Маңғыстау облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысында Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы мен «Маңғыстау облыстық жоғары медициналық колледжі» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қызметіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелері қаралды.
Жүргізілген мемлекеттік аудитпен нәтижесімен жалпы сомасы 1 283 893,8 мың теңгеге қаржылық бұзушылықтар (оның ішінде қалпына келтіруге жататыны- 1 283 816,5 мың теңге, өтелуге жататыны- 77,3 мың теңге), бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау 738 096,0 мың теңге және бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану 862 072,7 мың теңге, жіберіп алған пайда 143 811,4 мың теңге және 17 бірлік рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар анықталды.
Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы бойынша аудит барысында 2024 және 2025 жылдарға арналған «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында мамандар даярлау» бюджеттік бағдарламасы бойынша бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру кезінде бір маманды даярлаудың нормативтік құны мен білім алушылардың нақты контингенті толық ескерілмей, нәтижесінде бюджеттік өтінімдер толық әрі анық ақпараттармен және тиісті есептеулермен негізделіп қалыптастырылмаған.
«Медициналық денсаулық сақтау ұйымдарының күрделі шығыстары» бюджеттік бағдарламасы бойынша жоспарланған түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілмегеніне қарамастан, есептілікте оны орындалған деп көрсеткен.
2024–2025 және 2025–2026 оқу жылдарына мемлекеттік білім беру тапсырысын орындау бойынша жасалған шарттарда көрсетілетін қызметтердің нақты көлемі мен құны толық көрсетілмеген.
Маңғыстау облыстық жоғары медициналық колледжі бойынша 2024–2025 жылдарға арналған даму жоспарының орындалуы туралы есепте тікелей және түпкілікті нәтиже көрсеткіштері көзделмеген.
Сонымен қатар, кәсіпорын мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша бюджеттік өтінімдерді нормативтік қаржыландыру талаптарына сәйкес қалыптастырмаған.
Күрделі жөндеу жұмыстары бойынша мердігердің шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамағанына қарамастан, шартта көзделген тұрақсыздық айыбын өндіріп алу бойынша тиісті шаралар қабылданбаған.
Аудит нәтижесінде күрделі жөндеу жұмыстарының, ғимараттар мен орнатылған бейнекамералардың бухгалтерлік баланста тиісті деңгейде танылмаған, соның салдарынан бухгалтерлік есептілік бұрмаланған. Сонымен бірге іссапар шығыстары бойынша негізсіз төленуіне жол берілген.
Еңбек қатынастары саласы бойынша 2024–2025 жылдары еңбек демалыстарының кестесі жасалмаған, еңбек демалысына байланысты төлемдер белгіленген мерзімдерде жүргізілмеген, тәртіптік жаза қолдану рәсімдері сақталмаған. Еңбек шарттарында міндетті талаптары толық көрсетілмеген, ұжымдық шарттың жекелеген нормалары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келмеген, қоса атқару бойынша тиісті қосымша келісімдер жасалмаған және бос жұмыс орындары туралы ақпарат Электрондық еңбек биржасына орналастырылмаған.
Құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары бойынша техникалық қадағалау ұйымының құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталғаны туралы қорытынды есепті «Е-Құрылыс» ақпараттық жүйесі арқылы ұсынбаған. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының басталғаны туралы бірқатар хабарламалар белгіленген талаптарға сәйкес келмей, кері қайтарылған. Күрделі жөндеу жұмыстары барысында бастапқы жобалау-сметалық құжаттамаға жұмыс түрлері мен көлемдеріне қатысты өзгерістер енгізілген. Алайда өзгертілген жобалау-сметалық құжаттама белгіленген тәртіппен қайта бекітілмеген және міндетті мемлекеттік сараптамадан өткізілмеген.
Отырыста мемлекеттік аудит нәтижелері жан-жақты қаралып, оның қорытындысын бекіту туралы тиісті қаулы қабылданды.
Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша бюджет және өзге де заңнама талаптарын бұзудың салдарын барынша азайтуға, анықталған бұзушылықтарды жоюға және олардың қайталануына жол бермеуге бағытталған ұсынымдар мен тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқамалар шығарылды.
Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті уәкілетті органдарға қарау үшін жолданды.