Жоғары аудиторлық палата ұлттық валютаның 30 жылдығын атап өтті

Жоғары аудиторлық палата ұлттық валютаның 30 жылдығын атап өтті

2023 жылғы 15 қарашада Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасында (ЖАП) Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран сияқты тәуелсіздік пен егемендік нышандарының бірі – мемлекеттің ақша жүйесінің негізі, ұлттық төл валютасының болуы. 1993 жылы 15 қарашада Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы теңге айналымға енді. Бұл дата тәуелсіз Қазақстанның тарихында алтын әріптермен жазылды. Еліміздің төл теңгесін енгізу ұлттық нарықтық инфрақұрылымды құруға, реформалардың алғашқы жылдарында жеке қаржы-несие және бюджет-салық саясатын іске асыруға және тиімді саяси-экономикалық тұрақтылыққа әкелді.

Салтанатты шараны ашқан ЖАП Төрағасы Наталья Годунова ұжымды осы айтулы күнмен құттықтап, ұлттық валютаның жасалу тарихына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанның ұлттық валютасын енгізу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Теңгені енгізу күрделі операция және оған дайындық сонау 1991 жылы басталды. Дизайн өте қысқа мерзімде әзірленді. Мысалы, ағылшын фунтын жасауға алты жыл қажет болса, қазақстандық мамандарға жұмыс істеуге небәрі алты ай уақыт берілген. Қатаң құпияда атқарылған жауапты іске дарынды дизайнерлер тартылды.

«Бүгінде осыдан 30 жыл бұрынғыдай ұлттық валютамыз – республиканың экономикалық тәуелсіздігінің ең маңызды атрибуты. Халықаралық аренада біздің валютамыз бірнеше рет үздік деп танылып, лайықты орынға ие болды. Теңгеміз нығайып, еліміз өркендей берсін», – деді Қазақстанның жоғары аудит органының басшысы.

Сонымен қатар іс-шара аясында ЖАП жұмыскерлерін Қаржы министрлігінің «Қаржы қызметінің үздігі» ведомстволық наградаларымен және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы 30-жылдығына арналған «Теңгеге 30 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапаттау рәсімі өтті.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі