
Баршаңызды еліміздің Негізгі заңына енгізілетін түзетулерге қатысты республикалық референдумның сәтті өтуімен құттықтауға рұқсат етіңіздер және оларды іске асыруда жемісті жұмыс тілейміз.
Біз бұған дейін алдын ала қандай үлкен жұмыс жасалғанын білеміз.
Сонымен қатар, Парламентте Үкімет пен жоғары аудит органының 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері талқыланды.
Бұл қорытынды Үкіметтің пандемиядан кейін пайда болған мүмкіндіктерді пайдалануын бағалау тұрғысынан жасалынды.
Бұл ретте, мемлекеттік ресурстардың пайдаланылуын бағалаудағы басты өлшемшарт – адамға бағдарлануы болды.
Әрине, Үкімет үлкен жұмыс атқарып жатыр. Көп нәрсеге қол жеткізілді. Бірақ дәстүр бойынша бүгін біз бұзушылықтар мен жүйелі проблемалар туралы айтып отырмыз, оларды жою мемлекеттік ресурстарды жұмсау тиімділігін арттырып, бюджетті толықтырудың жасырын, кейде жасырын емес резервтерін пайдалануға мүмкіндік береді.
Айтпақшы, бұзушылықтар 27%-ға азайған, 2021 жылы - 413 млрд теңге, 2020 жылы – 570 млрд теңге.
Ал енді рет-ретімен.
БІРІНШІ. Бюджет қалай қалыптасады?
Бірден проблемаларға көшейін.
Бюджет бір жыл ішінде түсініксіз себептермен ағымдағы шығыстарға қаражат жетпейтіндей етіп жоспарланатын болды. Әсіресе даму бюджеті 8% немесе 1,2 трлн теңге екенін ескерсек, бұл ешқандай қисынға сай келмейді. Біз табысымыз коммуналдық қызметтерді төлеуге жетпесе, пәтерімізге күрделі жөндеу жұмыстарын жасауды жоспарламаймыз ғой!
Мемлекет басшысының бастамаларын қоспағанда, бұл дегеніңіз жай ғана бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджетті сапасыз жоспарлауы және онымен ҚР Қаржы министрлігінің келісуі. Содан кейін мемлекет Ұлттық қордан осындай ағымдағы шығыстарға ресурстар бөлуге мәжбүр.
Бюджетті толық пысықтамай, шығыстарға басымдық бермей бекітеміз. Содан кейін жыл ішінде бестен бір бөлігін түзетіп, қайта бөлеміз.
Жобалар санын арттыру үшін жолдардың жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге 50 млн-нан бюджет қаражатын таратамыз. Ал олар келесі жылы қаржыландырумен қамтамасыз етіле ме деп ойланбаймыз.
Кірістердің үштен бірінен астамы (36%) Ұлттық қордан берілетін трансферттер есебінен қалыптасқан (4,5 трлн теңге). Бұл соңғы 3 жыл ішіндегі жоғары көрсеткіш (2020 жылы – 4,8 трлн теңге). Ал осыдан мемлекет қазынасын салықтық әкімшілендірудің тиімділігі есебінен толықтыру резерві айқын көрінеді.
Өкінішке қарай, биыл да Мемлекеттік аудит Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеген салық және кедендік әкімшілендіру есебінен түскен қосымша түсімдерді растамады. Біз мәлімделгеннен 1,8 есе азды (684 млрд теңгенің 378-і) растай алдық.
Республикалық бюджет кірістері бойынша болжам қалай белгіленетіні жөнінде бір-екі ауыз сөз. Бюджет түсімдерін болжау әдістемесінде негізгі екі салық – корпоративтік табыс салығы және қосылған құн салығы бойынша кемшіліктер анықталды. Соның салдарынан тек корпоративтік табыс салығы бойынша өткен жылы төмендету 239 млрд теңгені құрады.
Мұның бәрі Қаржы министрлігін аванстық төлемдерді көбейте отырып, немесе бересіні жасанды түрде жасай отырып, келесі жылдың «қалтасына қол салуға» мәжбүр етеді.
Тіпті дағдарыс жылдары да өз міндеттемелерін дұрыс орындаған 15 ірі компания бойынша ғана 2021 жылдың соңында бюджетке шамамен 167 млрд теңге толық түспеді. Алайда, осы жылдың қаңтар айының алғашқы күндерінде бұл берешек өтелді. Шынымен бересі болды ма? Күмәніміз бар!
Жер қойнауын пайдаланушылардан түсетін сомасы 125 млрд теңге түсімдерді тау-кен металлургия секторы кәсіпорындарының бұрын қабылданған міндеттемелеріне сәйкес Ұлттық экономика министрлігі түсімдер жоспарына мүлдем енгізбеген. Ал Қаржы министрлігі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру нәтижесі ретінде көрсеткен.
Бірнеше әкімшілендіру шаралары аясында бірдей соманың екі рет есепке алынған жағдайларымен де келіспеуге болмайды. Бұл дегеніңіз 6,2 млрд теңге.
Банкроттық және оңалту рәсімдері аясында борыштарды өндіріп алу жұмыстары нашар жүргізілуде.
Кредиторлық берешек сомасының 1%-дан азы өтелді. Ал барлығы 2 трлн теңге. Шамасы, негізгі бөлігі есептен шығарылады.
ЕКІНШІ. Ұлттқы қордың қаражатын жұмсау бекітілген Тұжырымдамаға да, экономика дамуының циклдік сипатына да сәйкес келмейді, ақылға қонбайды.
Басында мен пандемиядан кейінгі кезеңдегі мүмкіндіктер туралы айттым. Бұл қандай мүмкіндіктер? Өткен жылы мұнайдың орташа жылдық бағасы бір баррель үшін 60 доллар болжам жасалғанмен, 70 долларды құрады.
Биыл баға 120 доллардан да жоғары (болжам – 90). Бұл жинақтау уақыты сияқты. Экономика циклдік түрде дамитыны бәрімізге белгілі. Бір көтеріледі, бір төмендейді. Сондықтан 2021 жылғы есепті зерделей отырып, біз 2023-2025 жылдарды қарауға тырыстық.
Егер біз қазір Ұлттық қорға түсетін қаражаттан артық қаражат жұмсауды жалғастыра берсек, онда біз нені сақтандырамыз? Бәсекеге қабілетті экспорттық және импортты алмастыратын өндірісіміз шамалы, экономиканы әртараптандыру әлсіз және резервіміз шағын.
Мемлекет басшысы Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану қажеттігіне бірнеше рет назар аударды. «Республикалық бюджет Ұлттық қор қаражатын пайдалануға арқа сүйемеуі тиіс. Трансферттерді біртіндеп қысқарту керек» (Мемлекет басшысының 2022 жылғы 13 мамырдағы Ұлттық Банктің есебін қарау жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінен).
Сонымен? Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың 64%-ын біз ағымдағы іс-шараларға бағыттаймыз! Зейнетақы, жәрдемақы төлеуге, тіпті сотталғандарды күтіп-ұстауға жұмсаймыз. Зерттеу жүргіземіз. Біз Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттер есебінен 20 жобаға аудит жүргіздік.
Бұл ретте Ұлттық қор қаражаты есебінен микрокредит беруді республикалық бюджеттен алынған ұқсас жобаға қарағанда 13%-ға көбірек жұмсауды жалғастырамыз.
ҮШІНШІ. Ұлттық жобалар бойынша. Ұлттық жобалардың көпшілігі мемлекеттік бағдарламаларды алмастырды. Алайда, іс жүзінде көп өзгеріс орын алған жоқ.
Жобалық басқарудың негізгі қағидаты сақталмайды - ұлттық жобаны барынша қысқа мерзімде әзірлеу, процестің нәтижесі басым болады.
Нақты қажеттіліктің бар болғаны 57%-ы қаржыландырылады. Яғни, қажетті көлемде қаржыландыру керек емес, демек нәтижесі үшін сұраудың моральдық тұрғыдан құқығы жоқ! Іс-шаралар соңына дейін пысықталмаған. Орталықтың өңірлермен жұмысында үйлесімділік жоқ.
Орталық мемлекеттік органдар шешім қабылдағаннан бастап, оны адамдардың сезіне алуына дейінгі кезең өте ұзақ. Тіпті оны сезінбеуі де мүмкін. Ал бюджет қаражаты миллиардтап жұмсалып жатыр.
ТӨРТІНШІ. Мемлекеттік қолдау құралдарының көптеген түрі қалып отыр. Олардың тиімділігін ешкім бағаламайды.
Өткір проблемаларды болашақты пайымдамай, шаралардың көмегімен шешеміз. Шын мәнінде небәрі 8 құрал бар.
Бұл ретте есепті жылы мемлекет тек қана жеңілдікпен кредит беруге түрлі институттар арқылы 390 млрд. теңге жұмсады. Сол қаражаттың бір бөлігі тиімсіз жұмсалса, екінші бір бөлігі бюджетке қайтарылады және тек белгілі бір үлесі ғана нақты өндіріс құруға мүмкіндік береді.
Жеңілдікпен кредит бергенше, ЕДБ мөлшерлемесін, соның ішінде ұзақ мерзімді кредит беру бойынша мөлшерлемесін субсидиялаған жақсырақ емес пе? Бұл мемлекеттік қолдаумен қамтуды 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Ұсынылып отырған тәсіл, біздің ойымызша, отандық тауарлар өндірісінің өсуі және экономиканың шикізаттық емес секторын дамыту үшін тиімді жағдайлар жасайды.
БЕСІНШІ. Халықтың табысы.
Экономиканың жандануы әзірге тек шағын және орта бизнестің «ес жиюына» ғана оң әсер етіп жатыр. Бұл ретте халықтың көпшілігінің шынайы өмір сүру деңгейі әзірге төмендеуде. Ең алдымен инфляцияның әсерінен.
Халықтың ақшалай табысының құрылымында еңбек қызметінен түсетін кірістің үлесі төмендеп, әлеуметтік трансферттерге тәуелділік артуда.
Мемлекеттің көмегіне мұқтаж халық көбейіп жатыр. Қазірдің өзінде тұтынушылық шығыстар құрылымында тамақ өнімдері жартысынан көбін құрайды.
Бұл ретте халық кредитке «батып отыр». Жеке тұлғаларға берілген ипотекалар 38%-ға, тұтынушылық мақсаттарға – 40%-ға өскен. Ал бұл – экономикаға берілген кредиттердің жалпы көлемінің үштен бір бөлігі.
Халық табысының 18%-дан астамы кредиттерді өтеуге пайдаланылады.
АЛТЫНШЫ. Квазимемлекеттік сектордың трансформациясы туралы.
Мемлекеттің экономикаға қатысуы баяу қарқынмен болса да, қысқарып жатыр. Өкінішке қарай, сапалы – тек мемлекеттік кәсіпорындар есебінен.
Осындай объектілердің жекешелендірілуіне қатысты мәселелер бар. 40%-ға жуығы нарықтық құнынан төмен сатылған.
Мемлекеттік меншіктен 66 объекті – 3 есе төмен (22,2 млрд теңгеге қарсы 7,2 млрд теңге).
Квазимемлекеттік сектор объектілерінен 18 объекті – 11 есе төмен (9,4 млрд теңгеге қарсы 864 млн теңге).
Себебі неде? Активтердің құнсыздануына әкеп соқтырған тиімсіз басқару ма немесе қасақана төмендету ме? Мұның анығына жету керек.
Квазимемлекеттік сектордың шығындары өсіп жатыр. Тек қана ірі холдингтердің борышы ЖІӨ-ге шаққанда 21%-дан асты.
Дивидендтер болмашы ғана. Таза кірістің 16%-ы, ал Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 70% еді. Бағалайтын болсақ, Самұрық-Қазына қорының жүйе құраушы компаниялары бойынша ғана шамамен 0,5 трлн теңге толық алынбаған.
Квазимемлекеттік сектордың қызметі бүкіл экономикаға тікелей әсер ететіндіктен, оны жедел қарқынмен түбегейлі трансформациялау қажет.
Бұл біздің ойымызша, көзге көрініп тұрған проблемалар ғана.
Сөз соңында Есеп комитетінің қорытындысына баса назар аударғаны үшін депутаттарға алғыс білдіріп, бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігін арттыру – бұл Мемлекет басшысы қойып отырған әлеуметтік-экономикалық дамудың басым міндеттерін шешу үшін қосымша резерв екендігін атап өткім келеді.
Осы бағытта Үкіметпен де, өңірлермен де бірлескен жұмысымыз жалғасатын болады.
Рефендум қорытындысы бойынша Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылады. Бұл жай ғана атау өзгерту емес!
Жоғары аудит органының функционалын күшейту жоспарланып отыр. Құжаттар топтамасы дайын.
Қазіргі уақытта біз негізгі тәсілдерді Президент Әкімшілігімен келісу үстіндеміз және келесі Парламент сессиясында сіздерге ұсынамыз.