
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің отырысында Ақмола облысында бюджет қаражатының және мемлекет активтерінің пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудиттің қорытындысы шығарылды.
Облыс әкімдігі өңір экономикасына инвестициялар тарту, соның ішінде индустриялық аймақтардың құралдары, кәсіпорындарды инновациялық дамыту, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері арқылы тарту бойынша жүйелі жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмаған.
Өңірді дамыту бағдарламасын іске асыру оң статистиканы қалыптастыру үшін, жоспарланған іс-шаралардың түзетілуін және қайта қаралуын қамтамасыз етумен шектелген. Бұл ретте іс-шаралар өңірді дамытуға бюджеттен тыс қаражатты тарту шаралары болмаған кезде бюджеттік қаржыландыру белгісі бойынша Бағдарламаға енгізілген.
Шешілмеген инфрақұрылымдық мәселелер болғанына қарамастан, Ұлттық қор қаражаты есебінен 1,9 млрд. теңге сомасында жолдардың орта, ағымды (соның ішінде, шұңқырларын жөндеу) жөндеу жұмыстары қаржыландырылған, бұл қаражаттың тиімсіз пайдаланылғанын және басым жобаларды таңдауда жүйелі тәсілдің жоқ екендігін көрсетеді.
Бюджет қаражатының шектеулілігі жағдайында айналым қаражатын толтырудың мақсаттары мен міндеттеріне сай келмейтін қаражатты бағыттау фактілері орын алған. Мысалға, «Kokshe» ӘКК ҰК АҚ жарғылық капиталын толтыруға алған 530 млн. теңге сомасындағы қаражатты кредиторлық берешекті өтеуге бағыттаған.
АӨК саласын дамыту проблемалары тиісті түрде талданбайды және субсидия алушылар арасында бөлу біркелкі жүзеге асырылмайды, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қаржылық жай-күйі, мемлекеттік қолдауға қажеттілік және дотациялық шаралардың тиімділігі талданбайды. Өсімдік шаруашылығы саласында қайта өңдеу және жаңа өндірістерді көбейту бойынша мемлекеттік қолдау шаралары іс жүзінде тиісінше ұйымдастырылмаған.
Энергия беруші ұйымдарға бюджет қаражаты есебінен салынған 1 509 км электр желісін беру мәселесі шешілмеген. Нәтижесінде Аршалы және Целиноград аудандарының жекелеген елді мекендерінің тұрғындары электрмен жабдықтау қызметтерін заңды тұлғаларға қолданылатын тарифпен төлеуге мәжбүр.
Бюджеттік инвестициялық жобалар құрылыс қызметі туралы заңнаманы өрескел бұзумен іске асырылған. Мәселен, Ақмола облысының құрылыс басқармасы мен Шортанды және Целиноград аудандарының құрылыс бөлімдері сомасы 34,4 млн. теңгеге орындалмаған жұмыстар бола тұра, 5 объектіні пайдалануға қабылдаған.
3,5 млрд. теңге сомасында қаражат жұмсалғанымен, халық саны 13 мың адамнан асатын Целиноград ауданының Талапкер және Қажымұқан ауылдық округтерін орталықтандырылған сумен жабдықтау мәселесі 2 жылдан астам уақыт шешімін таппаған.
Өңірде медицина кадрларының тапшылығы, соның ішінде денсаулық сақтау саласындағы жас мамандарды бекіту мәселелерін шешу жұмысы нашар жолға қойылған. 240 мемлекеттік денсаулық сақтау объектісі (42,7%) жалға алынған үй-жайларда орналасқан, 123 мемлекеттік денсаулық сақтау объектісінің ғимараттары 100% тозған.
Халық саны 66,8 мың адамды құрайтын және өсу үрдісіне ие Целиноград ауданында аурухана жоқ және тиісінше халыққа уақтылы стационарлық көмек көрсету мүмкіндігі де жоқ.
Ақмола облысының әкімдігі Целиноград ауданының Төңкеріс ауылында 180 оқушы орнына (өсу серпінін есепке алмағанда) қажеттілік болған кезде, жаңа мектеп салу мәселесін шешудің орнына 2021 жылғы желтоқсанда «KAZPACO» ЖШС-дан сомасы 1,5 млрд. теңгеге 110 орынға арналған модульдік мектеп сатып алған.
Аудиторлық іс-шараның нәтижесі бойынша қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 2,8 млрд. теңгені құрады, 298 бірлік рәсімдік бұзушылық анықталды, тиімсіз жоспарлау – 10,5 млрд. теңгені, тиімсіз пайдалану – 2,6 млрд. теңгені, жіберіп алған пайда - 61,9 млн. теңгені құрады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға 42 бұзушылық фактісі бойынша материалдар жолданды. Жекелеген бұзушылық фактілері бойынша материалдар құқыққорғау органдарына жолданды
Аудит қорытындысы бойынша Есеп комитеті Үкіметке заңнаманы жетілдіру бойынша тиісті ұсынымдар берді. Ақмола облысының әкіміне анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою және қолданыстағы заңнаманы бұзуға жол берген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі