
ҚР Жоғары аудиторлық палатасы кезекті отырыс өткізді, онда 2020 жылғы 1 қаңтар – 2022 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде еліміздің барлық өңірлерінің тексеру комиссияларымен бірлесіп жылумен жабдықтау саласындағы басқару, тартылған қаржы қаражатының мақсатына сай пайдаланылу және жылу энергиясын өндіру және беру объектілерінің инвестициялық бағдарламаларды орындау тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары қаралды.
Аудит барысында бірқатар жүйелік проблемалар мен кемшіліктер анықталды. Ең алдымен, жылу энергетикасы жылумен жабдықтау көздерінің (66%) және жылу желілерінің (54%) негізгі жабдықтарының физикалық және моральдық тозуының жоғары деңгейімен, пайдалы әсерінің төмен коэффициентімен (қазандықтарда орта есеппен 75%, бүкіл жүйеде 58%) сипатталады. Салдарынан жыл сайын авариялық тоқтаулар саны өсуде (2021 жылы 22%-ға өскен), жылу шығынының (18 – 42%) және нормативтен тыс шығындардың (үш жыл ішінде 3 609 888,0 Г/кал немесе 14,3 млрд.теңге) деңгейі жоғары. Жылу инфрақұрылымының қанағаттанарлықсыз жай-күйі тұрғын үй-коммуналдық саланың энергия тиімділігінің төмендігімен (тұрғын үйлердің 31,1% күрделі жөндеуді талап етеді, 5,5% тозған, 1,4% авариялық), саланы автоматтандырудың, цифрландырудың және аспаптандырудың төмен деңгейімен байланысты.
Саланы мемлекеттік реттеуді бірнеше уәкілетті органдар жүзеге асырады. Жылу энергетикасы саласындағы жалпы саясатты айқындайтын бірыңғай мемлекеттік органның болмауына байланысты жылумен жабдықтау саласын дамытуға ұзақ мерзімді стратегия мен кешенді, жүйелі тәсіл жоқ.
Қолданыстағы заңнама жылу энергетикасы саласы қызметінің барлық аспектілерін толық көлемде есепке алмайды және реттемейді (мәселен, қолданыстағы нормалар жылу энергетикасы саласында толыққанды бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді, уәкілетті тұлғалардың жылу маусымын дайындау және өткізу үшін жауаптылығын көздемейді және т.б.) Осы уақытқа дейін жылу энергетикасын және жылумен жабдықтау саласындағы қатынастардың барлық жиынтығын реттеудің толыққанды құқықтық негізін белгілейтін жеке салалық заң қабылданған жоқ.
Жылыту маусымына дайындық барысында кейбір жылу энергетикасы ұйымдары белгіленген талаптарды бұза отырып, күзгі-қысқы кезеңде жұмысқа дайындықтың міндетті паспорттарын беруге өтініш бермейді (2020-2022 жылдары ЖАО-ға 16 660 өтініш келіп түсті, оның ішінде 221 объект жылыту маусымына дайын емес деп танылды, 1674 кәсіпорын немесе 10% мүлдем өтініш бермеген). Бұл ретте, дайындық паспортын алмаған кәсіпорындар жылыту маусымында жұмысын жалғастырады, ал жергілікті атқарушы органдар мұндай субъектілерге заңнамада көзделген әкімшілік шаралар қолданбайды.
Қолданыстағы тариф белгілеу жүйесі саланың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етпейді, өйткені бекітілген тарифтер табиғи монополиялар субъектілерінің шығындарын толық өтемейді және инвестициялардың қажетті кірістілігін есепке алмайды. Негізгі себеп амортизациялық шығындардың тарифтік сметаға толық енгізілмеуі, 2020-2022 жылдар кезеңінде табиғи монополиялардың 70 субъектісіне тарифтік сметаларға шамамен 55,8 млрд. теңге енгізілмеген.
Тарифтік реттеу шеңберінде бекітілетін инвестициялық бағдарламалардың іс-шаралары ағымдағы, қолдаушы сипатқа ие, өйткені оларды қаржыландыру деңгейі желілер мен жабдықтардың тозуының жалпы жай-күйіне қандай да бір елеулі әсер ете алмайды.
Жылу энергетикасы саласының маңызды проблемаларының бірі – өндірістік персоналға еңбекақы төлеудің төмен деңгейі және білікті кадрлардың кетуі (мысалы, ЖЭО жабдықтары мен жылу желілерін пайдалануға және жөндеуге тікелей жауапты негізгі цехтар бойынша Шахтинск ЖЭО персоналмен жасақталмауы 57% құрайды).
Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде мердігерлердің шарттық міндеттемелерді сапасыз жобалауы және тиісінше орындамауы – жылу энергетикалық кешенді дамытудағы тежеуші факторлар. Объектілерді салу кезінде дұрыс емес жобалық шешімдер мен инженерлік кемшіліктердің орын алуына байланысты осы уақытқа дейін Астана қаласында ЖЭО-3, Арқалық қаласында ЖЭО және Ақсу қаласында қазандық салу жобалары аяқталған жоқ, бұл инженер-жобалаушылар мен мердігерлердің біліктілігінің жеткіліксіздігін көрсетеді.
Мәселен, Астана қаласында ЖЭО-3 құрылысы 2011 жылдан бастап іске асырылуда, орындалған жұмыстардың қабылданған актілеріне сәйкес 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыстар 64%-ға орындалды, жобаның 35,2 млрд. теңгеге немесе 40,6%-ға қымбаттауы орын алды, одан әрі 53,4 млрд. теңгеге қымбаттауы күтілуде. Арқалық қаласында ЖЭО құрылысы бойынша іске асырылған және құжатпен пайдалануға берілген жоба объектілерді жобалау және салу кезіндегі инженерлік кемшіліктерге байланысты жұмыс істемейді, бұл 7,4 млрд. теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға және 0,3 млрд. теңге сомасында қосымша шығыстарға әкелді, сондай-ақ жобаның сапасыз пысықталуы нақты қажеттіліктерден 57%-ға асып түскен артық қуаттардың салынуына әкеп соқты.
Жеке меншік табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуды өткізу процесінде бір көзден сатып алу тәсілінің жоғары үлесі (орта есеппен 70%), аффилирленген компаниялардан тауарлар мен қызметтерді сатып алу (27% дейін) және сатып алуға қатысуға мүдделілігінің болмауына байланысты әлеуетті өнім берушілер арасындағы бәсекелестіктің төмендігі орын алған.
Барлық анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтар бойынша Үкіметке жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту, заңнаманы жетілдіру, монополистердің қызметтеріне тарифтерді мемлекеттік реттеу бөлігінде тиісті ұсынымдар берілді.
Уәкілетті мемлекеттік органдарға, аудит объектілеріне анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою, заңнаманы бұзуға жол берген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының баспасөз қызметі