Жан басына шаққандағы қаржыландыруды алатын жекеменшік мектептердің жұмысы туралы деректер енді мемлекеттік сатып алу порталында жарияланады

Жан басына шаққандағы қаржыландыруды алатын жекеменшік мектептердің жұмысы туралы деректер енді мемлекеттік сатып алу порталында жарияланады

ҚР Жоғары аудиторлық палатасы нұсқамасының орындалуы нәтижесінде орта білім беру жүйесінде жан басына шаққандағы қаржыландыруды іске асыру анағұрлым айқын әрі ашық болады. Оқу-ағарту және Қаржы министрліктері тиісті жұмыс жүргізді.

Осы салада бұрын жүргізілген мемлекеттік аудит барысында мемлекеттік сатып алу веб-порталында (goszakup.gov.kz) жан басына шаққандағы мемлекеттік қаржыландыру тетігіне қосылған жекеменшік білім беру ұйымдарының шарттары туралы ешқандай мәлімет жоқ екені анықталды.

Аталған бұзушылықты жою үшін Жоғары аудиторлық палата
Оқу-ағарту және Қаржы министрліктеріне бірлесіп қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу порталында жаңа деректер пайда болды: «Шарттар тізілімі» бөлімінің «Тізілімдер» айдарында тапсырыс берушінің БСН бойынша іздеу кезінде енді жекеменшік мектептердің жан басына шаққандағы қаржыландыруға қосылу шарттары туралы мәліметтер көрсетіледі. Атап айтқанда, өнім берушінің атауы көрсетіледі және орындалған жұмыстардың актілері жүктеледі.

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша нұсқаманың осы тармағының орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауынан алынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің жекеменшік мектептерге көрсететін қолдауы туралы деректердің ашық болуы маңызды екенін ерекше атап өтті. Мысалы, биылдың өзінде 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге бюджеттен 134 млрд теңге бөлінген.

«Ата-аналар мемлекеттің жеке меншік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс. Осыған орай әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтарымыз әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады», — деді Мемлекет басшысы.