
Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!
Құрметті депутаттар!
2019 жылғы бюджет берілген параметрлер шегінде атқарылды. Бұған жеткілікті қолайлы макроэкономикалық жағдай да, Үкімет қабылдаған шаралар да ықпал етті. Ол жөнінде қазір айтылды.
Бүгін біз өткен жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есепті қарастырып отырмыз. Бірақ осы жарты жылда бәрі өзгерді. Бір жағынан, біз өткен жылы экономиканың көптен күткен өсуін, екінші жағынан – осы жылдың өте қиын жағдайын атап өтудеміз. Әлемде де, бізде де. Сондықтан қазір заң бұзушылықтарды ғана емес, мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдердің резервін іздеу мүмкіндігін талқылау керек шығар.
Және бұл резервтер салықтық және кедендік әкімшілендірудің, сондай-ақ мемлекеттік ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыруда.
Мемлекет басшысы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мен бюджет қаражатын пайдалану үшін жауапкершілік пен есеп берушілікті қатаңдату қажеттігі туралы нақты атап өтті.
Депутаттардың қолдауының арқасында мұндай жауапкершілік Бюджет кодексінде және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте бекітілді. Әзірге екі дефиниция бойынша.
2019 жылғы республикалық бюджет қандай нәтижелермен атқарылды?!
Бірінші. Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстанның макроэкономикалық тұрақтылығы бойынша позициялары жақсарды, яғни 60 орынға дейін.
Мұнай тәуелділігінің төмендеу үрдісіне қол жеткізілген жоқ.
10 жыл бойы өңдеу секторының үлесі 11%-тен аспай отыр. Экспорт құрылымында минералды өнімдер 70%-тен асып түсті.
Азаматтардың әл-ауқатын арттыру міндеті қалай орындалып отыр? Халықтың нақты табысы 5,5%-ке өсті. Алайда, халықтың шығыстарында азық-түлік тауарларының үлесі - 50%-ке дейін артты. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш шамамен 10%-ті құрайды (АҚШ – 6%, Сингапур – 7%, Германия және Нидерланды – 11%).
Тіпті Ресей мен Беларусьте бұл сандар шығыстарының үштен бір бөлігінен де аспайды (тиісінше 28% және 32%).
Бұл нені білдіреді? Халықтың табысы жартылай «тамаққа жұмсалады» және халықтың өз жинақтарын ұлғайту мүмкіндігі жоқ.
Өмір сүру деңгейін жақсарту негізінен кредит беру есебінен қамтамасыз етіледі. 2019 жылы тұтыну кредиттерінің өсуі халықтың номиналды табысының 15%-ке жуық артуынан асып түсті. Ал тым көп кредит алу әлеуметтік проблемалар үшін алғышарттар жасайды.
Мемлекет тарапынан көрсетілген айтарлықтай қолдауға қарамастан, соңғы 5 жылда ел экономикасындағы банк секторының рөлі төмендегені байқалады. Оның активтері ЖІӨ-ге шаққанда 40%-ке дейін төмендеді. Ал бұл 2015 жылы 60%-тен жоғары болған. Ел банктерінің несие қоржыны ЖІӨ-ге шаққанда шамамен екі есеге қысқарды. Проблемалық қарыздар өсуде.
Бизнес үшін қолжетімді және «ұзын» ақша қалай болған жоқ, солай әлі де жоқ.
Мемлекеттік борыш Үкімет борышы сияқты қауіпсіз шектерде. Бірақ оларға қызмет көрсету мен өтеуге арналған шығындар бабы өсуде. Үкімет борышы бойынша мұндай шығындар 1,4 трлн. теңгеге дерлік (2018 жылға қарай – 28%-ке өсті) жетті.
Алайда біз МЖӘ, квазимемлекеттік сектор және жергілікті атқарушы органдардың жобалары бойынша халықаралық қаржы ұйымдарынан алынған қарыздарды қадағалау бойынша жұмысты жолға қоюға қол жеткіздік.
Екінші. Бюджеттің кіріс бөлігінде жағдай өзгерген жоқ.
Салықтық түсімдер құрылымында негізгі жүйе құраушы салықтың үлесі қысқаруда. Мен 30%-тен төмен (шамамен 2 трлн. теңге) (2015 жылы - 37%) КТС жөнінде айтып отырмын. Айтпақшы, мұндай жағымсыз үрдіс бизнестің жай-күйін де куәландырады.
Республикалық бюджетке салықтық түсімдер бойынша артық төлем өткен жылдың деңгейіне қарағанда 170 млрд. теңгеге кем болса да, әлі де маңызды. 1,5 трлн. астам теңге (ҚҚС – 82%, КТС – 11%).
Мемлекеттік бюджетке артық төлем – 2018 жылғы деңгейге қарағанда 158 млрд. теңгеге азая отырып, 2 трлн. теңге.
Бұл төлем мемлекетке төленбеуі тиіс еді! Оның бір бөлігі есепке алынады немесе ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында бизнеске өтелетін болады. Нәтижесінде, соңында не қалады? Біз ақшаны керісінше, мемлекет тарапынан қолдауды сезінуі тиіс адал кәсіпкерлердің айналымынан аламыз. Бұдан да сорақысы, өткен жылы артық төленген қаражатты қайтара отырып, біз ағымдағы жылдың өзінде бюджетке салмақ түсіреміз.
Ал артық төлем қалай төмендетілді?! Ол да үлкен сұрақ. Есеп комитетінің іріктеу аудитімен тек 8 салық төлеуші бойынша (62 жеке шот бойынша 55 салық төлеушіден) 30 млрд. теңгеден астам сомаға артық төлемді негізсіз азайтқаны анықталды.
Мұны аумақтық мемлекеттік кірістер органдары (Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан қаласы) өздерінің статистикалық көрсеткіштерін жақсарту мақсатында жасаған.
Мүмкін, аванстық төлемдермен емес, қызметтің нақты нәтижелері бойынша тоқсандық есептер негізінде КТС төлеу тәсілдерін қайта қарау қажеттілігі туындаған шығар. Бұл ретте төлемдер бойынша артық төлеу деңгейінің төмендеуі мемлекеттік кірістер органдарының тиімді жұмысының көрсеткіші болуы тиіс.
Бюджетке түсетін бересінің 17%-ке төмендеуінен (2019ж. – 165 млрд. тг, 2018ж. – 198 млрд. тг, 2017ж. – 115 млрд. тг) оң нәтижелерге қол жеткізілген.
Осы жұмыстың сапасына келетін болсақ, көбінесе салық төлеушілерді банкрот деп тану есебінен азаю қамтамасыз етілген, яғни төмендеу деңгейінің (2018ж. – 41% немесе 37 млрд. тг) 53%-і (67 млрд. тг).
Қолданылатын салықтық жеңілдіктер мен преференциялардың тиімділігіне бағалау жүргізілмейді. Басты себеп – салалық органдарда осындай жеңілдіктер, салалар және оларды алушылар қызметінің көрсеткіштері бөлінісінде ақпараттың болмауы.
Бизнес үшін жұмысты жеңілдетуге тырысамыз деп, мемлекеттік мүдделерді бақылаудан шығарып аламыз.
Қызметінің нәтижесі бойынша мемлекет алдында үстеме міндеттемелері болуы үшін, тәсілдерді қайта қарап, жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың есептілігіне айқындық енгізу қажет деп есептейміз.
Үшінші. Бюджеттің шығыс бөлігінің атқарылуы.
2019 жылы 428 млрд. теңгеден азы тиімсіз пайдаланылған – алдыңғы жылдан үш есе артық.
Бюджеттің өзінің атқарылуын ұйымдастыруды қайта қарау өте маңызды деп санаймыз. Бұл процесс барынша транспарентті және цифрланған болуы тиіс.
Ондай болмаған жағдайда, тиімсіз шығындар өсе беретін болады. Ал қателіктермен жұмыс және жеткілікті түрде нәтижелі емес экономикалық шешімдерді уақтылы түзету жүргізілмейтін болады.
Әлемдік сарапшылардың бағалауы бойынша барлық елдердің экономикасы, әсіресе әртараптандырылмаған экономикалар айтарлықтай құрылымдық өзгерістерге ұшырайтын ағымдағы жағдайларда осыған жол беруге болмайды деп пайымдаймыз. Шикізаттық ресурстардан түскен кірістер елдің қажеттіліктерін жаба алмайтын болады. Көрнекі мысал ретінде, қазірдің өзінде Ұлттық қордың қаражаты бюджет кірісінің үштен бір бөлігін және оның шығыстарының төрттен бір бөлігін құрайды.
Осы жылы біз мемлекеттік ресурстардың жұмсалуын тиімділік призмасы арқылы қарауға тырыстық. Депутаттардың ұсынысы бойынша салынған мемлекеттік инвестициялардың экономикалық әсері пилоттық режимде талданған болатын.
Бағалау экономиканың дамуына тікелей ықпал ететін шығыстар бойынша жүргізілді. Бұл даму бюджеті ғана емес, сонымен қатар күрделі шығындар, субсидиялау және кредит беру.
Республикалық бюджеттің жалпы көлеміндегі осындай шығыстардың үлесі 2019 жылы 14%-тен аз болды (1,7 трлн. теңге). Ал экономиканың одан әрі өсуі үшін ресурстарды генерациялауға дәл осы шығыстар мүмкіндік береді. Бұл ретте осы шығыстардың құрылымындағы құрылысқа жұмсалған шығындар, нысаналы даму трансферттері 40%-тен сәл асып, жартысынан да аспады.
Сонымен қатар, іске асырылуы 2019 жылы аяқталған 7 мемлекеттік бағдарлама бағаланды. Жұмсалған қаражаттың қол жеткізілген нәтижелерге ықпалы кейінге қалдырылған әсер ескеріле отырып және ұзақ мерзімді перспективада талданды. Бұл, өкінішке орай, әзірге уәкілетті органдардың бағалауларында жоқ.
Әрине, Іске асырылатын мемлекеттік бағдарламаларды бағалау әдістемелерін мемлекеттік аудит органдары емес, бейінді министрліктер әзірлейтін уақыт та келеді деп үміттенеміз. Үкіметте осындай әдістемелер мен құралдар болмағандықтан, біз орташа алғанда 7 жылдағы статистикалық және ведомстволық деректердің негізінде әсерді бағаладық. Бұл ретте экономиканың нақты саласын дамытудағы мемлекеттік инвестициялардың үлесі ескерілді.
Тұжырымдар көңіл көншітпейді. Өсу әлеуеті елеулі бола тұра, жалпы мультипликативтік әсер орташа деңгейде бағаланды.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың 1 теңгесі орташа есеппен 90 тиын мөлшерінде (0,62 теңгеден 1,16 теңгеге дейін) өнім шығаруға мүмкіндік берген.
Дүниежүзілік банк бюджеттік шығыстар мультипликаторын (яғни біріктірілген көрсеткіш) есептеді, ол Қазақстан бойынша 2015 жылдың өзінде 0,2 – 0,3 мәндер деңгейінде бағаланған болатын. Яғни бюджеттің жұмсалған әрбір долларына нақты әсер ретінде тек 20 - 30 цент қана қайтарылады. Бұл осы көрсеткіш 0,6-ға дейін жететін дамушы елдерден екі есе төмен.
Сонымен қатар, салалық министрліктер мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу нәтижелерін барлық саланың даму қорытындысымен бағалайды. Ал мемлекет қаражатының экономикаға инвестициясы азаю бағытымен 12%-ті құрайды. Яғни көрсеткіштер жеке инвестициялардың есебінен орын алып отыр. Сонда біз кімді алдап отырмыз? Тек өзімізді өзіміз ғана алдап отырмыз!
Біз бұған дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша қалыптасып отырған проблеманы атап өттік.
МЖӘ жобалары санының өсуі тартылатын инвестициялардың көлемдерімен сай келмейтін мемлекеттік міндеттемелердің өсуіне әкеледі. Жеке инвестицияның 1 теңгесін тартуға бюджет қаражатының 2 теңгесі жұмсалады.
Және бұл жеке инвестордың қарсы міндеттемелерінің болмауы аясында болып отыр. Бұл жеке әріптестердің іске асырылатын жобалардың нәтижелілігін арттыруға ынталандырмайды.
Біздің бағалауымызша, республикалық жобалар бойынша бюджетке негізгі жүктеме 2023 және одан кейінгі жылдарға орташа есеппен жыл сайын 58 млрд. теңгеден келеді. Жергілікті бюджеттерге –2020-2021 жылдарға барлық өңір бойынша орташа есеппен жыл сайын 70 млрд. теңгеден келеді.
Сондықтан МЖӘ жобаларын іске асырудың әлеуметтік-экономикалық әсерін есептеу әдісін әзірлеу, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені кезең-кезеңмен төмендету екінші кезекте.
Төртінші. Квазимемлекеттік сектор бойынша бір-екі ауыз сөз. Мемлекет басшысы 2019 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында («Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі», 2019 жылғы 2 қыркүйек) квазимемлекеттік сектордан қайтарымды арттыруды тапсырған болатын.
Алайда оның тиімді жұмысы туралы әзірге айта алмаймыз. Олардың бюджетке тәуелділігі сақталып отыр. 2007 – 2019 жылдар аралығында холдингтерге 7,5 трлн. теңге көлемінде ұлттық ресурстар берілген, бұны елдің 7 даму бюджетімен салыстыруға болады.
Бұл ретте холдингтердің аталған қаражатты жалпыұлттық мақсаттарды іске асыруға жұмсауына мониторинг жүзеге асырылмайды. Бұл ретте әрбір квазимемлекеттік сектор субъектісінің мемлекеттік міндеттерге қол жеткізудегі рөлін қаржылық ресурстарға байланыстыра отырып, нақты айқындау талап етіледі.
Республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат көптеген мемлекеттік компаниялар үшін табыс көзі болды. Нәтижесінде мемлекеттік қолдау алуы тиіс кәсіпкер кредиттік қаражатты жоғарылатылған мөлшерлеме бойынша алады (квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1%-тен кем бюджеттік кредит берілген кезде орташа есеппен 6-дан 9%-ке дейін).
Дивидендтік саясатта жүйелі кемшіліктер орын алып отыр.
Және соңғысы.
Есеп комитетінің Үкіметтің Есебіне берген Қорытындысында алғаш рет шоғырландырылған қаржылық есептілік аудиті туралы алдын ала ақпарат берілді, Заңға сәйкес осы жылдан бастап жүргізуге тиіспіз.
Бірақ бұл тақырыптың өзі жеке әңгіме, себебі жекелеген әкімшілердің мұндай есептілікті жасауының дұрыстығын тексермейінше шоғырланудың анықтығы туралы айту мүмкін емес. Мұндай тексеру 2013 жылдан бастап ЖСХҚЕС-ке өту кезінде жүргізілуі тиіс еді (бастапқы сальдоны тексеру).
Бюджеттің объективті шоғырлануына кедергі келтіретін бірқатар әдіснамалық және ұйымдық міндеттерді шешу және оның негізінде тиімді экономикалық шешімдерді қабылдау қажет.
Жалпы Есеп комитеті бюджеттік инвестициялардан экономикалық қайтарымды арттыру, салықтық және кедендік әкімшілендіру мүмкіндігін атап өтті. Бұл дағдарыс кезеңінде Қазақстанның экономикасын дамыту үшін беріктіліктің жеткілікті қоры мен резерві болып табылады.
Есеп комитетінің Қорытындысы толық қаралды. Депутаттар біздің тұжырымдарымыз бен ұсынымдарымызға егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Олардың көпшілігінің қолдау білдіргеніне рақмет айтамын. Сонымен қатар министрліктердегі әріптестерімізге де бюджеттің атқарылу тиімділігін арттыру мәселесіндегі сындарлы диалог үшін алғыс білдіреміз.
Осы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Есеп комитетінің күші дағдарысқа қарсы қаражаттың пайдаланылуын бақылауға жұмылдырылады және квазимемлекеттік сектор компанияларына аудит жүргізуді жалғастырады.
Баяндама аяқталды.
Назарларыңызға рақмет!