
Құрметтi Мәулен Сағатханұлы!
Құрметтi депутаттар!
2019 жылғы бюджет берілген параметрлер шегінде атқарылды. Бұған жеткілікті қолайлы макроэкономикалық жағдай да, Үкімет қабылдаған шаралар да ықпал етті. Бұл жөнінде қазір айтылып өтті.
Бүгін біз өткен жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есепті қарастырып отырмыз. Бірақ мүлдем басқалай жағдайда. Бір жағынан, экономиканың көптеген күткен өсуін атап өттік, екінші жағынан – осы жылы әлемде де, біздің елімізде де өте қиын жағдайға тап болып отырмыз. Сондықтан қазір, біздер анықтаған бұзушылықтар Сенаттың Жұмыс топтарында және Комитеттерінде толығымен талқыланғанын назарға ала отырып, жүйелі мәселелерге көбірек тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер.
Біріншіден, Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстанның макроэкономикалық тұрақтылығы бойынша позициялары 60-орынға дейін жақсарды.
Алайда, мұнайға қатысты емес тәуелділіктің төмендеуіне қол жеткізілмеді. 10 жыл бойы өңдеуші сектордың үлесі 11%-тен аспай отыр. Экспорттың құрылымында минералды өнімдер 70%-ті құрайды.
Халықтың нақты табысы 5,5%-ке өскен. Алайда, халықтың шығыстарында азық-түлік тауарларының үлесі 50%-ке дейін ұлғайған.
Бұл ретте халықтың банктердегі кредиттері өсуде. 2019 жылы тұтыну кредиттерінің өсуі халықтың номиналды табысының 15%-ке жуық артуынан асып түсті.
Жалпы алғанда, мемлекет тарапынан көрсетілген айтарлықтай қолдауға қарамастан, соңғы 5 жылда ел экономикасындағы банк секторының рөлі төмендегені байқалады. Оның активтері ЖІӨ-ге шаққанда 2015 жылғы 60%-тен өткен жылдың қорытындысы бойынша 40%-ке дейін төмендеді. Ел банктерінің несие қоржыны ЖІӨ-ге шаққанда шамамен екі есеге қысқарды. Проблемалық қарыздардың өсуі жалғасуда.
Бизнес үшін қолжетімді және «ұзын» ақша қалай болған жоқ, солай әлі де жоқ. Бизнеске оның қаншасы керек оны да ешкім санаған жоқ.
Монеталау деңгейінің төмендеуі жалғасуда. 2019 жылдың қорытындысы бойынша – 31%. Ал 2016 жылы ол 42%-ті құраған еді.
Салыстыру үшін әлемде монеталау деңгейі орташа есеппен 122%-ті құрайды.
Экономика ақшамен қайдан толығады? Ақша болмаса ең болмағанда ағымдағы даму қарқынын қалай сақтау керек?
Мемлекеттік борыш Үкімет борышы сияқты қауіпсіз шектерде. Бірақ оларға қызмет көрсету мен өтеуге арналған шығындар бабы өсуде. Үкімет борышы бойынша мұндай шығындар 1,4 трлн. теңгеге дерлік (2018 жылға қарай – 28%-ке өсті) жетті.
Және таяу жылдары мұндай шығыстар міндеттемелер бойынша төлемдер мерзімдерінің келуіне байланысты одан әрі өсе беретін болады!
Алайда сіздермен бірге МЖӘ, квазимемлекеттік сектор және жергілікті атқарушы органдардың жобалары бойынша халықаралық қаржы ұйымдарынан алынған қарыздарды қадағалау бойынша жұмысты жолға қоюға қол жеткіздік.
Екіншіден, бюджеттің кіріс бөлігінде жағдай өзгерген жоқ.
Салықтық түсімдер құрылымында негізгі жүйе құраушы салық – КТС-тың үлесі қысқаруда. 2019 жылы ол 30%-тен төмен болды. Мұндай жағымсыз үрдіс бизнестің жай-күйіне тікелей әсер етеді.
ҚҚС-ны өтеуге жататын сома 2019 жылдың қаңтарына қарағанда 2020 жылғы 1 қаңтарға 2 есе (284 млрд. теңгемен салыстырғанда 540 млрд. теңгеге дейін) ұлғайған.
Бұл төлем мемлекетке төленбеуі тиіс еді! Оның бір бөлігі есепке алынады немесе келесі жылдың бірінші жартыжылдығында бизнеске өтелетін болады. Біз ақшаны керісінше, адал кәсіпкерлердің айналымынан алудамыз. Ал өткен жылы артық төленген қаражатты қайтара отырып, біз ағымдағы жылдың бюджетіне салмақ түсіреміз.
Артық төлемді төмендету шаралары да сұрақ туындатады. Өзінің көрсеткіштерін жақсарту мақсатында аумақтық мемлекеттік кірістер органдары (Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан қаласы) артық төлемдерді жасанды түрде төмендеткен. Есеп комитетінің іріктеу аудитімен тек 8 салық төлеуші бойынша (аудиторлық іріктеу - 62 жеке шот) 30 млрд. теңгеден астам сомаға артық төлемді негізсіз азайтқаны анықталды.
Мүмкін, аванстық төлемдермен емес, қызметтің нақты нәтижелері бойынша тоқсандық есептер негізінде КТС төлеу тәсілдерін қайта қарау қажеттілігі туындаған шығар. Бұл ретте төлемдер бойынша артық төлеу деңгейінің төмендеуі мемлекеттік кірістер органдарының тиімді жұмысының көрсеткіші болуы тиіс.
Бюджетке түсетін бересінің 17%-ке төмендеуінен оң нәтижелерге қол жеткізілген.
Осы жұмыстың сапасына келетін болсақ, көбінесе салық төлеушілерді банкрот деп тану есебінен азаю қамтамасыз етілген. Осылайша, азаю сомасының жартысынан астамы есептен шығарылған.
Салықтық әкімшілендіруде цифрландыру жоғары деңгейде болғанымен нәтижесіз тексерулердің саны ұлғайып отыр. Салықтық тексерулер бойынша жете есептелген сомаларды өндіріп алу проценті 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы 3 есеге жуық төмендеген.
Қолданылатын салықтық жеңілдіктер мен преференциялардың тиімділігіне бағалау жүргізілмейді. Басты себеп – салалық органдарда осындай жеңілдіктер, салалар және оларды алушылар қызметінің көрсеткіштері бөлінісінде ақпараттың болмауы.
Бизнес үшін жұмысты жеңілдетуге тырысамыз деп, мемлекеттік мүдделерді бақылаудан шығарып аламыз.
Тәсілдерді қайта қарап, жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың есептілігіне айқындық енгізу қажет деп есептейміз. Бизнестің мемлекет алдында үстеме міндеттемелері болуы тиіс.
Үшіншіден, бюджеттің шығыс бөлігінің атқарылуы кезінде 2019 жылы 428 млрд. теңгеден азы тиімсіз пайдаланылған – алдыңғы жылдан 3 есе артық.
Әлемдік сарапшылардың пікірінше, әртараптандырылмаған экономикаларда шикізаттық ресурстардан түскен кірістер елдің қажеттіліктерін жаба алмайтын болады. Ал бізде қазірдің өзінде Ұлттық қордың қаражаты бюджет кірісінің үштен бір бөлігін және оның шығыстарының төрттен бір бөлігін құрайды.
Бюджеттің өзінің атқарылуын ұйымдастыруды қайта қарау өте маңызды деп санаймыз. Бұл процесс барынша транспарентті және цифрланған болуы тиіс.
Осы жылы біз депутаттардың ұсынысы бойынша пилоттық режимде мемлекеттік ресурстардың жұмсалуын тиімділік призмасы арқылы қарауға тырыстық. Салынған мемлекеттік инвестициялардың экономикалық әсері талданған болатын.
Бағалау экономиканың дамуына тікелей ықпал ететін шығыстар бойынша жүргізілді. Бұл даму бюджеті ғана емес, сонымен қатар күрделі шығындар, субсидиялау және кредит беру.
Республикалық бюджеттің жалпы көлеміндегі осындай шығыстардың үлесі 2019 жылы 14%-тен аз болды. Ал экономиканың одан әрі өсуі үшін ресурстарды генерациялауға дәл осы шығыстар мүмкіндік береді. Бұл ретте осы шығыстардың құрылымындағы құрылысқа жұмсалған шығындар, нысаналы даму трансферттері 40%-тен сәл асып, жартысынан да аспады.
Ал бұл ретте елімізде басталып, алайда түрлі себептер бойынша аяқталмаған халық үшін маңызы зор жобалар көптеп жинақталды. Әкімдіктермен бірге жалпы құны 52 млрд. теңгені құрайтын осындай 43 жобаны есептеп шығардық. Оларға жартысынан көп дерлік шығын жұмсалған (34 млрд. теңге). Ал бұл жобалардың аяқталуы тіпті де болжанып отырған жоқ. Жекелеген жобалар бойынша мерзімдері 5 жылдан астам уақыт созылуда (10 жылдан асқан – 1 жоба, 5 жылдан 10 жылға дейін – 23 жоба, 5 жылға дейін – 19 жоба). Оларға қосымша ресурстар қажет. Ал өңірлерде мұндай ресурстар жоқ.
Қаражат өзекті емес ЖСҚ-ны түзетуге және\немесе қымбаттау құнын өтеуге қажет.
Аталған фактілер Мемлекет басшысының барынша жоғары әлеуметтік-экономикалық әсерге ие жобаларды басым қаржыландыру жөніндегі тапсырмасына қайшы келеді.
Есеп комитетінің бағалауынша, республикалық бюджет 100% атқарылғанымен 9% тікелей және 16% түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмеген (өткен жылға қарағанда бір жарым және екі есе көп). Министрліктердің өздері айтқандай, егер индикаторлар дұрыс жоспарланған болса, АҚША ҚАЙДА? деген келесі сұрақ туындайды.
Сонымен қатар, іске асырылуы 2019 жылы аяқталған 7 мемлекеттік бағдарлама бағаланды. Жұмсалған қаражаттың қол жеткізілген нәтижелерге ықпалы кейінге қалдырылған әсер ескеріле отырып және ұзақ мерзімді перспективада талданды. Бұл, өкінішке орай, әзірге уәкілетті органдардың бағалауларында жоқ.
Әрине, Әлеуметтік-экономикалық әсерді бағалау әдістемелерін мемлекеттік аудит органдары емес, бейінді министрліктер әзірлейтін уақыт та келеді деп үміттенеміз. Үкіметте осындай әдістемелер мен құралдар болмағандықтан, біз орташа алғанда 7 жылдағы статистикалық және ведомстволық деректердің негізінде әсерді бағаладық. Бұл ретте экономиканың нақты саласын дамытудағы мемлекеттік инвестициялардың үлесі ескерілді.
Тұжырымдар көңіл көншітпейді. Өсу әлеуеті елеулі бола тұра, жалпы мультипликативтік әсер орташа деңгейде бағаланды.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың 1 теңгесі орташа есеппен 90 тиын мөлшерінде (0,62 теңгеден 1,16 теңгеге дейін) өнім шығаруға мүмкіндік берген.
Дүниежүзілік банк бюджеттік шығыстар мультипликаторын (яғни біріктірілген көрсеткіш) есептеді, ол Қазақстан бойынша 2015 жылдың өзінде 0,2 – 0,3 мәндер деңгейінде бағаланған болатын. Яғни бюджеттің жұмсалған әрбір долларына нақты әсер ретінде тек 20 - 30 цент қана қайтарылады. Бұл осы көрсеткіш 0,6-ға дейін жететін дамушы елдерден екі есе төмен.
Бұдан бетер, біздерде құрылатын жұмыс орындарының көпшілігі – уақытша жұмыс орындары.
Сонымен қатар, салалық министрліктер мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу нәтижелерін барлық саланың даму қорытындысымен бағалайды. Ал мемлекет қаражатының экономикаға инвестициясы азаю бағытымен 12%-ті құрайды. Яғни көрсеткіштер жеке инвестициялардың есебінен орын алып отыр. Сонда біз кімді алдап отырмыз? Тек өзімізді өзіміз ғана алдап отырмыз!
Төртіншіден, айтарлықтай қарсылыққа қарамастан, Сенат депутаттарының қолдауымен Елбасы мен Мемлекет басшысының мемлекеттік ресурстарды тиімсіз жоспарлап, жұмсағаны үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жауапкершілігін регламенттеу туралы тапсырмаларын орындау басталды.
Мұндай жауапкершілік Бюджет кодексінде және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте бекітілді. Әзірге екі дефиниция бойынша.
Осы жұмысты жалғастыру өте маңызды деп есептейміз. Өйткені, нәтижелерге қол жеткізбеу немесе қаржыны толық игеру кезінде жоспарланған әсердің болмауы сияқты бұзушылықтар қолданыстағы заңнамаға әлі енгізілген жоқ, ал оларды енгізбей, Президент тапсырмасының формальды түрде орындалғанынан басқа ештеңе айта алмаймыз.
Ал бізде қалай? Есеп комитеті анықтаған бұзушылықтар бойынша тәртіптік жазаға тартылғандардың ішінде 58%-і қатардағы орындаушылар.
Сондықтан тәртіптік жауаптылығын да қатаңдату – «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға өзгеріс енгізу керек.
Бесінші. Біз бұған дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша қалыптасып отырған проблеманы атап өттік.
Бұл ретте МЖӘ жобасының 75%-і объектілерді салмай-ақ және жаңғыртусыз іске асырылуда.
МЖӘ жобалары санының өсуі тартылатын инвестициялардың көлемдерімен сай келмейтін мемлекеттік міндеттемелердің өсуіне әкеледі. Жеке инвестицияның 1 теңгесін тартуға бюджет қаражатының 2 теңгесі жұмсалады.
Және бұл жеке инвестордың болмашы қарсы міндеттемелерінің аясында болып отыр.
Біздің бағалауымызша, республикалық жобалар бойынша бюджетке негізгі жүктеме 2023 және одан кейінгі жылдарға орташа есеппен жыл сайын 58 млрд. теңгеден келеді. Жергілікті бюджеттерге –2020-2021 жылдарға барлық өңір бойынша орташа есеппен жыл сайын 70 млрд. теңгеден келеді.
Сондықтан МЖӘ жобаларын іске асырудың әлеуметтік-экономикалық әсерін есептеу әдісін әзірлеу, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені кезең-кезеңмен төмендету екінші кезекте.
Алтыншы. Квазимемлекеттік сектор бойынша бір-екі ауыз сөз.
Республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат көптеген мемлекеттік компаниялар үшін табыс көзі болды. Нәтижесінде мемлекеттік қолдау алуы тиіс кәсіпкер кредиттік қаражатты жоғарылатылған мөлшерлеме бойынша алады (квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1%-тен кем бюджеттік кредит берілген кезде орташа есеппен 6-дан 9%-ке дейін).
Дивидендтік саясатта жүйелі кемшіліктер орын алып отыр.
Мемлекетке төленетін дивидендтер көлемі алынған таза кіріске сәйкес келмейді, соңғы бес жылда – 6,6%. Бұл осындай субъектілердің шығындылығының өсуімен және дивидендтерді төлеу бойынша кейінге қалдырумен байланысты.
Және соңғысы.
Есеп комитетінің Үкіметтің Есебіне берген Қорытындысында алғаш рет шоғырландырылған қаржылық есептілік аудиті туралы алдын ала ақпарат берілді, Заңға сәйкес осы жылдан бастап жүргізуге тиіспіз.
Бірақ бұл тақырыптың өзі жеке әңгіме, себебі жекелеген әкімшілердің мұндай есептілікті жасауының дұрыстығын тексермейінше шоғырланудың анықтығы туралы айту мүмкін емес. Мұндай тексеру 2013 жылдан бастап ЖСХҚЕС-ке өту кезінде жүргізілуі тиіс еді (бастапқы сальдоны тексеру).
Бюджеттің объективті шоғырлануына кедергі келтіретін бірқатар әдіснамалық және ұйымдық міндеттерді шешу және оның негізінде тиімді экономикалық шешімдерді қабылдау қажет.
Жалпы Есеп комитеті бюджеттік инвестициялардан экономикалық қайтарымды арттыру, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіру мүмкіндігін атап өтті. Бұл дағдарыс кезеңінде экономиканы дамыту үшін жеткілікті резерв болып табылады.
Есеп комитетінің Қорытындысы толық қаралды. Депутаттар біздің тұжырымдарымыз бен ұсынымдарымызға егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Олардың көпшілігінің қолдау білдіргеніне рақмет айтамын. Сонымен қатар министрліктердегі әріптестерімізге де бюджеттің атқарылу тиімділігін арттыру мәселесіндегі сындарлы диалог үшін алғыс білдіреміз.
Осы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Есеп комитетінің күші дағдарысқа қарсы қаражаттың пайдаланылуын бақылауға жұмылдырылады және квазимемлекеттік сектор компанияларына аудит жүргізуді жалғастырады.
Баяндама аяқталды.
Назарларыңызға рақмет!