
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті 2018 жылғы желтоқсанда «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасын бағалауға және Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жекелеген бюджеттік бағдарламаларын іске асыруға, сондай-ақ оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының активтерін пайдалануға мемлекеттік аудит жүргізді.
Аудит барысында байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерінің өзіндік құнын есептеуде ескерілетін шығындар тізбесінің жоқтығы анықталды.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерінің өзіндік құнына кіретін шығындардың баптарын айқындау тетігін әзірлеу бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.
Есеп комитетінің тапсырмасын орындау үшін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2021 жылғы 5 қазандағы № 343/НҚ бұйрығымен «Ауылдық елді мекендерде көрсетілетін, субсидияланатын байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтеріне бағалардың шекті деңгейін реттеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 20 қазандағы № 215 бұйрығына байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерінің өзіндік құнын есептеуде ескерілетін шығындар тізбесін көздейтін толықтырулар енгізілді. (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 14 қазанда № 24744 болып тіркелді)
Есеп комитетінің баспасөз қызметі