Нұр-Сұлтан қаласында ЭКОСАИ экономикалық ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдер-жоғары аудит органдарының кездесуі өтті

Нұр-Сұлтан қаласында ЭКОСАИ экономикалық ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдер-жоғары аудит органдарының кездесуі өтті

2022 жылғы 25-26 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті ЭКОСАИ-дің 9-шы Ассамблеясын, ЭКОСАИ-дің Басқарма кеңесінің 26-отырысын және ЭКОСАИ-дің Оқу комитетінің 21-отырысын өткізді.

Іс-шараға Әзербайжан, Беларусь, Катар, Қырғызстан, Иран, Пәкістан, Палестина, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан және т.б. елдердің жоғары аудит органдарының (ЖАО) басшылары мен өкілдері қатысты.

Отырыстың бірінші күні Пәкістан ЖАО-ның Бас хатшысы Мұхаммед Аджмал Гондал мырза ЭКОСАИ-дің 2020-2021 жылдардағы қызметі туралы хабардар етті.

Оқу комитетінің 21-отырысында қатысушыларға 2019-2022 жылдардағы қызмет қорытындылары туралы есеп пен ақпарат және ЭКОСАИ Циркуляры туралы ақпарат ұсынылды.

Есеп комитетінің ЭКОСАИ-да президенттігі жылдарында (2019 – 2022 жж.) онлайн-семинарлар мен воркшоптарды ұйымдастыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілді, онда ЖАО – мүшелер мен байқаушылар Орнықты даму мақсаттарының, мемлекеттік борыштың, ақпараттық жүйелердің тиімділігінің аудиті және т. б. саладағы тәжірибемен бөлісе алды. Сондай-ақ, отырыста ЭКОСАИ-дің ЖАО-мүшелері арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюдың мүмкіндігі туралы мәселе талқыланды.

Іс-шараның екінші күні ЭКОСАИ-дің 9-шы Ассамблеясына арналды, оның модераторы ЖАО басшысы – ЭКОСАИ президенті Наталья Годунова болды. Ол  іс-шараны аша отырып: – «ЭКОСАИ жоғары аудит органдарының идеяларын, ресурстары мен күшін шоғырландыру экономиканың тұрақсыздығы мен жаһандық тәуекелдер жағдайында мемлекеттік қаржыны басқарудың тиімділігін қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі болады деп санаймын», – деп атап өтті.

Ассамблеяда ЭКОСАИ-дің орта мерзімді перспективаға арналған одан әрі саясаты айқындалды. ЭКОСАИ мүшелері мемлекеттік қаржылық бақылауды жетілдіру, мемлекеттік ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру және ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар сондай-ақ мемлекеттік аудит саласында білім мен дағдылармен алмасты.

Ассамблея аясында қатысушы елдердің өкілдері Басқарма кеңесінің жаңа құрамын, Аудиторлық комитет мүшелерін және ЭКОСАИ-дің жаңа Президентін сайлады. Оған Иран Ислам Республикасының Жоғары сотының президенті Мехрдад Базрпаш мырза сайланды

Іс-шара шеңберінде Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова Әзірбайжан, Беларусь, Иран, Пәкістан және Түркия ЖАО басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесу барысында тараптар мемлекеттік аудит саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері және жоғары аудит органдарының рөлін күшейту туралы пікір алмасты, сондай-ақ АТ аудит, мемлекеттік активтер мен шығыстардың тиімділік аудиті саласында біліктілікті арттыру жөніндегі іс-шараларды жандандыру туралы уағдаласты.

Іс-шара соңында Наталья Годунова қорытынды сөзінде қатысушыларға жемісті ынтымақтастық үшін алғысын білдіріп, жаңадан сайланған ЭКОСАИ Президентіне өкілеттігін тапсырды.

 

* ЭКОСАИ – экономикалық ынтымақтастық елдерінің жоғары қаржылық бақылау органдарының ұйымы. Оның құрамына Ауғанстан, Әзірбайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан кіреді.

ЭКОСАИ Ассамблеясы үш жылда бір рет өткізіледі.