
2023 жылғы 28 қарашада Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің жоғары қаржылық бақылау (аудит) органдарының бірлескен отырысы өтті.
Мәскеуде (Ресей Федерациясы) өткен отырысқа Армения Республикасының Аудит палатасының, Беларусь Республикасы Мемлекеттік бақылау комитетінің, Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының, Қырғыз Республикасы Есеп палатасының және Ресей Федерациясы Есеп палатасының басшылары мен өкілдері қатысты.
Бес мемлекеттің уәкілетті органдарының 2022 жылы кедендік әкелу баждарының сомаларын (баламалы қолданылатын өзге де баждарды, салықтар мен алымдарды) есепке жатқызу мен бөлу, оларды ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің бюджеттері кірісіне аудару тәртібі туралы хаттаманы сақтауына жүргізілген бірлескен тексерудің қорытындысы шығарылды.
2022 жылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары жалпы алғанда бес мемлекеттің бюджеттері арасында кедендік әкелу баждарын бөлу тәртібін сақтауды қамтамасыз еткені атап өтілді.
ЕАЭО-ға мүше бес мемлекеттің 2022 жылғы бюджеттеріне түскен кедендік әкелу баждарының жалпы сомасы 2021 жылмен салыстырғанда (13,5 млрд АҚШ доллары) 3,2 млрд АҚШ долларына немесе 23,7%-ға азайып, 10,3 млрд АҚШ долларын құраған.
Бірлескен отырыстың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының ұстанымын ескере отырып, Хаттаманың міндеттемелерін толық және уақтылы орындауды қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар ұсыныстарды қамтитын бірлескен тексеру нәтижелері туралы есепті бекіту және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкіметтеріне, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссияға жіберу туралы шешім қабылданды.
Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі