ҚР Жоғары аудиторлық палатасы «Қазсушар» РМК қаржы-шаруашылық қызметінің тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудитті аяқтады

ҚР Жоғары аудиторлық палатасы «Қазсушар» РМК қаржы-шаруашылық қызметінің тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудитті аяқтады

ҚР Жоғары аудиторлық палатасының кезекті отырысы өтті, онда «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының (РМК) 2018 жылғы 1 қаңтардан 2023 жылғы 31 мамырға дейінгі кезеңдегі, оның ішінде халықаралық қарыздар шеңберінде бөлінген қаражатты пайдалану кезіндегі қаржы-шаруашылық қызметінің қорытындылары қаралды.

Су ресурстарын ұтымды пайдалану, гидротехникалық құрылыстарды дұрыс пайдалану және күтіп ұстау – қазіргі уақыттағы маңызды мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы бұл мәселеге ерекше назар аударуда.

«Қазсушар» РМК және оның балансындағы су шаруашылығы объектілері республикалық маңызы бар су шаруашылығы объектілерін күтіп-ұстауды, пайдалануды және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қамтамасыз етеді. Соған қарамастан, қаржы-шаруашылық қызметіндегі тиімсіз басқару, жобалық менеджменттің қателіктері және су тұтынушыларының берешегі «Қазсушар» РМК-ның тұрақсыз қаржылық жағдайға әкеп соқтырды.

«Қазсушар» РМК-нің 98%-ға тең қаржылық тұрақтылығы іс жүзінде «ойдан шығарылған» болып шықты, өйткені бұл көрсеткіш табыс әкелмейтін және өндірісті дамытуға жұмыс істемейтін қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы бос ақша қаражатының қалдығы (18,9 млрд.теңге)  есебінен бұрмалануда. Бұл қаражат 2018 жылдан бастап шоттарда жинақталады және төмендеу үрдісі жоқ.

Мемлекеттік қаржыландыру тоқтатылған жағдайда, материалдық активтердің тозуы жоғары «Қазсушар» РМК-нің тұрақсыз қаржылық жағдайы оған жаңа активтерді дербес сатып алуға, сондай-ақ қолда бар активтерді толық көлемде жөндеуге және оларға қызмет көрсетуге мүмкіндік бермейді.

Халықаралық қарыздар шеңберіндегі жобалардың әлсіз іске асырылуы кәсіпорынның қосымша шығындарының ұлғаюына әкелді. Осылайша, жобаларды түзету рәсімдерін жүргізу, іске асыру мерзімдерін кешіктірумен қатар, жалпы сомасы 1 725,2 млн.теңгеге қарыз қаражатын резервтеу үшін комиссия түрінде кәсіпорынның қосымша шығындарына әкеп соқтырды.

2018 жылдан бастап іске асырудың барлық кезеңінде халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздары бойынша жобалардың орындалуы 39% құрайды. Қарыздардың  қол жетімділік мерзімі екі рет ұзартылғанына қарамастан, бүгінгі күні 61 жобаның 18-і (29%) пайдалануға берілді, 37 (61%) іске асырылуда, 6 жоба (10%) бойынша жұмыстар басталмаған.

Объектілерді жобалау кезінде жіберілген қателіктер, сондай-ақ ирригациялық жүйелердің сақталуын қамтамасыз етпеу себебінен жер пайдаланушылар Ақтөбе облысының тұрақты суару объектілерін реконструкциялау аяқталған жобаларын пайдаланбайды, бұл 3 011,8 млн.теңге сомаға бюджет және қарыз қаражатын тиімсіз пайдалануға әкеп соқты.

Көптеген жылдар бойы шешімін таппаған бірқатар гидротехникалық құрылыстардың қанағаттанарлықсыз жай-күйіне қарамастан, тірек гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін декларациялау жүргізілмеген, гидротехникалық құрылыстардың физикалық тозуын анықтаудың объективті әдістемесі жоқ, бұл олардың іс жүзіндегі жай-күйін талдауды бұрмалануына себеп болуда.

«Қазсушар» РМК балансындағы гидротехникалық құрылыстарды автоматтандыру деңгейі өте төмен. 5 932 су шаруашылығы құрылыстарының тек 118-і автоматтандырылған (2%). Бұл ретте, осы 118 құрылыстың ішінде тек 47 (40%) автоматтандыру жұмыс істейді.

«Қазсушар» РМК әлеуметтік-экономикалық жағдайына теріс әсер ететін күрделі жүйелік проблема – білікті кадрлардың тапшылығы және тәжірибелі мамандардың кетуі.

Барлық анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтар бойынша «Қазсушар» РМК қызметін басқару тиімділігін арттыру бөлігінде Үкіметке тиісті ұсынымдар берілді. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне, Ақтөбе облысы мен Жетісу облысының әкімдеріне, «Қазсушар» ШЖҚ РМК-ге анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою, заңнаманы бұзуға жол берген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау бойынша шаралар қабылдауға тапсырма берілді.

ҚР Жоғары аудиторлық палатасының баспасөз қызметі