Жоғары аудиторлық палатада тілдер мерекесіне орай сайыс өтті

Жоғары аудиторлық палатада тілдер мерекесіне орай сайыс өтті

Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі аясында тіл мәдениетін одан әрі арттыру және тілдік капиталды дамыту мақсатында «Ой көкпар» зияткерлік сайысын жыл сайын өткізеді.    Биыл бұл шара  Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы –
теңгенің айналымға енгізілгеніне 30 жыл толуына
орай ұйымдастырылды.

Аталған сайысқа Жоғары аудиторлық палатаның құрылымдық бөлімшелері, «Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығы» ЖШС қызметкерлерінен үш команда жасақталды. Әр команда бес ойыншыдан құралды.

ЖАП-тың Құжаттарды лингвистикалық сараптау және редакциялау секторының меңгерушісі Данияр Жамбайбектің айтуынша осы шара қызметкерлердің дүниетанымын кеңейту, мемлекеттік тілде еркін сөйлеу дағдыларын дамыту, ұлтымызға қызмет еткен тұлғаларды насихаттау, мемлекеттік және ұлттық мерекелердің идеологиялық құндылықтарын ілгерілету, оқу-білімге деген қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Бұл сайыста дәстүрлі форматта өтті. Қатысушылар логикалық сұрақтарға жауап беру, бейне-сұрақ, сыр сандықта жасырылған затты табу, берілген мақал-мәтелдерді аудару сияқты тапсырмаларды орындады. Ойын тартысты әрі қызықты өтті.

Сайысқа Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Бағдад Қожа-Ахмет, сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерінен құралған қазылар алқасы сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарды анықтап, оларды арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапаттады.

Сонымен қатар, шара аясында мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметші Бибігүл Кеңесжанға ЖАП Төрағасы Наталья Годунованың алғыс хаты табысталды.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі