Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымы бойынша ҚР Үкіметі «Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы» жобасын іске асырды. Бұл жоба республиканың геодезия және картография саласындағы өз қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жер ресурстарын басқару, геодезия және картография саласының тиімділігіне бұдан бұрын жүргізілген мемлекеттік аудит барысында Қазақстанның өзінің геодезиялық координаттар жүйесі жоқ екені анықталған болатын. Бұл бірыңғай цифрлық картографиялық экожүйені құруды қиындатады.
Аудит жүргізілген уақытта республикада өткен ғасырдың ортасында құрылған координаттар, биіктіктер, гравиметриялық және спутниктік өлшемдер жүйесі қолданылатын. Бұл күндері ол техникалық және моральдық тұрғыдан ескірген.
Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата Үкіметке геодезиялық координаттар жүйесін жасауды және спутниктік геодезиялық желі құру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды ұсынды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі аталған мәселені шешу мақсатында «Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы» атты ауқымды бюджеттік инвестициялық жобаны сәтті аяқтады. Жоспарланған барлық міндет бүгінгі күні толық көлемде орындалды.
«Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мемлекеттік геопорталы» ақпараттық жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Бұл құрал мемлекеттік органдарға және басқа да мүдделі тараптарға аумақты тиімді басқару үшін қажет өзекті және нақты кеңістіктік деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап заманауи мемлекеттік координаттар жүйесі QazTRF-23 (Qazaqstan Terrestrial Reference Frame 2023, 2023 жылға қазақстандық жер координаттық есептеу негізі) және тұрақты жұмыс істейтін референттік станциялар желісі (CORS) іске қосылды. Осылайша құрылған координаттық жүйе геодезиялық және картографиялық деректердің жоғары сапасын қамтамасыз етеді, сондай-ақ ҚР кеңістіктік деректер инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін негіз болады.
QazTRF-23 енгізудің арқасында геодезиялық өлшемдердің дәлдігі едәуір артады. Бұл мемлекетке аумақтық жоспарлау, құрылыс және деректерді басқарудың заманауи жүйелерін құру саласында ауқымды перспективалар ашады.
Бұл шаралар Қазақстанда геодезия мен картографияны цифрландырудың жаңа кезеңін белгілеп, болашақ даму мен халықаралық геокеңістіктік қоғамдастыққа интеграциялану үшін берік негіз жасайды.