
Есеп комитетінің өкілдері бейнеконференция форматында аудит сапасын арттыру бойынша ИНТОСАИ (IDI) даму бастамасының жаһандық саммитіне қатысты. Бутан және Норвегияның жоғары аудит органдары кездесудің ұйымдастырушысы және модераторы болды. Сондай-ақ пікірталасқа 20-дан астам елдің жоғары аудит органдарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында АФРОСАИ ұйымының, Европалық аудит сотының, Фиджи, Филиппин, Судан, Уганда, БАӘ және басқа елдердің жоғары аудит органдарының өкілдері баяндама жасады.
Қатысушылар аудиттің кәсіби стандарттары мен талаптарына сәйкес аудит сапасын басқару жүйесінің қағидаттары; тәуекелге бағдарланған және проактивті тәсілдер; жағдайларға сәйкес өзгеретін мамандырылған жүйелер, құзыретті кадрлық құрамды жинақтау, сондай-ақ жалпы аудит сапасын жетілдіру және арттыру мақсатында жүйені мониторингтеуді талқылады.
Сондай-ақ саммит барысында басшылықтың аудит сапасына жауапкершілікті алуы, этикалық талаптарға сәйкестік, міндеттемелерді сақтау, ішкі деңгейде де (аудиторлармен), сыртта да (аудит объектілерімен) екі жақты өзара іс-қимылмен кәсіби пайымды, скептицизмді ұстау атап өтілді.
Бейнеконференция қатысушыларының пікіріне сәйкес сапаны басқару кезінде тәукелдерді айқындауға көңіл бөлу қажет, түзету шараларын қабылдау мүмкіндігімен әзірленген стратегиялар мен енгізілген рәсімдерді тұрақты мониторингтеудің тиімділігін ескеру керек.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі