
Мемлекет басшысының 2020 жылғы 31 наурыздағы мәлімдемесінде айтылған дағдарысқа қарсы шаралар топтамасын іске асыруға бөлінетін бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды Есеп комитетіне өңірлік тексеру комиссияларымен және қоғамдық кеңестермен бірлесіп орындау жүктелді.
Ел Президенті дағдарысқа қарсы шаралар топтамасын жариялады. Олар азаматтарды, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған. Мемлекет басшысының 23 наурызда айтылған бастамалары бүгінде де бірнеше миллион азаматтарымызды қамтиды.
- АӘК-ті қоса алғанда, зейнетақылар мен мемлекеттік жәрдемақылар 10%-ке индексацияланады. Оған 200 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді.
- 1 АЕК (42 500 тг) көлеміндегі қосымша әлеуметтік төлемдерді бұрын ресми жұмысы болған адамдар ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де алатын болады. Ол үшін олар өздерінің мәртебесін нақтылай түсуі керек. Осылайша, 3 миллионға жуық азаматымыз мемлекет тарапынан қаржылай көмек ала алады.
- 1 шілдеге дейін медициналық мекемелер Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуына қарамастан, барлық азаматтарға толық көлемде қызмет көрсететін болады.
- 1-ші, 2-ші, 3-ші топтағы мүгедектер, мүгедек балалар және жұмыссыз ретінде ресми тіркелген азаматтар тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті қосымша тегін алатын болады. Бұрын Мемлекет басшысы көп балалы отбасыларды да осындай қолдаумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бұл шара барлығы 800 мыңнан астам адамды қамтиды.
- Елорда, Алматы және Шымкент төңірегіндегі карантин салдарынан жұмысқа қабілетті тұрғындардың, ең алдымен жастардың көп екендігі байқалады. Оларға жақын жерлерде және басқа өңірлерде жұмыс орындары ұсынылатын болады. Қосымша ретінде осы бағдарламаға қатысушыларға 85 мың теңге мөлшерінде «көтерме ақы» бөлінеді.
- экономика секторында ең көп зардап шеккен кәсіпкерлер үшін 6 айға еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықты аударудан және төлеуден және басқа да төлемдерден босатылады. Банктермен және басқа қаржы ұйымдарымен ШОБ несиелері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және қайта құрылымдау мәселелері бойынша жұмыс жүргізілуде.
- Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін фермерлерге 5%-тен аспайтын қарыз, ставка түрінде 70 млрд. теңге бөлінеді. Бұдан басқа, осы мақсаттарға «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 млрд. теңге бөлінеді. Ең алдымен, бұл шаралар шағын және орта шаруа қожалықтарына бағытталады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жанармай бағасы 15%-ке төмендеп, 390 мың тонна жанармай 165 теңге жеңілдетілген бағамен сатылады.
Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы шаралардың ауқымын ескере отырып, Есеп комитетіне, өңірлік тексеру комиссияларына және қоғамдық кеңестерге азаматтар мен бизнеске қолдау көрсету кезінде қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын, ашықтық қағидаттарының сақталуын мониторингілеуді және бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.