Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы ынтымақтастықты дамытудың кешенді бағдарламасын іске асыру шеңберінде Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы (ЖАП) Әзірбайжанның Есеп палатасымен бейнеконференция өткізді.
Кездесу барысында ЖАП мүшесі Расул Рахимов әзірбайжандық әріптестерімен ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, бірлескен бастамаларды, соның ішінде тәжірибе алмасу мен оқытуды қолдауға дайын екендігін білдірді.
Әзірбайжан Есеп палатасының өкілі Тамерлан Юсифзаде қазақстандық тарапқа жемісті өзара іс-қимыл үшін алғыс айтып, бұл шара екі елдің жоғары аудит органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қызмет ететінін атап өтті.
Бейнеконференцияда мемлекеттік аудит, қаржы және экономика саласында ғылыми және талдамалық зерттеулер жүргізетін ЖAП-тың ведомстволық бағынысты ұйымы – Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығының қызметі ұсынылды. Орталық сонымен қатар мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары үшін мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттырумен айналысады. Бүгінгі таңда Орталық ACCA халықаралық кәсіби қауымдастығының күміс серіктесі мәртебесіне ие.
Бұдан басқа, аудит және қаржы саласындағы негізгі оқу бағдарламалары мен курстары, сондай-ақ MOODLE қашықтықтан оқыту жүйесі таныстырылды.
Түстен кейін ЖАП құрылымдық бөлімшелерінің басшылары шоғырландырылған қаржылық есептілік бойынша семинар өткізді. Семинар барысында Әзірбайжанның Есеп палатасы барлық сұрақтарға жан-жақты жауап алды.
Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі