Есеп комитеті Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарына бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізуді аяқтады

Есеп комитеті Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарына бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізуді аяқтады

Есеп комитеті кезекті отырысын өткізді, онда 2019 жылғы 1 қаңтар - 2021 жылғы 31 желтоқсан аралығында «Медицина кадрларын даярлауға, денсаулық сақтау саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулерге бөлінген бюджет қаражатының және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне ведомстволық бағынысты медициналық білім беру ұйымдары  активтерінің, сондай-ақ  «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК активтерінің пайдаланылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізу» аудитінің қорытындысы қаралды.

Есеп комитетінің отырысына денсаулық сақтау, білім және ғылым, ұлттық экономика министрліктерінің, С.Д. Асфендияров атындағы, Астана, Қарағанды және Семей медициналық университеттерінің, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының (ДЗМСҰО) өкілдері қатысты.

Халықтың өмір сүру ұзақтығының, демографиялық көрсеткіштердің өсуіне және жалпы медицинаның дамуына қарамастан, денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарының басқарылу жүйесінде бірқатар проблемалар мен кемшіліктер бар.

Денсаулық сақтау министрлігінің бағдарламалық құжаттарында денсаулық сақтау жүйесін кадрлармен қамтамасыз ету мәселелеріне тиісінше көңіл бөлінбейді, бюджеттік қаржыландыру нәтижелер көрсеткіштерімен тиісті түрде байланысырылмаған.

Денсаулық сақтау министрлігі өзіне заңнамамен жүктелген денсаулық сақтау қызметкерлерін дербес есепке алу мен үздіксіз кәсіби дамытуға бағытталған Кадр ресурстарын есепке алудың ұлттық жүйесін құру функциясын атқармаған.

Соңғы 5 жылда медицина кадрларының жалпы тапшылығы екі есе өсіп, 23,1 мың бірлікке жетті. Бұл ретте медицина мамандарының лауазымдарды қоса атқаруы есебінен тапшылықты жабу жүзеге асырылады, оның коэффициенті бір лауазымға 1,4-тен 2 бірлікке дейін өзгеріп тұрады, бұл денсаулық сақтау қызметкерлерінің жүктемесінің өсуіне әкеледі және көрсетілетін медициналық көмектің сапасына теріс әсер етеді.

2020-2021 жылдар кезеңінде медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау ұйымдарының үстінен түскен шағымдар екі еседен астам өсті.

Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген кәсіби стандарттардың болмауы мамандардың білім деңгейі мен кәсіби даярлығы тиісінше бағаланбай, клиникалық қызметпен айналысуға құқық беретін рұқсат құжаттарын алу мүмкіндігіне ие болуына әкеп соқтырады.

Жоғары оқу орындары интернатура мен резидентураға баса назар аудара отырып, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейтуді, мамандарды даярлауға кәсіби аралық және мультидисциплинарлық тәсілдемелердің технологияларын енгізуді, ерте клиникалық профильдеуді тиісті деңгейде жүргізбейді.

Заңнама талаптарына қарамастан, мемлекеттік тапсырысты орналастыруға республикалық бюджет қаражаты аккредиттелген клиникалық базалары жоқ білім беру ұйымдарына жіберіледі.

Корпоративтік басқарудың нормативтік базасын тиісінше дамытпай, оқу орындарын акционерлік қоғамдар форматынан коммерциялық емес акционерлік қоғамдар (КЕАҚ) форматына ауыстыру қажетті нәтиже бермеді.

ДЗМСҰО пысықталмаған және жұмыс істемейтін бағдарламалық қамтылымды сатып алуға сомасы 726,3 млн. теңге қаражат жұмсаған, ол өндірістік қызметте пайдаланылмайды және есептен шығаруға көзделген.

ДЗМСҰО-ның дәрілік заттардың – аналогтарының (генериктер) шекті бағаларының мөлшерін нағыз дәрілік заттардың бағасынан асырып бекітуі фактілері орын алған.

Есеп комитеті мемлекеттік аудиттің нәтижелері бойынша барлығы 5 825,6 млн теңге сомасында қаржылық бұзушылықтарды (оның ішінде бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау кезіндегі бұзушылықтар – 5 058,0 млн. теңге), 7 541,8 млн теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау мен тиімсіз пайдалануды, 61,2 млн теңгеге ықтимал шығындар мен жіберіп алған пайданы, сондай-ақ 151 рәсімдік бұзушылықты анықтады.

Барлық анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтар бойынша Есеп комитеті Үкіметке тиісті ұсынымдар, уәкілетті мемлекеттік органдарға, сондай-ақ аудит объектілеріне тапсырмалар берді.

Есеп комитетінің баспасөз қызметі