
Қазақстан Республикасының Парламенті «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шеңберінде Жоғары аудиторлық палатаның өкілеттіктерін кеңейтетін түзетулер қабылдады.
Қазақстан Республикасының Президенті бұрын қолданыста болған Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің негізінде Мемлекеттік аудиттің толыққанды жоғары органын қалыптастыру жөніндегі саясатты дәйекті түрде іске асырып келеді.
Мемлекет басшысының конституциялық реформасы аясында және мемлекет қаражатының пайдаланылу тиімділігін түбегейлі арттыру қажеттігіне байланысты қоғамның сұранысына жауап ретінде Парламент депутаттары тиісті түзетулерге бастамашылық жасаған болатын.
Осылайша, енгізілген өзгерістерге сәйкес Жоғары аудиторлық палата республикалық бюджет қаражатына мемлекеттік аудит жүргізіп қана қоймай, сонымен бірге жергілікті бюджет қаражатына да аудит жүргізу құқығына ие болып отыр.
Іс жүзінде бұдан бұлай жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын барлық инвестициялық жобалар Жоғары аудиторлық палатаның жіті бақылауына алынады.
Бұдан басқа, Жоғары аудиторлық палатаға барлық мемлекеттік аудит органдарының (ІМАК, тексеру комиссиялары, ІАҚ) аудит қорытындыларын қайта қарау құқығы беріледі, ол сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, барлық мемлекеттік аудит органдарының қызметін жақсартуға бағытталатын болады.
Бұл өзгеріс кәсіпкерлік қызметке де оң ықпалын тигізеді. Жоғары аудиторлық палатаның мемлекеттік аудиттің басқа органдарының аудит қорытындыларын қайта қарау туралы қаулысына сүйене отырып, аудит объектісі бұрын берілген аудиторлық нұсқамаларға сот тәртібімен шағымдана алады. Бұл аудиторлық салада сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу шарасы болмақ.
Жоғары аудиторлық палатаның құзыретін кеңейту мемлекет қаражатының жұмсалуын бақылауды күшейтеді, ал Парламенттің күшеюімен бірге Президенттің «Күшті Президент - ықпалды Парламент - есеп беретін Үкімет» формуласын іске асыруға ықпал етеді.
Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі