
2021 жылғы тамызда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Қызылорда облысына.бөлінген бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдалану тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.
Мемлекеттік аудит барысында құрылыс саласында мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастырушылардың барлығына тән жүйелі проблема анықталды. Бұл мәселе орталық деңгейде шешуді талап етеді, осыған байланысты ҚР Үкіметіне «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға, егер әлеуетті өнім беруші техникалық-экономикалық негіздемені және (немесе) жүргізіліп жатқан мемлекеттік сатып алу құжаттамасының нысаны болып табылатын объектінің құрылысына арналған жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеуде тапсырыс беруші ретінде әрекет еткен жағдайда, жүргізіліп жатқан мемлекеттік сатып алуларға қатысуды шектеу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша мәселені қарау ұсынылды
Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі, қорғаныс және ғылымды қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды, онда «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға, оның ішінде осы ұсынымға қатысты өзгерістер мен толықтырулар көзделді.
Осылайша, Заңның 6-бабы 1-тармағының 2) тармақшасының жаңа редакциясына сәйкес, әлеуетті өнім беруші және (немесе) оның жұмыскері және (немесе) оның үлестес тұлғасы тапсырыс берушіге не мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға өткізілетін мемлекеттік сатып алуды дайындау бойынша сараптамалық, консультациялық және (немесе) өзге де қызметтер көрсетсе, техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеушінің жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу жөніндегі мемлекеттік сатып алуға қатысуын қоспағанда, өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын объектінің құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемені және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеуге бас жобалаушы не қосалқы жобалаушы ретінде қатысса, өткiзiлетiн мемлекеттiк сатып алуға қатысуға құқылы емес.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі, қорғаныс және ғылымды қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі