мемлекеттік корпорацияның атына келіп түскен өтініш берушінің шағымы келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей және әкімшілік іс шағымды қарайтын органға жіберіледі.

      Бұл ретте жұмыспен қамту бөлімі және Мемлекеттік корпорация, егер шағым үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын шешім не өзге де әкімшілік әрекет қабылдаса, шағымды қарайтын органға жібермеуге құқылы.

      Қалалық басқарманың, жұмыспен қамту бөлімінің атына келіп түскен өтініш берушінің шағымы тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.

      Көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижелерімен келіспеген кезде өтініш беруші Мемлекеттік қызметті көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгінеді.

      Мемлекеттік қызметті көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен өтініш берушінің шағымы тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі. Егер заңда жоғары тұрған органға шағым жасау қажеттілігінсіз сотқа жүгіну мүмкіндігі көзделген жағдайда, әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айтылатын әкімшілік орган, лауазымды адам сотқа пікірмен қатар жоғары тұрған әкімшілік орган басшысының, лауазымды адамының уәжді ұстанымын ұсынады.

 2-параграф. "Естуі бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметімен мүгедектігі бар адамдарды қамтамасыз етуге құжаттарды рәсімдеу" проактивті мемлекеттік қызметін көрсету тәртібі

 

  1. Кодекстің 12-бабы 5-тармақшасының жиырма екінші абзацына сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну жөніндегі іс-шараларды қамтитын АОЖБ "Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер банкі" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде қалыптастырылғаннан кейін АОЖБ-ның деректері автоматты түрде "Е-Собес" ААЖ-ға беріледі және мүгедектігі бар адамның немесе оның заңды өкілінің (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) абоненттік құрылғысына мемлекеттік қызметті көрсетуге сұрау салумен смс-хабарлама жіберуге бастамашылық жасалады.

      Көрсетілетін қызметті алушы смс-хабарлама арқылы тиісті кодпен проактивті қызмет көрсетуге келісімін немесе бас тартуын растайды.

  1. Көрсетілетін қызметті алушының проактивті қызмет көрсетуге келісімін алған кезде осы қызметтерді ұсынуға оған құжаттардың рәсімделгенін растау туралы смс-хабарлама жіберіледі.

      Проактивті қызмет арқылы ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну үшін құжаттарды рәсімдеуге өтініш берген күн рәсімдеуге келісім алған күн болып саналады.

      Келісім түскен күннен бастап қызмет көрсету мерзімі бес жұмыс күнін құрайды.

  1. Көрсетілетін қызметті алушыдан жауап болмаған жағдайда, сұрау салу жіберілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сұрау жойылады және көрсетілетін қызметті алушының абоненттік құрылғысына Мемлекеттік корпорацияға, қалалық басқармаға, жұмыспен қамту бөліміне жүгінудің себебі мен қажеттілігін көрсете отырып, ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну үшін құжаттарды ресімдеудің мүмкін еместігі туралы смс-хабарлама жіберіледі.
  2. Көрсетілетін қызметті алушы проактивті қызмет көрсетуден бас тартқан кезде көрсетілетін қызметті алушының абоненттік құрылғысына "Е-Собес" ААЖ-дан Мемлекеттік корпорацияға, қалалық басқармаға, жұмыспен қамту бөліміне жүгінудің себебі мен қажеттілігін көрсете отырып, ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну үшін құжаттарды ресімдеудің мүмкін еместігі туралы смс-хабарлама жіберіледі.
  3. Көрсетілетін қызметті алушының проактивті қызмет көрсетуге келісімін алған кезде қалалық басқарманың, жұмыспен қамту бөлімінің маманы "Е-Собес" ААЖ арқылы көрсетілетін қызметті алушыны ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну үшін құжаттарды рәсімдеу жөнінде қабылданған шешім туралы абоненттік құрылғысына смс-хабарлама арқылы хабардар етеді.

 

  1. Көрсетілетін қызметті алушыға жіберілген смс-хабарлама Кодекстің 12-бабы 5) тармақшасының жиырмасыншы абзацына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органмен бекітілген Мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен, мүгедектігі бар адамды оңалту мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету, оларды ауыстыру мерзімдерін қоса алғанда, қағидаларында белгіленген нысан бойынша смс-хабарламалар электрондық журналында тіркеледі.
  2. Проактивті қызмет арқылы ымдай тілі маманы қызметтерін ұсыну үшін құжаттарды рәсімдеу кезінде мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің 8-тармағында көзделген қажетті мәліметтерді алу үшін ақпараттық жүйелерге сұрау салулар "Е-Собес" ААЖ-дан автоматты түрде жүзеге асырылады.

 3-параграф. Веб-портал арқылы "Естуі бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметімен мүгедектігі бар адамдарға қамтамасыз етуге құжаттарды рәсімдеу" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібі

  1. Мемлекеттік қызметті алу үшін өтініш беруші қалалық басқармаға, жұмыспен қамту бөліміне өтінішті осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша веб-портал арқылы жолдайды.

      Өтінішті "электрондық үкімет" шлюзі арқылы берген кезде:

      1) жеке басты куәландыратын құжат туралы не цифрлық құжаттар сервисінен алынған электрондық құжат туралы;

      2) мүгедектікті белгілеу туралы;

      3) АОЖБ-да әзірленген іс-шаралар туралы мәліметтерді автоматты түрде қалыптастыру үшін мүгедектігі бар адамның жеке сәйкестендіру нөмірі сұратылады.

      Қалалық басқарма, жұмыспен қамту бөлімі портал хабарламасына жауап ретінде бір реттік пароль беру немесе қысқа мәтіндік хабарлама жіберу жолымен пайдаланушының порталда тіркелген ұялы байланысының абоненттік құрылғысына арқылы ұсынылған іске асырылған интеграция арқылы цифрлық құжаттарды цифрлық құжаттар сервисінен алады.

  1. Қалалық басқарма, жұмыспен қамту бөлімі өтініш берушінің "жеке кабинетіне" мемлекеттік қызметті көрсетуге сұрау салудың қабылданғаны туралы мәртебе жібереді.
  2. Осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің 8-тармағында көрсетілген мәліметтер сәйкес келген жағдайда, қалалық басқарма, жұмыспен қамту бөлімі бес жұмыс күні ішінде құжаттарды қарайды, қорытындысы бойынша өтініш берушіге осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі туралы хабарлама береді.

       Осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің 9-тармағында көзделген негіздер болған кезде, қалалық басқарма, жұмыспен қамту бөлімі ӘРПК-нің 73-бабына сәйкес өтініш берушіге мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ өтініш берушіге алдын ала шешім бойынша позициясын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдауды өткізу уақыты мен орны (тәсілі) туралы хабарлайды.

      Тыңдау туралы хабарлама алдын ала, бірақ мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі аяқталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі. Тыңдау хабардар етілген күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Тыңдау нәтижелері бойынша өтініш берушіге қалалық басқарманың, жұмыспен қамту бөлімінің уәкілетті адамының ЭЦҚ қойылған электрондық құжат нысанында оң нәтиже немесе мемлекеттік қызметті көрсетуден дәлелді бас тарту жіберіледі.

  1. Веб-портал арқылы жүгінген кезде мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі уәкілетті тұлғаның ЭЦҚ қойылған электрондық құжат нысанында өтініш берушінің "жеке кабинетіне" жіберіледі.

 

  1. Заңының 5-бабы 2-тармағының 11-тармақшасына сәйкес көрсетілетін қалалық басқарма, жұмыспен қамту бөлімі ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік қызметті көрсету сатысы туралы мемлекеттік қызметті көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне деректерді енгізуді қамтамасыз етеді.

 3-тарау. Ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну тәртібі

  1. Ымдау тілі маманының қызметтерін жылына алпыс сағаттан асырмай ұсыну портал немесе мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырылады.
  2. Ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз ету мүгедектігі бар адамның толық мемлекет қарамағында болу кезеңіне тоқтатыла тұрады.

 1-параграф. Ымдау тілі маманының қызметтерін портал арқылы ұсыну

 

  1. "Е-Собес" ААЖ-да тіркелгеннен кейін осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ымдау тілі маманының қызметтер көрсетуіне арналған өтініштер мүгедектігі бар адамның АОЖБ-сының деректері Кодекстің 168-бабының 2-тармағының сәйкес кезектілік тәртібімен "Е-Собес" ААЖ-дан порталға беріледі.

      АОЖБ деректері жылына алпыс сағат есебінен ымдау тілі маманы көрсететін қызметтердің көлемін қамтиды.

      Ымдау тілі маманының көрсетілетін қызметтерінің көлемін "Е-Собес" ААЖ-дан қалалық басқарманың, жұмыспен қамту бөлімінің мамандары порталға ағымдағы жылдың соңына дейін немесе мүгедектік кезеңі аяқталғанға дейін "Іс-шараларды жоспарлау" модулінің деректерін ескере отырып жібереді.

  1. Мобильді азаматтар базасында өтініш берушінің абоненттік нөмірі туралы мәліметтер болған кезде, оның абоненттік құрылғысына "Е-Собес" ААЖ-дан порталда ымдау тілі маманы қызметтерін берушіні (бұдан әрі – Өнім беруші) авторизациялау және таңдау қажеттігі туралы смс-хабарлама жіберіледі.
  2. Порталда өнім берушіні таңдауды өтініш беруші АОЖБ іс-шараларының порталға жіберілгені туралы хабарлаған күннен бастап екі ай ішінде жүзеге асырады.
  3. Алушы порталда ымдау тілі маманын таңдау кезінде қызмет көрсету форматын таңдайды: көзбе-көз (қызмет көрсету орнында ымдау тілі маманының жеке қатысуы арқылы) немесе қашықтықтан (нақты уақыт режимінде (онлайн) ымдау тілі қызметтерін онлайн ұсынуға мүмкіндік беретін интернет-технологияларды пайдалана отырып).
  4. Өтініш берушінің интернет-ресурсқа қолжетімділігі болмаған жағдайда, өтініш беруші Мемлекеттік корпорацияның, халықты жұмыспен қамту орталығының, қалалық басқарманың, жұмыспен қамту бөлімінің өзіне-өзі қызмет көрсету секторына жүгінеді.
  5. Өтініш беруші өнім берушіні таңдау болмаған кезде АОЖБ деректері порталға берілген күннен бастап бір ай ішінде өтініш берушінің абоненттік құрылғысына "Е-Собес" ААЖ-дан келесі ай ішінде порталда өнім берушіні таңдау қажеттігі туралы смс-хабарлама жіберіледі.
  6. АОЖБ деректерін порталға берген күннен бастап екі ай өткен соң өтініш берушіде өнім берушіні таңдау мүмкіндігі бұғатталады және өтініш берушінің абоненттік құрылғысына себебін көрсете отырып, өнім берушіні таңдау мүмкіндігін бұғаттау туралы смс-хабарлама жіберіледі. Порталда өнім берушіні таңдауды жаңарту үшін өтініш беруші порталдағы жеке кабинетте "өнім берушіні таңдауды іске қосу" батырмасын басады. Өнім берушіні таңдауды іске қосу туралы мәліметтер порталдан "Е-Собес" ААЖ-ға автоматты түрде беріледі, одан кейін өтініш беруші "Е-Собес" ААЖ-дағы кезектілікті ескере отырып, өнім берушіні порталда таңдайды.

 

  1. Кодекстің 167-бабына сәйкес өнім берушіні таңдауды жүзеге асыру үшін өтініш беруші порталда авторизацияланады http://aleumet.egov.kz, жария шартқа ЭЦҚ арқылы қол қояды.

 

  1. "Мүгедектігі бар адамдарға тауарлар мен қызметтерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы өткізу кезінде олардың құнын мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 6 маусымдағы № 205 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32720 болып тіркелген) (бұдан әрі-өтеу қағидалары) бекітілген нысан бойынша ЭЦҚ-мен қол қойылған кепілдік берілген соманы өтеуге арналған өтінішке бір мезгілде қол қоя отырып, өнім берушіге ымдау тілі маманының қызметін ұсыну тапсырысын рәсімдейді және жібереді.
  2. Өнім беруші тапсырыс түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде порталда қарайды және "пайдаланушының жеке кабинетіне" өнім берушінің ЭЦҚ қойылған ымдау тілі маманының қызметтерін көрсетуге тапсырысты қабылдау немесе төмендегі бас тарту себептерін көрсете отырып, бас тарту туралы хабарламаны жібереді:

      өнім берушілер тізілімінен (тіркелімінен) алып тастауға өтініш берілді;

      маманның (мамандардың) жүктемесі салдарынан қызмет көрсетудің мүмкін еместігі;

      қызмет алушының тұрғылықты жерінде көрсетілмейді;

      бұрын алушыға куәлардың жазбаша айғақтарымен расталатын маманның (мамандардың) атына негізсіз қорлау және адами қадір-қасиетін қорлайтын айыптар себебінен қызмет көрсетуден бас тартылған;

      форс-мажорлық жағдайларға байланысты қызмет көрсетудің мүмкін еместігі (төтенше жағдайлар, дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар және еңсерілмейтін күштің басқа да мән-жайлары).

  1. Өнім беруші қызмет көрсетілген күннен бастап порталдағы "өнім берушінің жеке кабинеті" модулінде көрсетілген қызметтерді есепке алу журналында ымдау тілі маманының көрсетілген қызметтерінің уақытын есепке алу үшін жазбалар жүргізеді.

      Ымдау тілі маманының қызметін алатын мүгедектігі бар адамды қайта куәландыру (қайта куәландыру) кезінде өнім беруші АОЖБ-ны қайта куәландыру (қайта куәландыру) – жабу күніне дейін көрсетілген қызметтерді есепке алу журналына жазуды жүзеге асырады.

      "Е-Собес" ААЖ АОЖБ әлеуметтік оңалту іс-шарасының орындалуы туралы деректер автоматты түрде толтырылады.

  1. Ымдау тілі маманының қызметтері АОЖБ іс-шарасын іске асыру мерзіміне ұсынылады.

      Алушы мынадай:

      өнім беруші қызмет көрсетуге уақтылы кіріскен жоқ;

      өнім беруші қызмет көрсету мерзімі мен уақытын жүйелі түрде бұзады;

      өнім беруші тиісті емес сападағы қызметтерді көрсетті және өнім беруші кемшіліктерді белгілеген мерзімде жоймады;

      өнім беруші тарапынан менің тарапыма адамның қадір-қасиетін қорлайтын бірнеше рет негізсіз қорлау және айыптау;

      басқа тұрғылықты жерге көшу сияқты бас тарту себептерін көрсете отырып, өзі таңдаған өнім берушіден ымдау тілі маманының қызметтерін одан әрі көрсетуден бас тартады.

      Өнім беруші мынадай:

      форсмажорлық мән-жайлар (төтенше жағдайлар, дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар және еңсерілмейтін күштің басқа да мән-жайлары) себебі бойынша қызмет көрсетудің мүмкін еместігі;

      куәгерлердің жазбаша айғақтарымен расталатын, қызмет алушы немесе оның отбасы мүшелері тарапынан адамның қадір-қасиетін қорлайтын негізсіз қорлаулар мен айыптаулар;

      қызметтер көрсетуге негіз болған нормативтік құқықтық актінің күшін жою сияқты бас тарту себептерін көрсете отырып, ымдау тілі маманының қызметтерін одан әрі ұсынудан бас тартады.

 2-параграф. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну тәртібі

 

  1. Ымдау тілі маманының қызметтерін сатып алу Кодекстің 169-бабында көзделген әлеуметтік қызметтер порталы мәселелері жөніндегі комиссияның қорытындысы негізінде әлеуметтік қызметтер порталында көрсетілетін қызметтерді жеткізушілер болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

 3-параграф. Ымдау тілі маманының қызметтеріне ақы төлеу тәртібі

 

  1. Ымдау тілі маманының бір сағаттық қызметіне ақы төлеу жергілікті атқарушы органдар Кодекстің 163-бабының 3-тармағына сәйкес тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Заңмен белгіленген 2,1 айлық есептік көрсеткіш есебінен, бірақ бір мүгедектігі бар адамға жылына алпыс сағаттан асырылмай жүзеге асырады.

      Ымдау тілі маманының жылына алпыс сағаттан артық қызметтер көрсетуге жұмсаған уақытын мүгедектігі бар адам өз қаражаты есебінен төлейді.

  1. Ымдау тілі маманының қызметтері үшін кепілдік берілген соманы өтеу Өтеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

 

  1. Ымдау тілі маманының қызметтеріне ақы төлеу ай сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей өнім беруші ұсынған осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес ымдау тілі маманының қызметтер көрсету парағын (бұдан әрі – құжаттарды төлеуге арналған құжаттар) қоса бере отырып, "Бастапқы есепке алу құжаттарының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 562 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8265 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісі негізінде жүргізіледі.

      Өнім берушіге ақы төлеу мүгедектігі бар адам өнім берушінің тапсырысты қабылдағаны туралы хабарламасын алған күннен бастап нақты көрсетілген уақыт үшін жүзеге асырылады.

      Өнім беруші мүгедектігі бар адам қайтыс болған жағдайда төлем құжаттарын қайтыс болған күннен бастап бір ай ішінде мүгедектігі бар адамның қолын қоймай ұсынады.

Дата публикации
11 декабря 2024