Есеп комитеті Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Есеп комитеті Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

2022 жылғы 17-19 қазанда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Ардақ Теңгебаев пен Есеп комитеті жанындағы Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығының директоры Нұрлан Ыбырайым Ресей Федерациясының Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясына (РАНХиГС) және Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Қаржы университетіне жұмыс сапарымен барды.

Аталған жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесу барысында орталық пен РАНХиГС арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сонымен бірге біліктілікті арттыру бағдарламаларын іске асыру, оның ішінде МАҚБ мамандары мен мемлекеттік сектордың қаржы-экономикалық қызметтеріне арналған білім беруде қашықтықтан оқыту технологияларының тәжірибесін қолдану мәселелері талқыланды.

«Есеп комитетін Жоғары аудиторлық палатаға қайта құру жағдайында мемлекеттік аудит жүйесі мен мемлекеттік сектордың қаржы-экономикалық блогының мамандары жаңа білім мен технологияларды игеруі үшін қызметкерлердің біліктілігін арттыру бағдарламасын іске қосу өте маңызды», - деп атап өтті Ардақ Теңгебаев.

Бұдан басқа, ғылыми зерттеулер мен сараптама жүргізу саласында, ұлттық ресурстарды басқару тиімділігін арттыру саласында, ESG-күн тәртібін іске асыру саласында, Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу аудиті, ұлттық жобалар мен бағдарламалар аудиті, СМАРТ-бақылау (аудит) саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері қаралды. 

Есеп комитетінің баспасөз қызметі