Наталья Годунова Жоғары аудиторлық палата ұжымының алдына жаңа міндеттер жүктеді

Наталья Годунова Жоғары аудиторлық палата ұжымының алдына жаңа міндеттер жүктеді

Мемлекет басшысы өзінің 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетін Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) етіп қайта құру және Парламент Мәжілісіне Жоғары аудиторлық палата төрағасының есептерін жылына екі рет тындау құқығын бере отырып, республикалық бюджеттің атқарылу сапасына парламенттік бақылауды күшейту қажеттігін айтты.

Осы міндеттерді іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» және «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» екі Конституциялық заңға,      сондай-ақ 11 заңға және 2 Кодекске («Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы», «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы», «Құқықтық актілер туралы», «Аудиторлық қызмет туралы», «Ақпаратқа қол жеткізу туралы», Бюджет кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс және басқалар) өзгерістер енгізілді.

2022 жылғы 26 қарашадағы ұлықтау рәсімінде Президент «Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойылғанын жария етті. 2022 жылғы 28 қарашада Астана қаласы бойынша Әділет департаменті заңды тұлғаны Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінен Жоғары аудиторлық палатаға мемлекеттік қайта тіркеуді жүзеге асырды.

Бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы Наталья Годунова ұжымды елеулі оқиғамен құттықтап, Қазақстанның жоғары аудит органына жүктелген міндеттерді сапалы орындау қажеттігін атап өтті.

Іс-шарада Наталья Годунова Жоғары аудиторлық палатаның жаңа мүшесі Тілеген Қаскинді ұжымға таныстырып, оған жұмысына табыс тіледі,      сондай-ақ Жоғары аудиторлық палатаның қайтадан тағайындалған мүшесі Ардақ Теңгебаевты да құттықтады.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі