Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

20 желтоқсанда онлайн-режимде Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Қаржы университеті мен Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Қол қою рәсімі Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы Наталья Годунованың қатысуымен өтті, ол мемлекеттік аудиторларды даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы қазақстандық тараптың бастамаларын қолдағаны үшін Қаржы университетіне алғысын білдірді.

Жоғары аудиторлық палата басшысы Қаржы университетімен меморандумға қол қою Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығының ғылыми-зерттеу және білім беру қызметіндегі жаңа кезең екенін атап өтті. «Қазақстанның жоғары аудит органының рөлі мен маңыздылығын күшейтуді ескере отырып, біздің алдымызда қазіргі заманғы әлемдік талаптарға жауап беретін елдің мемлекеттік аудитінің бүкіл жүйесіне арналған кадрлар даярлау жөніндегі аса маңызды міндет тұр. Осыған байланысты Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Қаржы университетімен тығыз және тиімді ынтымақтастықта республиканың Жоғары аудиторлық палатасы үшін кадрларды даярлау мен біліктілігін арттыруға қызығушылықтың жоғары деңгейі байқалады», – деп атап өтті Наталья Годунова.

Өз кезегінде Қаржы университетінің ректоры Станислав Прокофьев Қаржы университетінің жұмысындағы маңызды оқиғаларға назар аударды. Атап айтқанда, ол Ресей Федерациясының Есеп палатасы мен Қаржы университеті арасындағы өзара іс-қимыл туралы келісім жасасу және Жол картасына қол қою, сондай-ақ университет жанындағы Есеп палатасының базалық кафедрасын құру туралы айтып берді.

Меморандум шеңберінде бірлескен ғылыми және талдамалық зерттеулер, қайта даярлау және біліктілікті арттыру, диссертациялар мен монографияларды қорғау, оқытудың инновациялық әдістері мен технологияларын дамытуда тәжірибе алмасу, мақалалар жариялау саласындағы ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ ғылыми-әдістемелік семинарларға, тағылымдамаларға, ғылыми-практикалық конференцияларға және басқа да іс-шараларға бірлесіп қатысу бастамасы қолдау тапты.

Қазақстанның мемлекеттік аудиторлары үшін жалпыға бірдей танылған әлемдік стандарттарға, халықаралық өлшемшарттарға сәйкес келетін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласындағы Қаржы университетінің кәсіби бағдарламалары едәуір дәрежеде сұранысқа ие болады. Атап айтқанда, қазақстандық тарап Қаржы университеті Қаржы факультетінің «Қаржылық бақылау және қазынашылық іс» кафедрасы жанында бірлескен халықаралық мемлекеттік аудит зертханасының ашылуынан үлкен үміт күтуде. Оның негізінде ұлттық ресурстарды пайдалану тиімділігі саласындағы бірлескен зерттеулер жүргізу мүмкіндігі туып отыр.

Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығының директоры Нұрлан Ыбырайым атап өткендей, халықаралық мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау зертханасының ашылуы заманауи білім беру бағдарламаларын әзірлеу арқылы жоғары аудит органдары үшін кадрлар даярлау жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, бұл Меморандумға қол қойған елдердің ғылыми әлеуетін пайдалана отырып, мемлекеттік аудит саласында ақпараттық хаб құруға, бірлескен ғылыми және талдамалық зерттеулер ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Іс-шара соңында тараптар жемісті және тығыз ынтымақтастықты дамытуға сенім білдірді.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі