
Отырысты ашқан Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова: «Мемлекет басшысы экономика мен мемлекеттік басқаруды түбегейлі қайта жүктеу шараларын ұсынды. Бұл ретте басты бағдар ретінде адамға бағдарлану қағидаты айқындалған. Бұл жерде бюджет тиімділігін қалыптастыру маңызды рөл атқарады, оған қол жеткізу үшін сіз бен біз жауаптымыз».
Ведомство басшысы 2021 жылы Есеп комитеті 155 объектіде 32 триллион теңгеге жуық қаржыны қамтыған 21 аудит жүргізілгенін хабарлады. 400 млрд теңгеге жуық қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның негізгі үлесі бухгалтерлік есеп бұзушылықтарына тиесілі. Қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану 1 триллион теңгеден астам соманы құрады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерін тексеру бойынша аудиттер циклі аяқталды, олар бойынша 17 аудиторлық іс-шара өткізілді. Қаржылық бұзушылықтар – 86 млрд теңге және 2 трлн теңгеден астам активтерді тиімсіз басқару анықталды.
Короновируспен күресуге бағытталған қаражатты пайдалану тиімділігіне бірқатар маңызды аудит жүргізілді. 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына дайындыққа бөлінген қаржының жұмсалу тиімділігі тексерілді. Арнайы экономикалық аймақтардың қызметіне баға берілді.
Есепті кезеңде мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша үкіметке 81 ұсыным жолданды, мемлекеттік органдарға 511 тапсырма берілді, оларды белгіленген мерзімде орындау тиісінше 100% және 91% құрады.
«Айта кетейік, аудит нәтижелері бойынша да, қалыптасқан қорытындылар шеңберінде де біздің ұсыныстарымыз елдегі қаржылық тәртіпті жақсартуға ғана бағытталмаған. Біз орнықты және тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құру, экономиканың салаларында және аяларында заңнамалық актілерді жетілдіру, елдің ұлттық ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру бойынша шараларды іске асыруды ұсынамыз», – деді Наталья Годунова өз сөзінде.
Өткен жылы Есеп комитеті жүргізілген аудит қорытындылары бойынша 199 лауазымды адамды тәртіптік жауапкершілікке тартты, оның 34-і жоғарғы басшылық құрамнан. 75 адам (жеке және заңды тұлғалар) әкімшілік жазаға тартылды. Құқық қорғау органдарына 56 аудит материалдары жолданды.
Өткен жылы да Есеп комитеті 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына алдын ала бағалау жүргізді. Сондай-ақ тексеру комиссияларына алдын ала бағалау тәжірибесін тарату ұсынылды.
Сыртқы мемлекеттік аудит жүргізудің әдіснамалық базасын жетілдіру бойынша жұмыс жалғасуда. 2021 жылы Есеп комитетінің 5 нормативтік қаулысы қабылданды, Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесінің екі отырысы өткізілді.
Бүгінде Есеп комитеті қызметкерлерінің кәсіби деңгейі халықаралық стандарттар деңгейіне жеткізілді. Есеп комитетінің қазіргі құрамының 50% жуық және аудиторлық блоктің 63% мемлекеттік аудитор ретінде халықаралық сертификатқа ие.
Есеп комитеті бизнес-процестерді цифрландыру бойынша жұмысты жетілдіре отырып, ведомстволық Ақпараттық жүйені пайдалануға берді. Мемлекеттік органдардың 13 ақпараттық жүйесімен интеграциялық өзара іс-қимылға қол жеткізілді, бұл мемлекеттік аудитпен бюджет қаражатын қамтуды, оның ішінде заманауи ІТ-шешімдерді қолдану арқылы арттыруға мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды. Оны іске асыру мақсатында ведомство 2021-2023 жылдарға арналған тиісті іс-шаралар жоспарын бекітті.
Сондай-ақ іс-шара барысында Мемлекет басшысының ағымдағы жылдың 8 ақпанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында және Есеп комитетінің 2021-2025 жылдарға арналған даму стратегиясын іске асыру шеңберінде алға қойған міндеттері де қаралды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық қордан бөлінген нысаналы трансферттердің мақсатты және тиімді пайдаланылуына, сондай-ақ бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру тиімділігіне олардың сметалық құнының негізділігіне аудит жүргізу бойынша жұмыс жалғасуда, мұнай өнімдеріне баға белгілеу процесінің негізділігіне аудит жүргізу жоспарлануда.
Ағымдағы жылы Есеп комитеті 30 аудиторлық іс-шараны өткізуді жоспарлап отыр. Соның ішінде үш мемлекеттік бағдарламаның («Нұрлы жол», «Цифрлық Қазақстан» және «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту») аудиті. Ағымдағы жылдың басым бағыттарының бірі – қоршаған орта аудитінің бірыңғай әдіснамалық тәсілдерін әзірлеу бойынша жұмыс.
Жиын соңында Наталья Годунова: «Қазіргі нақты қалыптасқан жағдайларда Мемлекет басшысы алға қойған барлық міндеттерді және біздің жоспарларымызды жедел және сапалы орындау үшін барлық ресурстарымызды жұмылдыру өте маңызды!» деп қорытындылады.
Отырыс қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі