Мемлекеттік аудиттен кейін Астанадағы жаңа сүзгі станциясында химиялық зертхана толыққанды жұмыс істей бастады

Мемлекеттік аудиттен кейін Астанадағы жаңа сүзгі станциясында химиялық зертхана толыққанды жұмыс істей бастады

Астана әкімдігі Интернациональный тұрғын алабында орналасқан жаңа сорғы-сүзгі станциясындағы кемшіліктерді жойды. Бұл кемшіліктер ҚР Жоғары аудиторлық палатасы жүргізген аудит шеңберінде анықталған болатын.

2024 жылдың жазында құрылыста баға белгілеу жүйесінің тиімділігіне, сондай-ақ жобалау мен құрылысқа бөлінген қаражат пен активтердің пайдаланылуына аудит жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата елордалық әкімдікке №3 жаңа сорғы-сүзгі станциясының химиялық зертханасының жабдықтарын пайдалануды қамтамасыз етуді тапсырды. Ол үшін суды ионсыздандыру жүйесін орнату, сондай-ақ қызметкерлер штатын толық жасақтау қажет болды.

Нәтижесінде станцияда жетекші компаниялардың бірінің тазарту жүйесі (ионизатор) орнатылды, ол ерітінділерді дайындау үшін қажетті сападағы ионсыздандырылған су өндіруге мүмкіндік береді.

Зертхананың штат саны 47 адам көлемінде бекітіліп, жасақталды. Олардың қатарында инженер-бактериолог, паразитолог, инженер-химик және т.б. бар. Бүгінгі таңда мамандар станцияның жоғары дәлдіктегі зертханалық жабдықтарында жұмыс істейді.

Мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша басқа тапсырмалардың орындалуы толық аяқталғанға дейін Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.