
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті 2021 жылғы маусымда арнайы экономикалық аймақтар (бұдан әрі – АЭА) қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.
Аудит барысында Аумақтарды дамытудың 2016 – 2020 жылдарға арналған бағдарламаларында өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуға АЭА-ның әсерін сипаттайтын сандық және сапалық көрсеткіштер қамтылмағаны анықталды, бұл АЭА қызметі мен дамуынан түскен үлесті айқындауға мүмкіндік бермейді.
Осыған байланысты, Қарағанды облысының әкіміне өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған «Сарыарқа» АЭА-ның даму көрсеткіштерін қамту бөлігінде Қарағанды облысын дамытудың бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарау бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.
Есеп комитетінің тапсырмасын орындау үшін Қарағанды облысының мәслихатының 2021 жылғы 9 желтоқсандағы IХ сессиясының шешімімен «Өндіріс, сауда, және логистика – экономика орнықтылығының үштігі» бағыты бойынша «Сарыарқа» АЭА-ның аумағында жобаларды іске асыру шеңберінде негізгі капиталға инвестицияларды тарту» нысаналы индикаторын көздейтін Қарағанды облысын дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі