
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті 2021 жылғы маусымда жер ресурстарын ұтымды басқару, пайдалану және қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ геодезия және картография саласында жер ресурстарын басқару тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.
Аудит барысында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің «Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты» ШЖҚ РМК ( «АШАІМИ» РМК) базалық бағаларға нормативтік негіздемелері жоқ түзету коэффициенттерін қолдану есебінен жерге орналастыру және жер кадастры үшін аэрофотогеодезиялық іздестіру жұмыстарына арналған прейскуранттың бағаларын көтеріп бекіткені анықталды. Бұл көрсетілетін қызметтердің сметалық құнының жоғарлауына алып келген
Осыған байланысты «АШАІМИ» РМК-ге осы РМК директорының 2020 жылғы 19 қазандағы №215-П бұйрығына негізделмеген түзету коэффициенттерін алып тастау жөніндегі тиісті өзгерістер енгізу бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.
Есеп комитетінің тапсырмасын орындау үшін «АШАІМИ» РМК базалық бағаларға түзету коэффициенттерінің 10 түрін алып тастап, жаңа бағалар прейскурантын бекітті.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі