Қазақстанда мемлекеттік бюджеттің шоғырландырылған есептілігін қалыптастыру процесі жетілдірілді

Қазақстанда мемлекеттік бюджеттің шоғырландырылған есептілігін қалыптастыру процесі жетілдірілді

Қазақстанда республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігін (РБ ШҚЕ) жүргізу процесі жетілдірілді. Қаржы министрлігі Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша заңға тәуелді актілерге қажетті өзгерістер енгізді.

Бұған дейін мемлекеттік аудит барысында республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігін жүргізудің объективтілігі мен дұрыстығына әсер еткен бірқатар кемшілік анықталған болатын. Сонымен қатар қалыптастырылатын есептердің дәлдігін жақсарту үшін қажетті жекелеген реттеу нормалары болмады.

Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата Қаржы министрлігіне Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларына:

  1. пайдаланудың ұсынылған мерзімдерін қолдана отырып, автожолдардың амортизациясын ескеру;
  2. алынған қарыздарды халықаралық стандарттарға сәйкес, яғни алдымен әділ құны бойынша, содан кейін амортизацияланған құны бойынша көрсету;
  3. квазимемлекеттік сектор субъектілеріне үлестік қатысу әдісімен жүзеге асырылған қаржылай инвестицияларды көрсету;
  4. жеке тұлғалардың мүлкіне салық салу үшін Салық кодексіне сәйкес есептеу әдістемесінің көмегімен нөлдік бағамен есептелген тұрғын үй ғимараттарының құнын қайта қарау;
  5. құрылыстарды, соның ішінде автожолдар мен олар орналасқан жер учаскелерін бөлек есепке алу жөніндегі талаптарды қосу бөлігінде тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді тапсырды.

Осы және басқа да тармақтардың барлығы республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігінің объективтілігін қамтамасыз ету және онда активтерді өзекті жай-күйінде көрсету үшін қажет.

Қаржы министрінің 2025 жылғы 14 ақпандағы бұйрығымен аталған өзгерістер Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларына енгізілді.

Жоғары аудиторлық палата нұсқамасының қалған тармақтарының орындалуы толық аяқталғанға дейін бақылауда болады.